Мәселе

Сауаттылық – ­алаяқтарға тосқауыл

Қазіргі кезде қаржы қызметінің қарқынды дамуы, өнімдерді онлайн форматқа ауыстыру және жаңа цифрлық технологияларды енгізу секілді халықтың қаржылық сауаттылығы мәселелері өзектілігін жоймай отыр. Бұл ретте көптеген адам қиындықты бастан кешіруде. Ол кейде дұрыс ойламау мен қаржы саласындағы білімнің жеткіліксіздігіне байланысты туындап жатады. Осыған орай, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қаржы кафедрасының аға оқытушысы Әсем АЖМҰХАМЕДОВА қаржылық сауаттылық деген не және алаяқтардан қалай қорғануға болатыны туралы пікір білдірді.

– Қазіргі уақытта халықтың қаржылық сауаттылық деңгейі қандай деп ойлайсыз?

– Егер Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2020-2022 жылдар кезеңіне жүргізіп жатқан әлеуметтік сауалнамасының дерегіне сүйенсек, онда Қазақстанда қаржылық сауаттылық деңгейінің өсуі байқалады. Сонымен қатар барлық шотты уақытында төлейтін 30 жастан асқан адамдар арасындағы сауаттылық деңгейі – 48,6 пайыз, сатып алуды үнемі қадағалайтындар – 46,2 пайыз және кірістер мен шығындарды мұқият қадағалайтындар – 43,8 пайыз , ал жастар арасында бұл сандар тиісінше 12,6 және 12,2 пайызды құрайды.

– Қаржылық білімді арттыру – уақыт талабы. Бұл ретте сауаттылық арқылы қаржы пирамидасын қалай тануға болады?

– Банктердегі түрлі цифрлық сервистер мен кредиттеу қызметтерінің дамуымен, алаяқтық пен инвестициялық компаниялар түріндегі қаржы пирамидасының өсуімен қазақстандықтар жиі алаяқтардың құрбаны болуда.

Адамдардың қаржы пирамидасына қаражат беруінің басты себебі олардың психологиясына тікелей байланысты. Біріншіден, салымшының көбі – егде адам, яғни КСРО кезінде туғандар. Олар БАҚ пен жарнамаға Құдайдай сенеді. Екіншіден, бұл – сырттағы адамдардың сөзіне иланатындар. Үшіншіден, олар өзін басқаларға қарағанда ақылды және айлакер деп санайды. Шын мәнінде, мұндай адамды алдау әлдеқайда оңай. Олардың көбі жұмыс істемейтін адамдар: зейнеткерлер және бұл ақшаны маңдай терімен таппағандар. Төртіншіден, жастар арасында қаржылық сауаттылықтың болмауы, тез ақша табуға деген құштарлық оларды жарға итермелейді. Үлкен пайызбен көп несие алудан арыла алмай келе жатқан адамдар оны жабу үшін тағы қарыз алады. Демек, артық сатып алудан аулақ болу немесе алаяқтың қолына түспеу үшін мұқият болуды және қаржылық тәртіпті дамыту қажет.

– Адамның жеке басына қатысты және тұтастай елде қаржылық сауаттылық деңгейінің төмен болуы қандай зардаптарға әкеп соғады?

– Қаржылық сауаттылықтың 4 деңгейі бар. Нөлдік деңгей – ақшаның жетіспеушілігі, яғни қаржы туралы білімнің болмауы. Бірінші деңгейде ақша жеткілікті, қаржылық білім базасы бар. Екінші деңгейде ақшаны үнемдеу дағдысы бар, негізгі қаржы құралдарын біледі. Үшінші деңгей – ақшаны көбейту қабілетіне ие, жақсы білімі бар және қаржы құралдарын пайдалана біледі. Әр жолда жаңа деңгейге өту үшін қаржылық ойлау принциптерін зерделеуден бастап капиталды құруға дейін қаржылық сауаттылықты арттырып отыру қажет. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының мақсаты – қаржылық сауаттылықтың үшінші деңгейін қолдану, ол азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға, тұтынушылар үшін ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтуге, сондай-ақ халықтың қаржылық қызметтермен көбірек қамтылуына және қолжетімділігіне мүмкіндік береді.

– Қаржыны қалай дұрыс басқаруға болатыны жөнінде оқырманға қандай қарапайым кеңес берер едіңіз?

