ЖаңалықтарРуханият

ЖЕҢІС АҚЫННЫҢ ЖЕМІСІ



taghzym

 ҚР Ұлттық акаде­миялық  кітапха­насында ақын Жеңіс Қашқыновтың туға­нына 75 жыл толуы­на арналған «Ерттеп міндім өлеңнің дүлдүл атын» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтті. Кеш барысында ақынның «Тағзым» жыр жина­ғының тұсауы кесілді.

АҚСОРАҢ МЕН АЛАТАУДЫ ЖАЛҒАҒАН

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданының аумағында Ақсораң аталатын тау бар. Сарыарқаның ең алып тауларының қатарына жататын оның биіктігі – 1565 метр. Сол маңайда дүниеге келген Жеңіс ақын бастауышты аяқтағаннан кейін Алматыға барып, немере ағасы, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Әсет Болғанбайұлының үйінде жатып оқыды. Сондағы С.М. Киров атындағы №12 қазақ орта мектебін бітірді. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде, Қазақ радиосында, «Мектеп» баспасында қызмет істеді. Сондықтан жерлестері арасында ақын туралы «Ақсораң мен Алатауды жалғаған» деген сөз айтылады. Осынысымен ол соңынан ілесіп шыққан ақындарға үлкен поэзияға жол салып бергендей болды. Мәселен, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Абзал Бөкеннің Жеңіс ағасын мұзжарғыш кемеге теңегенін өз құлағымызбен естіген едік.
Ал Жеңіс Қашқыновтың ақындық жолға түсуіне кімдердің әсері тиді? Ол туралы ақынның өзі көзі тірісінде жазып кеткен «Сырларым мен жырларым» естелігінде айтылады. Сонда: «Алматыдағы №12 мектепте оқып жүрген кезімде кітап дүкені жанынан өтіп бара жатып, гүжілдеп өлең оқып тұрған ақынның дауысын естіп қалдым. Іште халық көп екен. Сығылысып мен де кірдім. Ат жақты, қыр мұрынды, бидай өңді ақын қолына кітабын алып, өз өлеңдерін оқыды. Жұрттың бәрі ентелей түсіп, сол ақынның аузына қарап қалыпты. Кейін барып білдім, бұл тарлан ақын Тайыр Жароков екен. Сол кітап дүкені ішінде алғаш Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов, Қалижан Бекхожин, Жұбан Молдағалиев, Жұмағали Сайын, Қайнекей Жармағанбетовтерді жүзбе-жүз көріп, өлең оқығандарын тұңғыш өз құлағыммен естідім.
Сол күні түн ортасына дейін ұйықтай алмадым. Әлгі ақындар бейнесі көз алдымнан, үндері құлағымнан кетпей қойды. Осыдан бастап «ақын болсам-ау» деген ой менің де мазамды ала берді. Кейіндері торкөз дәптерге шимайлап өлең жазғандай болдым. Онымды ешкімге көрсетпедім. Тек 9-10-ыншы кластарда оқып жүргенде «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті мен «Пионер (қазіргі «Ақ желкен») журналдарында өлеңдерім жарық көрді» дейді ақын.
Кейіннен ақын радиода жұ­мыс істей жүріп, жоғарыда аты аталған бірнеше қаламгердің және Әбілхан Қастеев, Әли Жү­сіпов, Сахи Романов секілді сурет­шілердің; Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Камал Қармысов, Шолпан Жандарбекова, Сә­бит Оразбаев сынды өнер адамдарының шығармашылық портретін жасап, дауыстарын радионың «Алтын қорына» жаздырып қалдырды.

