Мәдениет

Жақсылық үшкемпіров жарысы



Елорда төрінде еркін күрестен өткен Олимпиада ойындарының, әлем және Еуропа чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров­ті еске түсіруге арналған төртінші турнирде 600 жасөспірім балуан белдесті.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Карбозов және басқа да құрметті қонақтар сөз сөйлеп, Жақсылық Үшкемпіров жайлы естеліктер айтып, жасөспірім спортшыларға сәттілік тіледі.

2009-2011 және 2012-2014 жылы туған балалар арасындағы жарыста 19 салмақ бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

– Төрткүл дүниеге есімі танымал Жақсылық Үшкемпіров бәрімізге үлгі-өнеге болды. Астанада төртінші рет өтіп жатқан турнир даңқты спортшыға, еңбекқор азаматқа, халық ­патриотына көрсетілген құрмет деп білемін. Биылғы жарысқа 600 жасөспірім балуан қатысып жатыр, бұл деген – үлкен көрсеткіш. Осындай жарыстар арқылы ертең ел намысын халықаралық жарыстарда қорғайтын балуандар өсіп шығады. Елордаға үміттеніп келген жасөспірім спортшылардың бәріне сәттілік тілеймін, – деді Юрий Мельниченко, Олимпиада ойындарының чемпионы, грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында төселген боз кілемде тартысты да қызықты белдесулер өтіп, чемпиондар мен жүлдегерлер анықталды. Бұл жарыстың жүлдесі әрбір баланың жүрегіне жеңіске деген жігер қосатыны сөзсіз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, даңқты балуанның атындағы жарыс келесі жылдан бастап, еркін күреспен қатар, грек-рим және қыздар күресінен де өтеді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button