Басты ақпаратҚоғам

Тарих – таразы

Адам әдетте жақсыдан да, жаманнан да ғибрат алады. Кейде кісінің бұл өмірдегі дәм-тұзы таусылған топырақты өлімі де белгілі бір дәрежеде өзгеге өнеге болып жатады. «Тірілер біздің көзімізді жабады, өлілер біздің көзімізді ашады» деген қанатты сөз де осындайда айтылса керек.

Германияны 1982-1998 жылдар аралығында тура 16 жыл басқарған елдің бұрынғы канцлері Гельмут Кольдің жақында 87 жасқа толған кезінде орын алған қазасы да солай жұртқа тағылымды сабақ беріп кететіндей сипаттар санатынан болды. Расында да өмірі өзгеше өрнектелген өршіл тұлғаның өлімінің өзінен алуға болатын өнеге аз емес еді.

Біз Гельмут Коль туралы бұдан тура 16 жыл бұрын, «Егемен Қазақстан» газетінің 2001 жылғы 30 тамыздағы нөмірінде неміс еліне сапар нәтижесінде «16 жыл және 16 күн» деген мақала жариялаған екенбіз. Онда билік шылбырын ұстаған қайраткердің ұзақ жылдар бойы еңістен салса төске озып, өз елін талай асулардан алып өткені жазылыпты. Экс-канцлердің тұсында бұрынғы Батыс Германия әлемдегі өнеркәсібі өркендеген жеті мемлекеттің бірі болды. Бүтін әлем санасатын елге айналды. Жалпы ішкі өнім өндіру жөнінен АҚШ пен Жапониядан кейінгі үшінші орынға шықты. Осы 16 жылдың ішінде неміс отбасыларының табысы үш есе өсті. Айтса айтқандай-ақ, Кольдің осы жылдарда жұртын алға сүйреуде де, құрлықтың ынтымағын қалыптастыруда да жасаған қызметі мен сіңірген еңбегі аз емес-тін. Оның биліктегі ең ғаламат табысы сол – екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша екіге жарылып қалған герман мемлекетінің іргесін қайта қосып, тұтастықты қалпына келтіріп берді. Бұдан әрі Еуропа одағының құрылуы жолында да орасан зор жұмыстар атқарды.

Кәрі құрлық пен өз отаны алдында осындай ересен еңбегі бар толымды тұлғаны жер қойнына беруге артында қалған алқалы жұрты да алабөтен асықпады. Оның соңғы демі үзілген 16 мау­сым мен мәңгілікке дамыл табуға жатқан 1 шілде арасында екі апта уақыт өтіп кетті. Тарихта мәйітті тап бұлай ұзақ ұстау дерегі бұрынғы өткен замандарда патшалар мен шахтардың тыным тапқан тіршіліктеріне қатысты болған шығар, бірақ бергі заманда ел билеген қайраткерлер арасында мұндай оқиғалар кездесе қойған жоқ. Ал марқұммен қоштасу рәсімі 27 маусым күні басталды. Бұл күні таңертең ертемен бундестаг депутаттары ГФР-дің бұрынғы канцлерімен қоштасу үшін Берлиндегі Әулие Ядвига соборына жиналды. Елде бұдан өзге жеке, мемлекеттік қаралы жиын өткізілмеді. Себебі Гельмут Кольдің өлер алдындағы соңғы қалауы, аманаты осындай болды. Ақырғы негізгі шара француздың Страсбург қаласында Еуропа деңгейіндегі мемлекеттік акт түрінде өтті. Сөйтіп, тарихта тұңғыш рет бір мемлекеттің үлкен қайраткерін күллі құрлық болып ақтық сапарға шығарып салды.

859489 21.11.1991 Официальный визит в ФРГ Президента РСФСР Бориса Ельцина. Борис Ельцин (слева) и Федеральный канцлер ФРГ Гельмут Коль во время встречи. Дмитрий Донской/РИА Новости

Сол күні түс ауа арнайы тік­ұшақ Гельмут Кольдің денесі салынған табытты оның неміс жеріндегі туған қаласы – Людвигсхафенге жеткізді. Бұдан кейін қала көшелерінде шерумен жүріп өткесін, әскери кемеге тиеліп, Рейн өзені жағасындағы Шпайер қаласына апарылды. Осындағы соборда католиктер салты бойынша жаназа шығарылды.

