Жаңалықтар

ЖАС МАМАНДАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ



КҮНІ КЕШЕ АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІ ӘСЕТ ИСЕКЕШЕВТІҢ ҚОЛЫНАН БІР ТОП МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ПӘТЕРДІҢ КІЛТІН АЛҒАН БОЛАТЫН. СОЛАРДЫҢ ІШІНДЕ №2 ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ АНЕСТЕЗИОЛОГ-РЕАНИМАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ САҒЫНҒАЛИ СЕЙІТЖАН ДА БОЛДЫ. БЕС ЖЫЛДАН БЕРІ МЕДИЦИНА САЛАСЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ОЛ ӨЗІНІҢ ҮЙЛІ БОЛҒАНЫНА СЕНЕР ЕМЕС. АЛАЙДА ЖҮЗДЕГЕН ЖАННЫҢ ӨМІРІН АЖАЛДАН ҚҰТҚАРҒАН ДӘРІГЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ҚАНДАЙ ҚҰРМЕТКЕ БОЛСА ДА ЛАЙЫҚ.

Сағынғали Сейітжан 2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Кентау қаласынан Қарағанды мемле­кеттік медициналық университетіне оқуға келіп түседі. Аталған университеттен білім нәріне қаныққан дәрігер 2012 жылы №2 қалалық балалар ауруханасына келіп жұмысқа орналасады. Оқуын хирург дәрігері ретінде бітіріп шыққан ол кейін келе анестезиолог-реаниматолог мамандығын меңгеріп алады.
– Құдайға шүкір, осы маман­дықтың арқасында талай адамның өмірін ажалдан арашалап қалуға себепкер болдым. Өйткені анестезиолог-реаниматолог болғандықтан біз өлім мен өмірдің ортасында жүреміз. Өзіңіз білесіз, балаларды қарап, оларды емдеу оңай шаруа емес. Өйткені балалар нақты қай жері ауырып тұрғанын ересек адамдар сияқты айта алмайды. Тек медицинаның әліпбиімен науқасын анықтап, диагноз қойып жатамыз. Оның үстіне ауыр жағдайда келіп түскен балаларды қарау психологиялық тұрғыдан өте қиын. Кейде өзімді осы мамандыққа құдай айдап келген шығар деп ойлаймын. Сондықтан да өзімді басқа саланың маманы ретінде елестете алмаймын. Себебі ауыр жағдайда келіп түскен баланың беті бері қараған кезде дәрігерліктен артық мамандық жоқ деп ойлаймын, – дейді ол.
Сағынғали Сейітжан білікті маман әрдайым өзін жетілдіріп отыруы қажет деп есептейді. Сондықтан да ол өзінің кәсіби білімін арттыру үшін көп ізденетінін айтады.
– Анестезиология-реаниматология саласында біздің елде әлі де болса дамытатын тұстарымыз жетерлік. Мәселен, шет елдің су жаңа құрылғыларын сатып алып, елімізге әкеліп орнатсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Иә, қазіргі таңда ауруханаларымызда көптеген құрылғылар бар. Бірақ ауруханаларымыздың халықаралық талаптарға сай болуы үшін одан әрі тәжірибемізді арттыра түсуіміз керек. Сондықтан да мен осымен шектеліп қалмай, алға қарай ұмтылып, білімімді жетілдірсем деймін. Нақтырақ айтсам, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елде білім алғым келеді, – дейді дәрігер.
Сағынғали Сейітжанның зайыбы Нұршат Аманжол фельдшер мамандығын алған екен. Алайда ол бүгінде екі баланың күтімі бойынша үйде декреттік демалыста отыр. Жалпы, жас отбасы үшін қала әкімінің қолынан пәтер кілтін алу – ұмытылмас оқиға.

Серік ЖОЛДАСБАЙ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button