Басты ақпаратЕлорда тынысы

Желегі жайқалған Астананы көргім келеді



Қазақстанның Еуропа құрлығындағы негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі – Ұлыбритания. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 60 пайызға өсті. Сонымен қатар бұл ел Қазақстанның ең үздік 10 инвесторының қатарына кіреді, соңғы 8 жыл ішінде республикаға шамамен 16,5 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвес­тиция салынған. Жалпы қос ел барлық бағыттар бойынша өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге ниетті. Сол қарым-қатынастар және Астананың 25 жылдығы тұсында елорданың дамуы туралы пікірін білуге Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кэти Лич ханыммен сұхбаттасқан едік.

– Кэти Лич ханым, өзара ынтымақтастық орнатқалы бері Ұлыбритания мен Қазақстан орнықты әрі берік қарым-қатынастың негізін қалады. Соның ішінде қандай салалардағы бірлескен жұмыстарды атап айтар едіңіз?

– Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы 32 жылдық ынтымақтас­тықтың алтын діңгегі – екі жаққа да зор мүмкіндіктер ұсынған  білім саласы. Біз осы ретте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен университеттер арасындағы жаңа серіктестікті дамыту жұмыс­тарын бірлесе жүргізгенімізге өте қуаныштымыз. Мәселен, былтыр Алматыда Де Монфор университетінің британдық кампусын алғаш рет ашуымыз үлкен жетістік болды. Биыл қыркүйек айында шотландтық инженерлік Heriot-Watt жоғары оқу орнының Ақтөбе университетімен әріптестігіне негіз қалаймыз. Білім саласынан бөлек, тағы екі бағыт бар. Атап айтсақ, энергетика саласы біздің британдық компаниялармен, мұнай газ флагмандық жобаларының негізгі инвесторларымен ынтымақтас­тықтың негізгі бөлігі саналады. Соған қоса қазіргі таңда біз жасыл энергия, аккумулятор технологиясы мен басқа да жоғары технологиялы салалар үшін қажет ынтымақтастықты орнатуға мүдделіміз. Екі ел арасындағы экологиялық таза сутегі мен аса маңызды минералды шикізатты дамыту саласындағы стратегиялық әріптес­тік туралы меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар Қазақстан мен Ұлыбританияның геологиялық қызметтері арасындағы байланысты нығайтып, алдағы зерттеулерімізге тың серпін береміз деген үміттеміз.

– Қазақстандағы жалпы тауар айналымының құрылымында Ұлыбританияның үлесі – 1,1%, экспорт құрылымындағы үлесі – 1,2%, импорт құрылымындағы үлесі – 0,9%. Екі елдің негізгі импорттық және экспорттық тауарларының қатарына қандай өнімдер кіреді?

 

– Ұлыбританиядан Қазақ­станға импортталатын тауарлардың негізгі санаты – автокөліктер мен басқа да моторлы көліктер. Негізгі импортқа сондай-ақ этил спирті, өндірістік құрылғылар, электр аспаптары мен аппараттары бульдозерлер, дәрі-дәрмектер, сорғылар мен сұйықтықты көтергіштер, крандар мен клапандар жатады. Инвестициялардың ең көп көлемі кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласына түседі. Британдық инвесторлар үшін алғашқы үш бағыт мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру, сондай-ақ қаржы және сақтандыру қызметі болды.

– Еліміздің Астанасы биыл 25 жылдығын атап өтеді. Өзіңіз елші болып тағайындалғаннан кейін елордаға 2021 жылы тамыз айында келдіңіз. Астананың дамуы, сәулеті, мәдениеті, өркендеу жолдарын қалай бағамдар едіңіз?

– Астана – қала ретінде таңғажайып жетістіктер нәтижесін көрсеткен шаһар. 25 жылда осыншама көп жұмыс атқарылғанына қазір айтсаң, біреу сенсе, біреу сенбес. Біз үшін «Хан Шатыр» мен «Пирамида» және басқа да ғажайып ғимараттардың жобасын жасаған британдық сәулетші Норман Фостер екені – зор мақтаныш. «Нұр Әлем» музейі де сәулетімен тамсандырады. «Астана Опера» мен «Астана Балет» мәдени ошақтарының ғимараттары да теңдессіз сұлулығымен көз тартады. Мұнда классикалық шығармалар негізін сақтай отырып, өнер ұжымдары заманауи тамаша қойылымдарды сахналайды.

