Қоғам

Волонтер болу – жүрек қалауы

Зейнетке шыққан соң өзіңді қоғамға керексіз адам сияқты сезінеді екенсің. Күндіз-түні қолымызда смартфон. Әлемде болып жатқан жаңалықтардан осы интернет желісі арқылы хабардармыз. Кәріліктің басы осы екен деп жүргенде «Күміс волонтер» туралы естіп білдім. Дереу телефон шалып, бар жағдайды біліп, өзімді қажет етіп отырған адамдармен қоян-қолтық жұмыс істеп кеттім. Содан бері біршама уақыт өтті. Мекенжайым ауысып, астаналық атандым. Бірақ қай қалада болмасын, қоғамның бір адамы екенімді сезіну мен үшін маңызды екенін ұқтым.

Соңғы жылдары бірқатар дамыған елдерде адамдардың өмірлік циклінің жаңа моделін құруға әрекет жасауда. Бұл әсіресе, адамдары егде тартып, қарттардың саны асып бара жатқан еуропалық елдерге тән. Ол елдерде мемлекеттік және жеке өндіріс секторларында орта және егде жастағы жұмысшылардың әлеуе­тін қолдап, жандандыру арқылы олардың қартаю процесіне өзгерістер енгізуде. Егде жастағы адамдарды қоғамдық өмірге, оның ішінде еңбекке тартудың түрлі әлеуметтік, рекрециялық, коммуникативті, білімін жетілдіру тәжірибелері енгізілуде.

Қоғамдық санада қарт адамның оң имиджін қалыптастыруға ықпал етуде  бұқаралық ақпарат құралдары үлкен рөл атқарады. Бүгінде қарттарды қажеті аз, отбасына масыл адамдардың бірі емес, керісінше ұлттың мәдени, салт-дәстүрлерін, кәсіптік және өмірлік тәжірибені сақтаушысы әрі оны келешекке  жеткізушісі ретінде қабылдауға жол ашуы керек.

Расында да қоғамның аға буын өкілдерінің проблемаларына көзқарасын қарым-қатынасын өзгерту үшін қоғамдық санамен жұмыс істеудің кешенді стратегиясын, оның ішінде келелі шараларды жүзеге асыру міндеті тұр. Олардың мәдени дәстүрлердің, кәсіби және өмірлік тәжірибенің иелері, нағыз қазыналы қария ретінде қабылдаған баршамызға абзалырақ. Осы ретте елдің  әлеуметтік-экономикалық дамуына және жас ұрпақты тәрбиелеуге белсенді қатысуға мүмкіндік беру арқылы ойлаған межемізге тез жетер ме едік. Егер де адамдарды қоғамнан оқшауландырмай, немесе тозығы жеткен пайдасыз бұйымдай кейін ысырып қоймай, олардың әлеуметтік белсенділігін қоғамдық өмірге қатысуын насихаттау арқылы қарттарымызды тарихи тұғырына шығарар едік. Жалпылама да айтылатын «төрдің иесі» деген сөз бәрімізге ұнайды. Бірақ сол төрдің иесі болғанға дейін де қарттардың қоғамға беретінін білген жөн.

Қарт адамдар қандай жерде керекті болады дегенде мектептер мен колледждерді, университеттер мен сыныптан тыс жұмыстарға, оқушылар сарайларында, үйірмелерде аула клубтарындағы жастармен жұмысқа тартып, өз білгенін үйретуге мүмкіндіктер ашылса, менің байқауымша, тысқары қалып отырғандар аз дер едім. Айналып келгенде, «тәлімгерлік мектебі», «әлеуметтік әжелер мен аталар» сияқты жұмыстар жастардың мына өмірде аяғынан тік тұрып кетуіне ықпалдасып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп,  қолдау көрсетуде қарттардың белсенділігінің орны бар.

2021 жылдың қазан айынан бері Астана қаласының №66, 89 мектептерімен «Әжеден қалған асыл мұра» қалалық жобасы аясында бірігіп жұмыс істеп келеміз. Жастар – біздің болашағымыз, сондықтан оларға келешекті сеніммен тапсыра отырып, атадан балаға, анадан қызға қалдыратын тәрбиені: ұлттық қолөнерімізді (сырмақ, құрақ, жүн иіру, тоқыма) насихаттап, ісмерлікке үйретуді бастадық. Ұлттық қолөнерімізді жас ұрпаққа үйрете отырып, назарын әлеуметтік желіден гөрі қолөнерге аударуға ықпал етсек, оның өзі үлкен жеңіс емес пе?! Міне, осы мақсатты жүзеге асыру үшін орталықтың көптеген әжесі атсалысып келеді. Әр аптаның бір күнінде, мектеп басшылығымен келісе отырып, шеберлік сабағын өткізіп тұрамыз. Сабаққа кем дегенде бес әже барады, олар жүн түту жұмысы, кесте тігу, тоқыма тоқу, құрақ құрауды үйретеді.

«Тоқыма» тобын – А.Тұрсынбаева, «Кесте» тобын – А.Колибекова, «Жүн түту жұмысы» тобын – К.Әбілдина, «Құрақ құрау» тобын О.Кусумова бастап, жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарып жүр. Жазғы демалыс кезінде мектеп жанындағы демалыс лагерлерінде «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында данагөй әжелеріміз ұлттық киімдерін киіп, балдырғандарға ертегі оқыды, сенбіліктерге де бір кісідей-ақ атсалысып жүр.

Осы жобаның нәтижесінде күміс жастағылардың ерікті еңбегінің маңыздылығын тану, аға ұрпақты осы қызметке тарту деңгейін арттыруда жатыр.

Еріктілер қатарына жазылмас бұрын ұлыммен ақылдасып, ұзақ сөйлескен едім. Қайырымдылық қалай жасалады деген сұрақты түсіндіруге тырыстым.  Содан бері Қарттар үйі, Балалар үйі болсын не болмаса аурухана кез келген әлеуметтік орталықтар болсын, қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп  айналамызды мейір-шуаққа бөлегеніміздегі әсерімді айтудан жалықпаймын. Осылайша балаларымның алдында үлкен миссия атқарып жүретінімді сезініп, ерекше құрметке ие болдым. Қайырымдылық қалай жасалады дегенде олар үшін мен үлгі болғаныма қуанамын.

Ләззат ДҮЙСЕБАЙ, 

күміс волонтер

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button