Мәдениет

Жақыптың көшесі



Спектакль аяқталып, сыртқа шықтым. Белгілі режиссер Нұрлан Жұманиязов қойған «Ақан Сері – Ақтоқты» спектаклінен тарқаған көрермендер жеке-жарымданып та, топтанып та машиналарына, автобус аялдамаларына қарай кетіп барады. Мен Нұрланның әлгіндегі бір сөзін есіме алдым. «Біреу біліп, біреу білмейтін шығар, – деген ол, – Астанамыздағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының ашылуына бірден-бір еңбек сіңірген адам және алғашқы директоры һәм режис- серы болған марқұм Жақып Омаров еді ғой. Ол театрдың салтанатты ашылу құрметіне сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің осы «Ақан сері – Ақтоқтысын» таңдап қойған болатын. Оған да міне, биыл тура жиырма бір жыл толып отыр». Нұрлан сөзі ой салғандай ма, жүріп кеттім, кенет жан- жағыма қараймын. Кең көше, оң жағымда қала әкімдігінің ғимараты, қарсыда Жастар сарайы, кешкі арайға оранып, терезелерінде сәуле ойнап, жоталана, сәулелене түседі. Ау, бұл Жақып Омаровтың, Жақыптың көшесі ғой. Жақып туралы, театр туралы, Жақыптың өзім білетін өнері мен өмірі туралы ойланып кеткенімді аңғардым.

Театр деген ұлы ұғым сырты көрікті, іші әсем ғимаратынан бұрын, шағын ғана сахна алаңында халық басындағы өткен-кеткен алуан оқиғаларды қайта тірілтіп, адам арманы мен мақсатын, оның күйініші мен сүйінішін тереңнен қозғайтын актер мен режиссердің, театрды театр ететін өнер саңлақтарының сан ғасырлық тынымсыз еңбегі арқылы қалыптасқаны мәлім. Жақып та театр өнеріне бар жан-тәнімен қызмет қылды. Мен оны, әсіресе, 1972 жылдан, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының бас режиссері боп тұрған кезінен жақын танысып, жақсы сырлас болдым. Ол халқымыздың талай әсем әндері мен жырларына арқау болған Ақмола облысының (бұрынғы Көкшетау) Еңбекшілдер ау- данында 1938 жылы дүниеге келген. Осы жерде орталау мектепті бітіріп, ол да кім болам деп ойланады. Әуелде қалағаны – Бурабайдағы ауылшаруашылығы техникумы еді.

Өнерге деген табиғи бейімі мен жан құштарлығы алғаш осы жерде көрінеді. Көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысып, жеке дауыста өлең айтады, сахналық шағын рөлдерде ойнайды. Қатардағы жай әуесқойлардың бірі емес, бірегейі ретінде техникум оқытушылары мен оқушылары арасында үлкен беделге ие болады. Сондықтан да шығар, кейін биология ғылымының докторы, Сібір ғылым академиясының қызметкері болған, ол кезде Жақыптың ұстазы Владимир Федорович Альтергот жас жігіттің бойындағы өнерге деген лапылдап тұрған жалынды танып:

– Сенің жолың бұл емес, сен өнер жолын қу, өз бақытыңды өнерден табасың, – деп бірде ойындағысын ашықтан-ашық айтып та салады. Сөйтіп, білікті ұстаз ақылымен Жақып ауылшаруашылығы техникумын орта жолдан үзеді де, біржола өнер ауылына қарай бет бұрады. 1958 жылы Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы студияның актерлық курсына оқуға түседі. Жақыптың әуелі актерлық, сосын режиссерлық жемісті қызметі басталады.

