ЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігі

ЖӘРМЕҢКЕНІҢ ЖӘРДЕМІ МОЛ



Астанада демалыс күндері Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жәрмеңкесі өтті. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жәрмеңкені аралап, азық-түліктердің бағасымен танысты.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге аймақтардан барлығы 2500 тонна өнім әкелінді. Нақтырақ айтсақ, ауылшаруашылық өнімдердің арасында ет, сүт, макарон өнімдері және қант, картоп, көкөніс сынды тағы да баса тауарлар жетерлік. Сондай-ақ, үш облыс қала күні қарсаңында елорда тұрғындары мен қонақтарына тағамдардың 100 түрін әкелді. Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әбдіжаппар Кемановтың айтуынша, тұтынушылар базар бағасынан 15-20 пайызға арзанға сатып алуда.

– Біздің Ақжар ауданының кәсіпкерлері жәрмеңкеге негізінен ет өнімдерін әкелді. Нақтырақ айтсам, 20 жылқы, 10 сиыр, 50 қойдың етін Астана тұрғындары мен қонақтарына ұсынып отырмыз. Мәселен, жылқының еті – 1500 теңге, сиыр еті – 1300 теңге, ал қой еті 1100-1150 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ, біздің аудан жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін алып келіп, тұтынушыларға арзан бағада ұсынуда. Жалпы сатушы да, алушы да дән риза. Себебі жәрмеңкедегі өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан болып отыр, – дейді ол.

Расында жәрмеңкеге келіп, өзіне керек азық-түлікті алушы халықтың санында есеп жоқ. Солардың бірі – елорда тұрғыны Жадыра Талжанова.
– Әр апта сайын жәрмеңкеге келіп, әртүрлі керекті азық-түлікті сатып алуға тырысамын.  Себебі мұндағы өнімдер сапалы әрі оны тиімді бағада сатып алуға мүмкіндік бар. Оның үстіне бұл аптадағы жәрмеңке бұған дейінгі жәрмеңкелермен салыстырғанда тәуір болып отыр. Шыны керек, бұған дейінгі жәрмеңкелер жұтаң болушы еді. Ал бұл аптада үш облыс бірден келіп отырғаннан кейін болса керек, жәрмеңкеде ұсынылған тауарлардың түрі басым екен. Алдағы уақытта да осындай деңгейде өтсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ол.

Айта кетейік, жәрмеңкеде әр­түрлі фестивальдер, еліміздің аймақтарынан шығармашылық ұжымдар ойын-сауық, концерттік бағдарлама ұсынып жатыр. Мысалы, жыл басынан бері Астана әкімдігі осындай 20 жәрмеңке ұйымдастырды. Тұрғындар осындай жәрмеңкелердің өздеріне үлкен жәрдем беріп отырғанын айтады. Келесі аптада Ақмола, Қызыл­орда, Атырау, Батыс Қазақ­стан облыстарының кәсіпкерлері өз өнімдерін әкеледі.

Миражан Мақажан




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button