Басты ақпарат

ЖАСЫЛ ТЕХНОЛОГИЯ ҮРДІСІНДЕГІ ЖАҢА ВОКЗАЛ



Жд-эстакада

ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесі қарсаңында пайдалануға берілетін басты нысандардың бірі – елорданың жаңа вокзалы. Мыңжылдық аллеясында бой көтеретін ғимараттың іргетасы құйылып бітіп, енді қабырғасы тұрғызылып жатыр. Нысанның құрылысын салуға 1300 маман тартылған.

«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа вокзалдың ұзындығы 630 метр, биіктігі 49,5 метр, ені 116 метрді құрайды. Бұл дегеніңіз – ат шаптырымдай аумақ. Мысалы, Астананың қазіргі қолданыстағы вокзалы тәулігіне 7 мың адамды қабылдай алады. Ал жаңа вокзалдың қауқары тәулігіне 35 мың жолаушыға қызмет көрсетуге жетеді. Аумағы жағынан ескісінен 11 есеге үлкен болып тұр.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының Ірі жобаларды жүзеге асыру жөніндегі дирекцияның директоры Владимир Клингтің мәліметінше, жаңа вокзалды салуға жасыл технологиялар көбірек пайдалануда. Заманауи құрылғылардың бәрі жолаушыларға барынша қолайлы жағдай жасауға арналған. Айталық, вокзал термальдық көздер арқылы жылытылатын болады. Мұндай технология ғимаратты қыста жылытса, аптап ыстықта салқындатып ұстап тұрады. Нысанда орнатылатын лифтілер де, эскалаторлары да қуат үнемдегіш құрылғылармен жабдықталмақ.
Жоба бойынша вокзал алты қабаттан тұрады. Пойыздар тура вокзал ішіне кіретін болады. Ол үшін жабық үлгідегі алты эстакада салынуда. Эстакаданың әрқайсысының ұзындығы 2550 метрді құрайды. Бүгінде осы эстакадаға қажет тіреуіштердің 87-сі тұрғызылыпты.
Қазіргі таңда жаңа вокзал құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұйыртса, 2017 жылдың наурыз айында пайдалануға берілмек.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button