Собордың криптінде оны салдырған тарихи тұлғалар – бұдан мың жыл бұрын алғашқы біртұтас неміс мемлекетінің негізін қалаған Қасиетті Рим империясы Сали әулетінің императорлары мәңгілікке дамылдап жатыр. Марқұм Гельмут Кольдің денесі бұл қорымға әкелінуі де тегін емес еді. Көзі тірісінде мұнда жиі келіп, жергілікті епис­коппен достық рәуіште араласып тұрған ол 2001 жылы бірінші әйелі Ханнелоре өзіне-өзі қол салып, қайтыс болғаннан кейін осы соборда жаназасын ықтияттатты. Ал қайтыс болар алдындағы өсиетінде экс-канцлер өзін осында жерлеуді өтінген сыңайлы. Сірә, кілең патшалар жатқан жерден өзіне де орын тиетініне еш күмәндана қоймаса керек.

Сөйтіп, Германияның тарихында XX ғасырдағы ең көрнекті саясаткер ретінде қалған Гельмут Коль өзінің әке-шешесі, бауырлары, бірінші әйелі жатқан әулеттік Людвигсхафен зиратынан емес, Шпайер соборының погостынан мәңгілік мекенін тапты. Бұған оның моральдық жағынан да құқы бар еді. Ол – өзінің қолында болған мүмкіндікті іс жүзінде толық жүзеге асыра білген бірегей адам. Сондықтан онымен бұлайша қоштасу, императорлар жатқан жерден орын сайлануы Германия үшін де, тіпті бүкіл Еуропа үшін де әділдік болып табылады.

Мына жарық жалғандағы ақырғы сапарына осыншалықты көңіл бөлініп жатқан Гельмут Коль шын мәнінде қандай адам, қайраткер еді? Оның өлімінің өнеге алар тұсы неде? Енді осыған келейік. Бүгінде Германия мен Еуропада оның екі Германияның қосылуы мен континент интеграциясын жасаудағы іргелі істеріне ешкім күмәнмен қарай алмайды. Бірақ «герман бірлігінің канцлері» атанған аса көрнекті саяси қайраткер өмірінің соңғы жылдарында оның көңіліне қаяу түсіретін оқиғалар да аз болған жоқ. Сондай бір үлкен жанжал Кольдің мектеп жасында мүшелігіне қабылданып, кейін ширек ғасыр­дан астам уақыт бойы тізгінін өзі ұстаған Хрис­тиан-демократиялық партиясының (ХДС) астыртын жолмен қаржыландырылуы салдарынан шықты. Алайда Гельмут қасарысып тұрып алған жоқ, жеке өзінің есімі құпия ұсталған бір меценаттан партияның ісі үшін ақша қабылдап алғанын бірден мойындады. Осы жанжал мен оның осыған байланысты айтқан адал сөзі көп адамның көңілінен шыққанымен, бұрынғы канцлердің өзі өсірген кадрларының бірі – Ангела Меркель бастаған жақтастары тарапынан қатты сынға ұшырады. Коль мұны сатқындық деп қабылдап, олармен ат құйрығын үзісті. Жалпы, бұрынғы канцлерде жартыкеш іс, жартылай дүние деген болмаушы еді. «Оның ұғымында не жақсы, не жаман, не дос, не қас қана, екінің бірі болатын, – деп жазды Süddeutsche Zeitung. – Ол өзімен байланысы үзілгендерді тек «сатқын» деп қана санайтын. Соңғы жылдары оның ішкі саяси әлемінде бұл категорияға жататындар қатары айтарлықтай көбейіп кетті».

Қазір көп адам Коль өзінің қаралы жиыны мен жаназасының Германияда жасалуын қаламады дегенді айтып жүр. Соның ішінде өзіне саяси оппонент саналып қалған неміс қайраткерлерінің өзі жайында сөз айтуларына қарсы болған сияқты. Бұлардың арасында өзі жастайынан баулыған, қызындай болған Германияның қазіргі канцлері Ангела Меркель мен тіршілік тірнегінде ата жауы деп есептеген федералды президент Франк-Вальтер Штайнмайерге қарсы болған көрінеді. Бұған себеп, Коль 1998 жылғы сайлауда Герхард Шрёдерден жеңіліп қалғаннан кейін федералды канцлер ведомствосының басшысы болған Штайнмайер оған үкімет архивіндегі бірқатар құжаттарды қасақана жойып кетті деген кінә тағыпты. Өзін биік мораль мен адалдықтың адамы санайтын Коль бұл айыптауды өте ауыр қабылдап, оны өмір бойы кешірмей өтті. Айтқандай, құжаттардың шын жоғалғанын кейін ешкім дәлелдеп те бере алмады. Коль сондай-ақ Меркельді ХДС «қара кассасына» орай туындаған жанжал кезінде қарсы шыққанынан бөлек, өзін Еурокомиссияның бұрынғы басшысы Жозе Мануэль Баррозу Нобель сыйлығына ұсынған кезде қолдау көрсете қоймағаны үшін де кеше алмады.

