Басты ақпаратҚұқық

ЖАСӨСПІРІМ ЖҮГЕНСІЗ ЖҮРМЕСІН…



Кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторы туралы әңгіме өрбітпес бұрын әуелі олардың күнделікті қарбалас жұмыстарымен таныс­тық. Біз сөз еткелі отырған елорданың Сарыарқа ауданында белгілі бір білім ұясына бекітілген елу үш мектеп инспекторы бар екен. Олар негізінен жұмыстарын қаладағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, «қиын» балаларды анықтап, олармен жүйелі түрде жұмыс жүргізуге бағыттайды. Әлі оңы мен солын танып үлгермей жатып, полицияның алдын бірнеше рет көрген жасөспірімдердің ата-аналарымен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді. Әрине, мұның барлығы оңай шаруа емес.

Жасыратыны жоқ, түнгі кезбелік – балалар мен жасөспірімдерді қылмыс әлеміне апаратын төте жол. Олай дейтініміз, кейінгі кезде осындай жеткіншектердің қатысуымен болатын теріс әрекеттер елімізде көбеймесе, азаймай отыр. Оның қайткенде де алдын алу керек. Осы бағытта Сарыарқа ауданының ювеналды полиция бөлімі жоспарлы іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

Мәселен, 2017 жылғы 20-23 шілде аралығында аудандық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімі жұмыс жоспарына сәйкес құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ, қаладағы ойын-сауық орындарына кәмелетке жасы толмағандардың заңды өкілінсіз баруын болдырмау мақсатында жоспарлы рейд жүргізді.

ЖАҚ ЮПБ қызметкерлері жасөспірімдерге көшеде жүруге тыйым салынған 23.00 мен таңғы 06.00 аралығында он ойын-сауық орны мен ойын клубын аралап шықты. Ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Д.Әмірова мен ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Б.Өмірованың бұл күнделікті дағдылы жұмысы болса да әр рейдке олар алдын ала дайындалады екен. Бұл жолы жұмысты Сарыарқа даңғылы №11 үйде орналасқан «SKYNET» ойын клубынан бастауды жөн көріпті. Бірден көзге бұрышта экрандағы ойын қызығына айырықша беріліп, жанына келген адамды елең қылмаған жасөспірім түсті.

Ойын клубының әкімшісі Бақытбек Мәмбетов баланың жаңа ғана келгенін айтып ақталып жатыр.
– Аты-жөніңді айта ғой, – деп әңгімеге тартты инс­пектор.
– Атым – Диас, фамилиям – Пірназар, Шымкент қаласынан осында әпкемнің үйіне қыдырып келгенмін.
– Уақыттың қанша болғанын білесің бе? Түнде балаларға көшеде жалғыз жүруге, ойын клубына келуге болмайды. Сен оны білесің бе?
Бала басын төмен салып, үн қатқан жоқ.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабы бойынша хаттама толтырылып, 2000 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны Пірназар Диас Қанатұлы ­Ә.Молдағұлова көшесіндегі кәмелеттік жасқа толмағандардың уақытша бейімдеу орталығына жеткізілді. Ал ойын клубының әкімшісі Бақытбек Мәмбетовке қатысты да ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабы 1-тармағы бойынша хаттама толтырылып, жеткіншекті түнгі уақытта ойын клубына кіргізгені үшін қатаң ескерту жасалды.

Осы күні кәмелетке жасы толмағандар жөніндегі учаскелік инспекторлар ҚР ӘҚБтҚ 142-бабы 2-тармағы бойынша 31 хаттама толтырды. Ал 23 шілде күнгі рейд кезінде ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты А.Қайыпбеков І.Есенберлин көшесі бойынан түнгі 23.45-те жалғыз жүрген 2009 жылғы Сафар Бердібекті тоқтатты. 2-сынып оқушысы Астанаға Оңтүстік Қазақстан облысынан келіпті. Анықтай келгенде, бала І.Есенберлин көшесіндегі 12-үйдің 12-пәтерінде анасымен бірге уақытша тұратын болып шықты. Баланың анасы уақытша жұмыс істемейтін Ордабекова Жанарға қатысты да әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, рейд барысында тағы алты баланың үйінен безіп, өз беттерінше көше кезіп жүргендері анықталып, жасөспірімдерді бейімдеу орталығына жіберілді. Кәмелеттік жасқа толмай жатып көше кезіп, қаңғыбас­тылыққа салынған баласы үшін ата-анасы жауапты. Мұндай оқиғалар негізінен бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтін отбасында көбірек кездеседі. Рейд барысында іс-шараға қатысқандар тарапынан кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта тұрғын үй-жайдан тыс жерлерде әке-шешелерінің қадағалауынсыз немесе заңды өкілдерсіз жүруге тыйым салынғандығы ескертілді. Осылайша, түнгі рейдке шыққан тәртіп сақшылары қаңғыбас­тылыққа бейім кәмелеттік жасқа толмағандарды уақытында анықтап, жүгенсіз жүргендерді жөнге салды.

***
Сондай-ақ, қаладағы криминогендік жағдайды сауықтыру, қылмыстың алдын алу мақсатында 24-26 шілде күндері қаланың шет жағында «Ауыл шеті» шұғыл алдын алу іс-шарасы өткізілді. Рейд барысында Жергілікті полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК 440- бабы 1 және 2-тармақтары бойынша 16 хаттама толтырып, криминалды полиция қызметкерлері «ізін суытпай» бірқатар ұрлықты да аша білді.

Сонымен қатар, Сарыарқа ауданының ювеналды полиция бөлімі инспекторлары қамқорлығында 15 жасар жасөспірім қызы бар үнемі маскүнемдікпен айналысатын Д. есімді 25 жасар келіншекті анықтады. Араққа сылқия тойып алған әйел қойылған сауалдарға жөндеп жауап бере алмай, сол бойда маскүнемдер есебіне алынды. Рейд кезінде түнде көше кезіп жүрген төрт жасөспірім анықталып, олардың ата-­аналарына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Тұрақты мекен жайы жоқ адамдар бас қосып, үнемі алкогольді ішімдіктер ішетін үйде адамгершілікке жат істермен айналысып келген бірнеше адам уақытша бейімдеу орталығына жіберілді.

Таңатар  ТӨЛЕУҒАЛИЕВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button