Жаңалықтар

ЖЕЛ ҚУАТЫН ЖИНАЙТЫН ДИІРМЕН



2

Энергияны тиімді пайдалану мәселесі әлем елдерінің күн тәртібіне қойылғалы қашан?! Батыста жылу энергиясының ысырап мөлшері – алты, ал электр энергиясынікі  – он пайызды құрайды екен. Біздегі бұл көрсеткіш – отыз бен қырықтың арасында. Осынау олқылықты түзету үшін баламалы қуат көзін барынша жан-жақты қолданғанымыз жөн. Яғни, «жасыл экономикаға» көшкенде ғана жағдайымыз жақсарады. Сол мақсатта отандық өнертапқыштар бірқатар жаңа жобаның тұсауын кесіп, пайдалы һәм парықты ұсыныстарын алға тартуда. Әсіресе, жас инженер Ардақ Бердібековтің жасаған жел диірменіне біздің назарымыз бірден ауды. Ерекше құрылғы «Шыңғыс ханның жел турбиналары» деп аталады.

 Қондырғының сырт көрінісі зырылдауыққа ұқсас. Оның өзгешелігі – дәл осы пішінінде. Гироскоптың жұмыс істеу қағидасына сүйеніп, ең қатты желге төтеп береді әрі өте орнықты. Дәстүрлі жел турбиналарының іске қосылуына кемінде 5 м/с жылдамдықпен соққан жел керек болса, біздің кейіпкеріміздің диірменіне 1м/с жылдамдықтың өзі жеткілікті.

– Әдетте барлық жел генераторлары ауа ағынын аудан бойымен тілгілейді. Яғни, қамтылатын ауа шаршы метрмен өлшенеді. Ал «Шыңғыс хан» қондырғысы бөлекше құрылысының арқасында ауаны көлеммен жинақтап, нәтижесі текше метр түрінде есептеледі. Байқап отырғаныңыздай, осыдан кейін өнімділік коэффициенті де жоғары. Екіншіден, құрылымы қарапайым. Бөлшектері жиналмалы болғандықтан, тасымалдауға оңай. Үшіншіден, диірменнен тарайтын шу мен тербеліс  нарықтағы нұсқалармен салыстырғанда әлдеқайда аз. Төртіншіден, роторы кез келген жел бағытымен айнала береді, арнайы бағдарлауды қажет етпейді. Бесіншіден, қызмет ету мерзімі ұзақ, – деп түсіндірді Ардақ. Қондырғыны аурухана, мектеп, балабақша, өнеркәсіп орындары, қоймаларда, сондай-ақ, әскери-қорғаныс нысандарында орналастыруға болады.

Америкалық Жел энергиясы қауымдастығының мәліметінше, 100 киловатқа  дейінгі қуат беретін вертикалды турбиналардың әлемдік сатылымы былтыр 156 миллион долларды құрапты. Оның 77 миллионы АҚШ-қа тиесілі. Бұл цифрлардың жылдан-жылға өсіп бара жатқанын ескерсек, жел диірменінің қаншалықты қажет дүниеге айналғанын ұғыну аса қиын емес. Әлгінде біз айтқан генераторлардың орташа бағасы – белгіленген қуаттылыққа шаққанда шамамен 2-3 мың доллар. «Шыңғыс хан» диірмені бұдан біршама арзан, «Kunti Solutions» консалтингтік компаниясы оны 1 мың долларға бағалапты. Сондықтан әлеуметтік тұрмысы нашар елдерде де құруға ыңғайлы.

Инновациялық өнімге жаһан жұртшылығы қызығушылық танытуда. Ғылым мен технологиядағы жетістіктерді анықтайтын «GIST Tech-I Competition» атты халықаралық байқауда Ардақтың диірмені қазылар алқасының көңілінен шыққан. Кенияның Найроби қаласында өткен осы жарыста 792 жоба сынға түсіпті. «Біздің қондырғымызды көбісі ұнатты. Бүгінде түркиялық «Alka Group» компаниясымен келіссөздер жүргізудеміз. Болашақта АҚШ-тың «Helix Wind», «UGE», Қытайдың «SAWT», «AEOLOS», Италияның «Flexienergy» сияқты үздік фирмаларымен келісім-шарт жасасқымыз келеді. Бұйырса, 2017 жылғы «EXPO»  көрмесіне дайынбыз» дейді Ардақ.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға қарай балама энергияны елімізде өндірілетін барлық энергияның жартысына жақындатуды, ал 2020 жылға дейін Қазақстанда қуат тұтынуды үнемдеу жылына кемі 2,5 пайызды құрауы тиістігін тапсырған-ды. Бұл бағытта іске асырылып жатқан шарапатты шаралардың молайғанына шындап қуандық.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button