Ұзақ жылдар бойы лауазымды қызмет атқарғанымен, елі үшін шөп басын сындырмаған, не тындырып кеткені белгісіз тұлғалар аз ба? Ұрпағым да, тарих та біледі орнымды деп, батыл кесіп айта алатын, Коль сияқты аманат қалдырып, талап қоятын саясаткерлер көп пе мына заманда? Үлкен қызметте отырып, үркердей тірлікке тін салып беріп кете алмағандар қанша! Біз тіпті сол өмірден өтіп кеткен толымды тұлғаларымызды бағалауға келгенде алуан түрлі ала-құлалық пен әділетсіздіктерге, жүйе­сіздікке, көңілжықпастыққа ұрынып жүрген жоқпыз ба?

Саяси аренадағы өмірі осылай алас-қапас арнада өткен Гельмут Кольдің жеке өмірінде де жанды жаралайтын жайттар аз болған жоқ. Алдымен жастайынан қосылған қосағы, тіршіліктегі тірегі Ханнелора өмірден өтті. Оның қазасынан кейін арада 7 жыл өткен соң, 2008 жылы Гельмут өзінен 34 жас кіші, 1964 жылы туған қазіргі әйелі Майке Коль-Рихтермен көңіл қосты. Дерек көздері бұлардың бір-бірімен үкіметте бірге жұмыс істеген кездерден жақсы таныс екенін жеткізеді. Қалай дегенде де, Гельмуттың бірінші әйелінен туған ұлдары мен немерелері жаназаға келген жоқ. Жұрт бұлай болуына өгей шешенің қатысы бар дегенді айтады.

Бірақ өмірінде осындай қайшылықтар мен кереғарлықтар көп болып, дәйім өзіне тән бірбеткейлік байқатып келгеніне қарамастан, жұртшылық Гельмут Кольды ақтық сапарына абыроймен аттандырып, ақ арулап жерледі. Бұл ең алдымен оның отан мен халық алдында сіңірген есепсіз еңбегіне берілген баға еді. Қанша жерден жолды жауып, марқұм аманатында тиянақтап бақса да, Германия қазіргі басшылары өзге бірқатар елдердің лидерлері қатарлы Страсбургке келіп, марқұмға шынайы қошеметтерін білдірді. «Егер Коль болмаса, мен осында тұрмас едім, ол көп адамдардың тағдырын өзгертті» деді А.Меркель. Мұның бәрі Еуропа жұртының азаматтың асқақ тұлғасына лайықты құрмет көрсетіп, құндылықтарды бағалау дегенге келгенде, жоғары мәдениеттің үлгісін үйлестіре алатынын танытты.

Бұл жайт біздің де ойымызға талай нәрселерді салып кетті. Тұңғыш рет бүкіл Еуропа бірлесіп жер қойнына тапсырған, барша Еуропаны біріктіруші деп баға берген Гельмут Кольдің ақырғы аманаты билік басындағыларды әрқашан ойландыруы тиіс. Неге? Себебі 16 жыл Германияны басқарғаннан кейін 20 жыл бойы саясат сахнасында көрінбей, жарқылдап жүруге сая­си және жеке өмірі мүмкіндік бере қоймаған тұлғаның соңғы аманатында өзінің ел алдындағы, тарих алдындағы орнын айқындай алуы деп айтар едік. Әйтпесе, көп елде бұрынғы басшының өлуі, кейінгі ұрпақтың көмуі біледі дегендей үрдіс бар екенін жасыра алмаймыз. Ұзақ жылдар бойы лауазымды қызмет атқарғанымен, елі үшін шөп басын сындырмаған, не тындырып кеткені белгісіз тұлғалар аз ба? Ұрпағым да, тарих та біледі орнымды деп, батыл кесіп айта алатын, Коль сияқты аманат қалдырып, талап қоятын саясаткерлер көп пе мына заманда? Үлкен қыз­метте отырып, үркердей тірлікке тін салып беріп кете алмағандар қанша!