Жеке өзім үшін Астанада қатты ұнайтын екі жер бар. Мен қалада Президенттік парк жанында тұрамын. Маған осы парктің жобасы ерекше ұнайды, яғни саябақтың қалай жобаланғаны қызықтырады. Әр барған сайын өзіме жаңа бір дүние табамын. Қалған парктердің бәрі сондай болуы керек. Сонымен қатар мен тұратын жерден Ұлттық музей ғимараты да көрініп тұрады, оның көк тіреген төбелері тауларға ұқсайды немесе тау сағалай аққан бұлаққа да келеді.

Елордада маған ұнайтын тағы бір орын – оң жағалаудағы Концерттік зал мен Целлиниктер кафесі. Мұнда жеңіл тамақтанып алған бойда немесе концерттен шыққаннан кейін бірден өзен жағалауына серуендеп кете беруге болады. Өзен жағалай қыдырып жүргенде ерекше бір жайбарақат тірлікті, адамдардың достығы мен мейірімін сезінесің, бұл маңда жарқын жүзді жастар мен кішкентай бөбектерін ерткен жас отбасылар өте көп жүреді.

– Әлемдік экономиканың болашағы туризммен анықталады. Екі ел арасындағы туризм саласы қалай дамып, өзара ынтымақтастыққа қандай әсерін тигізіп отыр?

– Елдер арасындағы қарым-қатынасқа оң әсер ететін сала – әрине, туризм. Себебі бұл түрлі мемлекеттердің адамдарын өзара жақындастырып, оларға басқа елдің ең жақсы тұстарын көруге септік етеді. Өткен жазда мен балаларыммен Алматы маңайындағы көлдер мен таулар жанында тамаша демалыс өткіздім. Басқа да британдық саяхатшылардың Иордания сияқты шөлдерден Швейцария сияқты тау­ларға дейінгі ландшафтары бар Қазақстан деген елге турист болып келгенін қалар едім.

– Елорданың бүгінгі дамуында өзіңіз байқаған қандай кемшіліктерді атап айтар едіңіз?

– Астанаға қазіргі таңда не жетіспейді? Менің ойымша, халықты қала орталығына жеткізуде қоғамдық көлікпен тұрақты тасымалды қамтамасыз ету керек, әрбір ірі қалада қоғамдық көліктердің озық жүйесі қалыптасуы тиіс. Сонымен қатар қалдықтарды жинақтауда тәртіп керек, бөтелкелер, банкалар мен қағаздар және пластиктерді Еуропадағыдай жою жолын енгізгенін қалар едім. Сондай-ақ егде адамдар мен балалар көлеңкеде демалуы үшін ағаштар мен парктерді көбейтсе, керемет болар еді. Мәселен, Талдыкөлде тағы бір тамаша табиғи парк ашылса ғажап қой.

– Урбанизация үрдісінде сіздің елдегі үлкен шаhарлардан жас елорданың нені үйренуіне болады?

– Тағы қайталап айтамын, дамыған елдердің астаналарынан алар өнегеміз – олардың қоршаған ортаға, яғни ауа мен судың тазалығына, көгалдандыруға, қала ішінен үлкен парктер ашуға басты назар аударатындығы. Ал жаппай құрылыс сала беру – үлкен қателік. Астана қаласын ұзақмерзімді перспективада өмір сүруге жайлы ету үшін жасыл көшеттерді көптеп отырғызуға көңіл бөлу керек. Адамдар өз пәтерлерінен тыс көк шөпке аунап, балаларымен табиғат аясында ойын ойнап, таза ауа жұтатындай парктерге тез бара қою мүмкіндігі болғанда ғана өзін бақытты сезіне алады. Мысалы, Нью-Йорктегі Орталық паркті, Лондондағы Гайд-парк, Сент-Джеймс-парк немесе Риджентс-паркті алыңызшы. Бүгінде қала тұрғындарына керемет демалыс сыйлатын бұл кеңістіктер, Құдайға шүкір, кезінде құрылыс салуды көздеген жобалаушылардың қолынан аман қалған. Міне, қаланы ерекшелейтін және оның бүкіл қан тамырына жан бітіретін – осындай парктер.

