Қоғам

Жақсылыққа жасынан тәрбиелесе



Осыдан бірер жыл бұрын, «Астана-Тазалық» кәсіпорны қоқысты сұрыптау ісіне құлшына  кіріскен болатын. Оған дейін тұрмыстық қалдықтар бір жәшікке тасталатын болса, енді сары түсті жәшік қосып, пластик құтыларға арналған тор жәшік, одан бөлек, қоршаған ортаға зиянды заттардың қалдықтарды жинайтын түрін де әкеліп қойды. Тіпті өткен жылдан бастап, нан қалдықтарын да рәсуа етпейміз дейтіндер шығып, қоршаған ортаның тазалығына жаңа көзбен қарай бастағандай болып едік.

Дегенмен қуанышымыз ұзаққа бармады. Негізгі мақсат – қала сыртындағы полигонға шығарылатын қоқыс көлемін кемітіп, оны қайта өңдеуді дамыту үшін екі түсті контейнер орнату аздық ететінін түсіндік. Біріншіден, ауланың қоқыс жинайтын жері қалай болса солай шашылып жатқанда, ешкім жәшіктердің түсін таңдап жатпайды. Сары жәшік тұрмыс­тық қалдыққа толып тұрғанда, енжарлық мүлдем билеп алады. Бұл жерде құзіретті ұйымның жұмысты жоспарлай алмағанын да қосуға болады. Бірақ айтпағымыз басқа.  Ересектерді қоршаған ортаға қамқорлық жасауға шақыру қиынға түссе де, бәлкім келешек ұрпақтың санасында осы ұшқынды жандыра алармыз деген ой қаламымызға түрткі болды.

Қазіргі күнде тек қаламыз­дың ғана емес, бүкіл әлемнің басты мәселелерінің бірі – экология, яғни қоршаған ортамыздың ахуалы. Бар болғаны қоқысты сұрыптау арқылы қоршаған ортаға қалай ықпалымыз болуы мүмкін деген сұрақтың мәнін балалар түгілі, ересектер түсіне бермейді. Түсінбеген соң жауапсыз іс-әрекетімен табиғатқа залалын тигізеді. Оның салдары өзінен бастап барлық қалалықтардың өмір сүру сапасына, денсаулығына тікелей әсер етіп жатады. Бірақ, егер сіз бұл мәселені саналы түрде қолға алсаңыз, онда әрбір адамның табиғатты жақсартуға көмектесе алатыны дәлел.  Қоқысты сұрыптау арқылы да қоршаған ортаны сақтауға үлкен қадам жасайды.

Сондықтан да балабақшадан бастап, мектеп бағдарламасы, студенттер арасында экология­лық сағаттар тұрақты жүргізілгеннің зияны болмас еді. Табиғатты қорғау идеясына барлық адамзат ұқыптылықпен қарап, керек  десеңіз, әрбір адам барынша түсіне білсе, көп түйіндер тез шешілер еді.

Сөзімізді қарапайым болып көрінетін, алайда бәрімізге тікелей қатысты қоқысты сұрыптау­дан бастап отырғанымыздың себебі – осы. Адам баласы жасынан ұқыптылыққа, үнемділікке, қанағатшылдыққа, жан-жағындағы нәрселерге жанашырлықпен және жауапкершілікпен қарап үйренбесе, бертін келе қоршаған ортасына да немқұрайлықпен қарайтын болады.

Адам бойындағы осы бір жақсы қасиеттерді мәнін ашып, түсіну үшін  ысырапшылдықты, жауапсыздықты, ұқыпсыздықты қарсы қоя аламыз. О баста, бұл адамның өмірге көзқарасын түзейтін, жеке басының қоғам алдында жауапкершілігін арттыратын қасиет еді. Бірақ, мұны сараңдықтың көрінісі және материалдық жетіспеушіліктің, жоқтықтың белгісі деп жаңсақ жолға салып жібердік.

Ұқыпсыздықтың мысалы көп, халқымыз оны «қыс киерін жаз киіп, жарлы қайдан байысын» деп бір сөзбен айтқан. Үнемділікке тәрбиелеудің басты шарты балаларға өз қажеттіліктерін ақылға қонымды шеңберде қалыптастырумен де байланысты. Әрине, балалардың жақсы киімдері, жақсы тамағы, ойыншықтары, оқу құралдары, кітаптары болуы керек. Бірақ сонымен бірге өлшемді әрқашан есте сақтау керек. Егер балада тек қажетті және ыңғайлы киім ғана емес, сонымен бірге ата-анасының қамқоры шамадан тыс киім-бұйымдарымен көрініс тапса, әдетте, перзенті  де ағыл-тегіл молшылыққа үйреніп, сұраусыз келіп жатқан дүниеге жаны ашымайтын, мол дүниенің қадірін білмей өседі. Еті жаман үйреніп, болған үстіне бола берсе екен деген ниет пайда болады. Байқағанымыздай, ондай балалар өз заттарын жиі жоғалтады, оның бар-жоғын білмей жүреді.