– Қаржылай сауатты адам болу үшін және қаражатын дұрыс басқару үшін адам бойындағы жеке білім мен дағдыны, атап айтқанда, «жұмсақ» (soft skills) және «берік» (hard skills) дағдыны өз бетінше дамытуды үйренуі қажет. «Жұмсақ» дағдыларға қаржылық шешімдер қабылдау үшін ақпаратты сыни бағалау, отбасы мүшелерімен және нарық қатысушыларымен қаржылық мәселелерді талқылау, жеке қаржымен жұмыс істеуге мотивация іздеу, сондай-ақ шектеулі ресурстармен шығармашылық ойлау жатады. «Берік» дағдыларға жеке және отбасы бюджетін жүргізу: бухгалтерлік есеп, бақылау, талдау, жоспарлау, қаржылық мақсаттар қою, қолданыстағы әртүрлі қаржы өнімдерін саналы түрде таңдау, сондай-ақ отбасы активтін басқару: жинақтау, инвестиция, несие, отбасы және жеке қаржы жүйесін құру жатады.

– Халықтың қаржылық сауаттылығы мәселелерін шешуге мемлекет тарапынан қолдау бар ма?

– Бұл ретте қаржылық инклюзия туралы айта кеткен жөн. Қаржы реттеушісі Solva микроқаржы ұйымымен бірлесіп, 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандар, яғни «ITeachMe» қоғамдық қорының қатысушылары үшін «Қаржылық сауаттылық» онлайн-курсын әзірледі. Курс­тың мақсаты – мүгедектерді өз ісін бастауға, капитал құруға және қаржылай тәуелсіз болуға ынталандыру.

– Бізге қаржылық сауаттылық пәні қажет пе?

– Қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында елімізде тегін курстар ашыла бастады, әсіресе егде адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тренинг өткізілуде. Мысалы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде үздіксіз білім беру институтының базасында «Күміс университет» моделі аясында егде адамдарға әртүрлі бағыт бойынша, соның ішінде қаржылық сауаттылық туралы білім беру бағдарламасы әзірленді.

– Балаларға қаржылық сауаттылық туралы айтып отыру керек пе?

– Айтып қана қоймай, оларды оқыту керек. Бала ақша мен шығынға қаншалықты ерте үйренсе, оның қаржылық жағдайы болашақта соғұрлым сәтті болуы мүмкін. Ақшаны дұрыс үнемдеуді және жұмсауды үйрену – жақсы дағдының бірі. Балалар көбінесе ата-анасының мінез-құлқын қайталайды. Сондықтан алдымен өзіңіз қаржылай сауатты болыңыз. Егер сізде бюджетті жоспарлаудың қарапайым дағдысы болмаса, онда балаңыздың ұзақ мерзімді жоспарлауды түсінуі екіталай.

– Сіздіңше, елімізде қаржы­лық сауаттылық тақырыбын дамыту не үшін маңызды?

– Қазіргі кезде әлемде жаңа технология құралдарын жедел енгізу қаржы қызметін ұсыну үдерісін жоғары автоматтандыруға жол ашып отыр. Демек, бізге қаржылық сауаттылықты арттыру туралы ғана емес, цифрлық қаржылық сауаттылық туралы да айту керек. Цифрлық экономика жағдайында қаржылық сауаттылықтың базалық деңгейін білу жеткіліксіз, бұл ретте ұялы телефон, планшет, компьютер секілді құрылғылармен жұмыс істей білу, сондай-ақ олардың көмегімен цифрлық қаржылық транзакцияларды жүзеге асыру қажет. Қаржылай сауаттылық тұрғысынан цифрлық контексте кеңірек көп қырлы тәсілді енгізу маңызды. Біріншіден, негізгі білім мен дағдыға ие болу керек. Бұл негізгі қаржылық тұжырымдамаларды: күрделі пайыз, инфляция, тәуекелдерді әртараптандыру; шоттар құру, пароль мен логинді басқару, құпия параметрлерді пайдалануға мүмкіндік береді. Екіншіден, цифрлық қаржылық қызмет провайдері, оларды пайдаланудың мақсаты мен тәсілі туралы хабардар болу, қаржылық қызметтерді ұсынатын қосымшалардың қалай жұмыс істейтінін білу, қосымшада немесе платформада шот ашу, мәзірді басқару, қаржы операциясын қалай бастау, аяқтау, түзету немесе жою керегін білу қажет. Сандық қаржылық қызметтер кез келген жағдайды байсалды бағалауға және алаяқтардың тұзағына түспеуге мүмкіндік береді.

Сәбина АРЫСТАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button