– Астанадан алған алғашқы және кейінгі әсеріңізбен бөліссеңіз? Елордалықтар сіз үшін несімен ерекше?

– Мені Астанада бірінші таңқалдырған дүние ол – сан мыңдаған жұлдыздардай жарқыраған түнгі қала болды, әдемі ғимараттардың түндегі жарығы қаланы ерекше бір сиқырға бөлейді. Ал жақында таңқалуыма себеп болғаны – өткен демалыста ғана Триатлон паркте ұйымдастырылған Iron Man жарысы болды. Қазақстан азаматтарының аталған спорт түрі бойынша жарысқа осыншама белсенділікпен қатысып, оларды отбасыларының ерекше қолдап келіп тұрғанын көріп, қатты риза болдым. Жалпы алғанда, елордадағы халықтың өзара достығы мен татулығы – мұндағы қауіпсіздіктің жоғары деңгейі шетелдіктерді өзіне тартатын басты ерекшеліктерінің бірі. Өз басым, жалғыз серуендегенді ұнатамын, жиі такси ұстап, дүкендер аралаймын, сол кезде қаладағы қауіпсіздік пен адамдардың мейірімділігінен өзімді жайлы сезінемін.

– Қазақтың қандай салт-дәстүрімен таныстыңыз, мемлекеттік тілді үйренуге талпынып көрдіңіз бе?

– Өткен аптада ғана Қазақстанға келгелі бірінші рет шақыртумен қазақша тойға барып қатыстым. Маған асабаның той басқарудағы шеберлігі, тойда айтылған тілектер мен ойындар қатты ұнады. Тіпті алып аюлар мен билейтін брейк-данстар да тойдың сәнін келтірді. Тойда бәрі қазақша сөйлесті. Мен барынша олардың сөзін түсінуге тырысып бақтым, қазақ тілі – өте әдемі және күрделі тіл. Қазіргі таңда арнайы оқытушы жалдап, қазақ тілін үйреніп жатырмын. Біртіндеп толық меңгеріп кетемін деп сенемін.

– Елорданың қай жыл мезгілі ұнайды? 

– Ауа райына келсек, Астанада алты ай қыс жататыны, суық маусымы ұзаққа созылатыны қиындау. Алайда мұндағы қыс­тың басым бөлігі шуақты болып тұрады. Қар жаңадан жауып, әрі сол кезде аспан да ашық болып, жарқырап тұрса расымен әдемі емес пе? Ал жазда күн ашық, ауа райы жылы болады. Ұлыбританияда бұл маусымда ауа райы өте құбылмалы. Астанада тек көктем мен күздің тым қысқа уақытта өтіп кететіні ғана сәл ұнамайды. Ұлыбританияда көктем менің ең сүйікті мезгілім десем болады, себебі ол жақта менің бау-бақшам бар, сондағы нәркес пен қызғалдақтар көктемде гүл ашып, құлпырады.

– Астананың 25 жылдығына қандай тілек айтар едіңіз?

– Астана мен оның тұрғындарына мерейтой аясында бар жақсылықты тілеймін. Ағылшын тілінде: «Біз бая­ғыда егілген ағаштардың саясында демаламыз» деген нақыл сөз бар. Ал қазақтар: «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Бұл біздің ата-бабаларымыз болашақты болжағыш, көреген болғанын білдіреді. Келешегін ойлаған ел болашақ ұрпақтары үшін  парктер мен театрлар, университеттер мен қоғамдық орындар салады. Сондықтан да мен Астанада бүгінгідей өсу қарқынымен бірге шаһардың тамаша тарихы қалыптасып, сонымен бірге келер ұрпақ қамы үшін ғажайып ағаштар өсіріліп, түрлі керекті ғимараттар салына берсе деген тілегімді білдіргім келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button