Ел тынысы

Жазаны күшейтетін заңды мақұлдады

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарап, мақұлдады.

Заңдардың басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік сая­саттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу.

«Президентіміз Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында арнайы заңдар әзірленді. Осылайша, әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізіліп отыр. Сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауап­кершілік күшейтілді» деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы осы заңдар аясында өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған ережелер де қарастырылғанын атап өтті. Заң нормалары арқылы тиісті уәкілетті органдардың өкілеттіктері айқындалады. Отбасын қолдау орталықтары және «111» байланыс орталығы сияқты ұйымдардың құзыреттері де заңнамалық деңгейде белгіленеді.

«Мақұлданған заңдарға сәйкес енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Өз кезегінде сот қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның тәртібіне қатысты ерекше талаптар белгілей алады. Сондай-ақ буллинг, кибербуллинг балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кету әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр. Алдағы уақытта бұл заңдар әйелдер мен балалардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз» деді Палата Спикері.

Заң жобасында мынадай өзгерістер қарастырылған:

кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады, тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді;

денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргендерге шектеу жазасын тағайындауға тыйым салынады;

бала өлтіргендер, бала зорлығына қатысы барлар және балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендерге өмірлік түрме жазасы енгізіледі;

16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиіскендерге жауапкершілік енгізіледі – Қылмыстық кодексте арнайы бап пайда болады;

Бұдан бөлек, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, Қылмыстық кодекс жаңа қылмыс құрамымен толықтырылады;

Заң жобасында өзге де өзгерістер қарастырылған. Кәмелетке толмағандарға буллинг жасағандарға, 16 жастан аспаған балаларды қоғамдық көліктен түсіргендерді жауапқа тартуға мүмкіндік беретін Әкімшілік кодекске баптар енгізілмек. Заң сонымен бірге кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шара қолданбаған ата-ана немесе заңды өкілге де жауапкершілік жүктейді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button