Біз тіпті сол өмірден өтіп кеткен толымды тұлғаларымызды бағалауға келгенде, алуан түрлі ала-құлалық пен әділетсіздіктерге, жүйесіздікке, көңілжықпастыққа ұрынып жүрген жоқпыз ба? Басқасын айт­пағанда, кешегі кеңес кезеңінде қарапайым халыққа титімдей де пайдасы болмаған лауазымдылар мен сол жүйеге қарсы шығып, жұрты үшін жанын берген қаһармандарымыздың бүгінгі күндері әртүрлі елді мекендерде, ірі қалаларда көшелері қатарласа «сап түзесіп» тұрғаны қалай? Сонда осы уақытқа дейін тәуелсіздіктің ширек ғасырында кімнің кім екенін толық ажыратып болмадық па? Әлде «өткеннің бәрі – әулие» деп, салауат айтып, бәрін қаз-қатар қойып отыра береміз бе? Тарих ертелі-кеш ақиқатты су бетіне шығарады, сол кезде ұрпақ алдында ұятқа қалмайық. Бір ғана мысал, «Астана ақшамы» газеті үстіміздегі жылғы 30 мамырда жазғанындай, өткен ғасырдың сонау 20-30-шы жылдары қазақ халқы Торғай өңірінде, батыста қолдан нақақ жасалған аштық салдарынан қынадай қырылып жатқанда, тіпті, туған ауылдарына көмек қолын созбаған Қазақстанның сол кездегі басшылары Сейтқали Меңдешев пен Әліби Жангелдиннің есімдері аталды.

 

Тек қазақ халқы ғана емес, күллі түркі әлемінің тұтастығын, Орталық Азиядағы түркі жұртының бостандығы мен бірлігін көксеп, сол жолда ақтық демі шыққанша күресіп өткен, бүкіл түркі дүниесі мойындаған Мұстафа Шоқайға туған жері – Шиелі кентінде қойылған көзге қораштау ескерткіштен басқа ештеңе жоқ. Кеңес көсемдері құрлы бағасы болмады. Ал сол толымды тұлғаның, өзге де кешегі Алаш арыстарының асқақ бейнесі Қазақстанның кез келген қаласынан маңдайы жарқырап шыға келсе, ұрпаққа сабақ болар еді ғой. Мұндай қарама-қайшылыққа толы мысалдар бізде бүгінде жүз-жүздеп табылады.

Мәселен, Астанада көпшілік біле бермейтін кеңес заманындағы әнші апамыз есімі ұзындығы бес шақырымнан асатын даңғылға берілген, ал Алаш арыстарының кейбірі 500 метрден артық құрметке ие бола алмай отыр. Бұл үрдістен миллионға жуық тұрғыны бар Шымкент те қалыспапты. Мұнда Өзбекәлі Жәнібеков көшесінің ұзындығы 1 шақырымға жетпейді, ал кеңес заманында аудан басқарып, кейін істі болған кісіге жаңа әкімшілік орталықтың бас даңғылы бұйырып, 7-8 шақырымға дейін созылып жатыр.

Осы орайда таяуда қайтыс болған өзіндік айшықты қолтаңбасы, өз үні мен пікірі бар орыстың бірегей жазушысы Даниил Граниннің әр қоғамда кездесіп тұратын тарихты бұрмалаушылық жайына қатысты айтқан бір тұжырымы ойға оралып отыр. Ол жақында ғана «Комсомольская правда» газетінің тілшісімен жүргізген әңгімесі барысында: «Тарих – тез бұзылатын өнім. Ол шіриді. Ол тіпті қолды болады. Бірақ ақыр соңында бәрібір салтанат құрады» деген еді. Бұл пайымда шындық бар.

Осыған ұқсас ұстанымды таяуда ғана «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та білдірді. Елбасы көне замандағы Рим императоры, философ Марк Аврелийдің халық өзінен: «Неге сенің ескерткішің жоқ?» деп сұрағанда, мұндай сауалдың кейін елдің өзінен шыққанын қалайтынын айтып жауап бергенін жеткізе келіп, өзіне қойылған нақтылы сұраққа байланысты: «Бұл менің бастамам емес. Мен ондайға қарсымын. Дәл осы мәселе алдымнан қайта-қайта шығады. Адамдар атқарылып жатқан жұмысты көріп, мені бағалайтын шығар, ол үшін қуанамын. Дегенмен әр сая­саткер, әр мемлекет басшысы өз ісімен ел есінде сақталуы тиіс» деген ой орамын келтірген еді.