Жақып кісіге тура қарап, бүкпесіз ашық сөйлесетін. Сондай бір сәті көз алдымда, толқынды қара шашын алақанымен кейін қарай бір сипап қойып, өнердегі алғашқы қадамдары жайынан бипаздана асықпай әңгіме бастаған еді. 1960 жылы студияны жиырма шақты жас өрен бітіреді де, соның жетеуі көмірлі Қарағандыға жол тартады. Іштерінде кейін Мемлекеттік сыйлықтыңлауреаты атанған Әнуар Молдабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Әшірбекова, Жамбыл облыстық драма театрының бас режиссеры болған Аманжол Сәлімбаев, Жезқазған телевизиясының бас режиссері қызметін атқарған Аманжол Үсенов, белгілі әртіс Шәміл Жүнісов, режиссер Тастан Өтебаев бар.

Сахнаға шығар спектакльдің жалпы не айтпақ бағытын айқындап алу, әрине, режиссер жұмысының ең бір түйінді мәселесі. Сондай-ақ, образ табиғатын дөп басу, актерді соған бағыттау да оңай шаруа емес. Әсіресе, көрермен жадында бұрыннан бар, бір қалыпқа орныққан таныс образдар табиғатын қайта жаңғырту тіпті де қиын-ау. Мысалға Мұхтар Әуезовтің атақты «Еңлік – Кебек» пьесасындағы Жапал қойшының образын алайық. Бұрынғы сахналық шешімдерінен ол бізге көкірегі бітеу, қой соңында жүріп көрбақ боп қалған бейшара жан ретінде белгілі болатын. Режиссер Жақып Омаров оны мүлде басқа адам етіп өзгертіп жібергенін көргенбіз. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» дегендей, ойдың, үлкен тебіреністің адамына айналған Жапалды қалың көрермен сүйсіне қабылдағанды. Бұл жөнінде Жақыптың өзі:

– Кейде тіршілікте қалыптасқан таптаурын ұғымдар өмірді танып-білуге, құбылыс сырын терең аша түсуге кедергі болатынын философия ғылымы жан-жақты дәлелдеген, – дейтін іштегі сырын шерте, ағынан жарылып. – Адамды қоғамдық қызметте алатын орнына қарай, басындағы дақпырт-дәрежесіне қарай бағалайтынымыз бар. Соның салдарынан өнерде де, би болса – ақылды, қойшы болса – әңгүдік, надан деген жаттандылық кездеседі. Мұндай жұтаң көзқарас бидің де, қойшының да табиғат алдында бірдей адам екенін, екеуінде де бірдей жүрек, ақыл-ой барын ескермеушіліктен шығады. Ал жүрек пен ақыл-ойдың құбыланамасы, ерекшеліктері сыртқа көп біліне бермейді. Ол ерекшеліктерді кісі үстіндегі шапанның жақсы-жамандығымен, қоғамдағы орнының биік-төмендігімен саралау мүмкін емес. Міне, осы жағдай менің Жапал образының адамдық болмысына, оның жүрегінің тек өзіне тән сазына жіті үңілуімді талап етті. Үңілдім де, оның бойынан адамдық үлкен парасат таптым. Соны көрерменге жеткізгім келді. Менің шешімім дұрыс па, бұрыс па, төрешісі – көрермен. Көрерменнің ақыл көзі, парасатты жүрегі.

Осы сөздерді бүгін есіме алғанда, көпшілік көрермен сияқты Жапал образы маған да кезінде режиссер Жақып сомдаған тұрғыда қатты ұнағанын айта кеткім келеді. Шынында, үздіксіз даму үстіндегі театр, үнемі жетіліп отыратын көрермен талғамы қашан болмасын қарадүрсінділікті қабылдамайды. Ал құбылыстың сырт әрекетін қуып кетушілік, оқиғаның себебі мен салдарына үңілмей, ішкі сырларын ашпай, оның тек нәтижесімен әуестенушілік, жай хабар тұрғысында баяндай салушылық – өнерді өркенді өріске шығармайды. Мен білетін Жақып Омаровтың режиссерлық көзқарасының бұл да бір түйіні еді.

 

Өтен АХМЕТ, өнертанушы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button