Дүкенге ертіп барғанда баланың көзі түскен нәрсесін алып бер деп ата-анасын қинайтыны белгілі. Сәбидің қыңқылдағанынан қашып, қымбат болса да, сұрағанын сатып алып береді. Енді біреулері баласы басқадан кем болмасын деген ойдың жетегімен жүреді. Осылайша ысырапшылдық біртіндеп қалыптасады. Ал адам бала кезінен өз затына ұқыпты болып, қадірін білмесе, есейген кезде қоғамдық құндылықтарды да көзіне ілмейтін болады.

Оқушыларға қажетті қағаз, дәптер, қалам мен бояуларға, қылқаламдарға ұқыптылықпен қарауды тәрбиелеу де – қиынның қиыны. Мұның бәрі қолжетімді және арзан болған соң, бала да әке-шешесі де бағаламайды. Қаламның тұқылын, жазылып бітпеген дәптер, кепкен бояу қоқыстан бір-ақ шығады. Отбасында, балалар тәрбиеленетін мекемелерде оқушы өз заттарына ұқыптылықпен қарау керегін айтып жатқан кім бар?! Балалармен әңгіме барысында әр бұйымның артында көп адамның еңбегі, табиғат байлығы тұрғанын айту керек. Сынған ойыншықтарды жөндеп, жыр­тылған нәрсені бүтіндеп, әр затты ойыншықты ойнап болған соң орнына қою, тағы басқа заттарға деген қамқорлықтың нышандарын ертеден үйретпесе, өсе келе ортақ ережеге бағынбайды.

Үнемділік уақытпен де бағаланады. Балаларда ерте жастан уақытты сезінуге, оны текке өткізбей бағалауға үйрету – тәрбиенің басы. Бала күн тәртібіне икемделіп, балабақшадағы, одан тыс далада серуендеу, ойнау уақытын білуі керек. Әрине, алты жасар балаға уақыт туралы айту да қисынсыз. Ата-ана оны біртіндеп дағдыландыруы керек. Балалардың іс-әрекетін ұйымдастырған кезде белгілі бір іс-әрекетке қанша уақыт қажет екенін, басқа мәселелерге қашан көшу керектігін түсіндірген абзал. Сонда ғана баланың өмірінде жүйелілік болып, бейберекеттік азаяды.

Қаламызда ботаникалық бақ, гүлзар бақтар әр ауданда кездеседі. Онда өсіп тұрған гүлдер мен ағаштарда есеп жоқ. Аралай барғанымызда сәбиін жетектеген ата-аналардың гүлдер, ағаштар, құстар, көбелектерді көрсетіп, әдемі деп бірге таңданып жатқанын көрмейсіз. Әзірге байқайтынымыз, сөмке-сөмке тамағын ағаштың түбінде көлеңкелеп жатып жеп алып, кері кеткен ересектер. Балалары арттарында қалған бос бөтелкені тепкенге мәз. Тағы да қоқыс толы үлкенді-кішілі жәшіктер.

Өсіп келе жатқан бала табиғаттың қорғаушысы және досы болуы керек. Мұндай бала жасыл кеңістіктің сәнін бұзбайды, ағашты сындырып, гүлдерді жұлмайды. Демек, балаға үйрету керек бірінші нәрсе – өсіп тұрған гүлдерді аялап, тіршілікті таптатпау, қорғаушы болуға үйрету.

Тұтынушылық көзқарасының кез келген фактісіне, ол қандай формада көрінсе де, төзбеушілік таныту керек-ақ. Бала гүлзардан гүл жұлып алды ма, көкті басып кетті ме, үйдің қабырғасын сызды ма, есікті теуіп жапты ма – мұның бәріне алдымен ересектер жауапты. Соларды айыптау керек.

Баланы қоғамдық игілікке ұқыпты қарауға қалай үйрету керек? Алдымен бала отбасы мүшелерінің заттарын бүлдірмеуге үйренуі керек. Үйде өзіне жүктелген істерге жауапты сезінуі маңызды. Болашақта ол бұл сезім үйінің сыртына шыққанда да тастап кетпейді, жаманшылыққа бастамайды. Баланы қоғамдық пайдалы жұмысқа мүмкіндігінше ертерек баулу керек. Пәтеріңізден тыс барлық нәрсе баспалдақ, лифт, үй маңындағы аула, ондағы ойыншықтар, саябақтың бәрі өзінікі, өзгенікі екенін түсінсін. Бұл ортақ нәрсе бәріне, соның ішінде сізге де тиесілі және оны жеке адам ретінде сақтау керек. Өсіп келе жатқан адамда осы үйренген тұжырымдамадан тұлғаның маңызды сапасы «қожайын» сезімі қалыптасады. Бұған тәрбиелеу ұзақ процесс, оңай да емес. Көбінесе бұл жерде балалардың «қалауы» ата-анасымен «тыйымы» қатар жүреді. Ересектер ерекше табандылық көрсетіп, жалықпай түсіндіріп, баланың бойында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті оята алмаса, айнала қоршаған ортамыз ғана емес, сонымен бірге болашақ ұрпақтың да көкірегі «қоқысқа» толады. Ал біздер болсақ, әлі  күнге дейін қоқысты неге сұрыптамайды деп жүрміз. Өзіңіз не әрекет еттіңіз? Мұны балаңызға айттыңыз ба!


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button