Өткен ғасырдың 1933-1938 жылдары Голощекиннен кейін Мәскеуден арнайы жіберілген Левон Мирзоян Қазақстанды басқарды. Елімізде қолдан жасалған ашаршылық салдарынан халықтың әбден тұралаған кезінде келіп, аштыққа ұшырап босып кеткен елдің жағдайын түзеп, еңсесін көтеру жолында біраз көрнекті тірліктер атқарғанын көрген жергілікті халық Левон Исаевичті сол үшін бірден жанына жақын тұтып, «Мырзажан» деп атап кетті. Бұған, бәлкім, бұл саяси тұлға ата-тегінің осыған үйлесіп келіп тұрғаны да әсер етсе керек. Есі шыққан жұрт мұнымен де тоқтамады, 1936 жылы Әулиеата атанып тұрған қазіргі Тараз қаласына тіпті Мирзоян есімін беріп те жіберді. Ақтөбе, Жамбыл облысында аудандар да сол кісінің есімімен аталды. Бұл құрметтің қолпашы 1938 жылы ол ұсталып кеткенге дейін созылды. Не дегенде де, ақкөкірек, аңғал қазақ жұрты бұдан кейін де Мырзажанның өзіне сонша адал болғанына көп жылдар бойы имандай сенді, сондықтан 1958 жылы ол ақталғанда да, өзінің аттары елге қайтқан айтулы арыстары қатарында оған да айрықша қуанды. Мирзоян есімі қайтадан республикадағы қалалар мен ауылдардағы әртүрлі мәдени-көпшілік нысандары мен көше аттарын алды. Сол құрмет пен қошеметтің сыбағасы бұдан 7 жыл бұрын, Левон Мирзоянның Қазақстанды басқарған жылдардағы шын бет-бейнесін айғақтап беретін тарихи құжат табылғанға дейін жалғасты. Ал бұл құжатта – Мирзоянның 1937 жылғы 1 желтоқсанда Сталинге жазған «құпия» деген грифі бар хатында ол мұртты көсемнен қазақ интеллигенциясының 3 мыңға жуық өкілін репрессияға ұшыратып, атуға кесу жөнінде рұқсат сұраған екен.


Мирзоянның қолы қойылған хат соңында: «Бізге бірінші категория бойынша 8 мың, екінші категория бойынша 8 мың антисоветтік элементтерді репрессиялауға құқық берілді. Бұл лимит толық пайдаланылып, 1600 адамға асыра орындалды. Қалғанын толық жою үшін екі категория бойынша тағы да 1600 адамды репрессиялауға рұқсат етуіңізді сұраймыз» делінген. Мұның дерегі біздің тарихшыларға тек 2010 жылы ғана белгілі болды. Оның мәтіні 2012 жылы әлеуметтік желіге шыққаннан кейін ғана халыққа жетті. Осылайша кеңес кезеңінде пайда болып, қалыптасып қалған, жетпіс жылдан астам уақыт халықпен бірге жасасып келген бір мифтің күлі көкке ұшты. Бұл ақиқатын тарихтың қалайда айтатынын тағы да бір мәрте көрсетіп берді. «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп ұлы ақын бекер тебіренбеген. Шаң басқан бір парақ қағаз бүкіл көзқарас пен сананы өзгертіп жібере алады.

Біз бұл әңгімемізді бекерден-бекер Гельмут Кольге қатысты өрбіткен жоқпыз. Шын мәнінде елі үшін ерен еңбек сіңірген және өзінің қадірі мен бағасын көзі тірісінде-ақ болжаған оның талайлы тағдыры талай саясаткерге сабақ. Оның өмірінің соңғы жиырма жылында орын алған саяси, тұрмыстық ұсақ-түйек жәйттер жарқын бейнесіне көлеңке түсіре алған жоқ. Ол өзіне ескерткіш қойғызған жоқ, ізгі істер, нәтиже, естеліктер қалдырды. Ал ертеңгі ұрпақтың елде неге оның ескерткіші жоқ деп сұрайтыны еш күмән тудыр­майды…

 

Еркін ҚЫДЫР

потребительский кредит без справок и поручителей

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button