ЕРМЕКОВТІҢ ЖИЕНІ, ҰЛЫЛАРДЫҢ ІЗІ ЕДІ

Пайғамбар жасында дүниеден озып кеткен ақынды көзімен көріп, тіршілігінде араласқан қаламгерлер қазір арамызда жүр. Еске алу кешінде олар сөз алып, естеліктерді жаңғыртты. Белгілі ақын, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы өткен ғасырдың жет­пісінші жылдарының басында «Балдырған» журналында жұмыс істеп жүргенінде, Жеңіс Қашқынов журналдың бас редакторы Мұзафар Әлімбаевқа жиі келетінін, редакцияның тапсырмаларын орындайтынын айтып өтті.
«Жеңіс аға – өзінің туған жерін керемет жырлаған ақындардың бірі. Ақтоғай – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Күләш Бай­сейітова, Манарбек Ержанов, Нарманбет Орманбетұлы, әрі барсаң Қараменде би шыққан жер. Тақыр жерге шөп шықпайды, Жеңіс Қашқынов сондай қасиетті топырақта дүниеге келді» деді Несіпбек Айтұлы.
Оның сөзін жалғаған ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы Жеңіс Қаш­қы­нов Әлімхан Ермековтің туған жиені екенін, Алаш ары­сының бойындағы биік рух, ұлтжандылық, өткір мәселелерді батылдықпен көтере білу қа­сиет­тері ақынға нағашысынан жұққанын, өзі алдындағы ақын ағасынан көп үлгі алғанын тебі­рене жеткізді. Өз сөзін Серік ақын:
Жүрген жоқ ол жақ ашпай,
Қалған да жоқ таласпай.
Жеңіс, Жеңіс мен үшін
Жемісі көп ағаштай.

Арман аққу жүзеді,
Ақтоғайдай түз еді.
Ермековтің жиені,
Ұлылардың ізі еді.

Туған күні тойланды,
Жарқын еді жайдарлы.
Ақыл-ойы жыр болып,
Ақтоғайға айналды, – деген арнауымен түйіндеді.
Жеңіс Қашқыновты көпшілік балалар ақыны ретінде таниды. ҚР Мәдениет қайраткері Қайырбек Сәдуақасов оның сырын аша түскендей болды. «Жеңіс Қаш­қынов туған кішкентай ғана Қуаныш ауылының қасиеті мынадан білінеді: кезінде бұл ауылға сапарлап барған алып ғалым Григорий Потанин Қуаныштың ақсақалдарынан 27 ертегі жазып алған. Сол ертегілерді естіп өскен Жеңіс аға қалай ғана балалар тақы­рыбына қалам тербемейді?» деді ол.
Жеңіс Қашқынов спортпен де айналысып, еркін күрестен спорт шебері атанған. Ақынмен университетте қатар оқыған жазушы, драматург Өтен Ахмет екеуінің жақын араласуына спорт дәнекер болғанын жеткізді. Осы орайда кешті жүргізген ақын Руслан Нұрбай Жеңіс Қашқыновтың 80 жылдығы келгенде қаламгерлер арасында балуандар белдесуін ұйымдастыру керек екен деген жақсы ұсыныс айтты.
Жазушы, журналист, ха­лық­аралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының лауреаты Жанат Елшібек Жеңіс Қашқыновпен курстасы Дәуітәлі Стамбеков арқылы танысқанын айтып, ақынның жарқын бейнесін көз алдымызға келтіргендей болды.
Үлкен экранның арғы жағынан өлең оқыған ақынмен көзайым да болып қалдық. Жеңіс Қаш­қыновтың қарындасы Сара, ұлы Ернат жиналғандарға жүрек­жарды сөзін айтты. Жеңіс Қаш­­қыновтың өлеңдеріне Темір­әлі Бақтыгереев, Ескендір Хасанғалиев, Тілеуғали Қышқаш­баев сынды композиторлар ән жазған. Кеш барысында әндер әуелеп, күй күмбірледі.

«АСТАНА ЖЫРЫ» ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?

Ресейлік «На-На» тобының орындауында көпшіліктің құ­лағына жеткен «Астана жыры» әнінің мәтіні Жеңіс Қашқыновтың қаламынан туғанын біреу білер, біреу білмес. «Осыдан жиырма жыл бұрын астананың Алатаудан Арқа төсіне ауысуы мені шабыттандырды. Бұл оқиға туралы ән жазған соң сөзін жазатын адам іздедім. Үш-төрт ақын мәтін ұсынды. Солардың ішінде Жеңіс Қашқыновтың өлеңі өзіме ұнады. Осылайша екеуміз шығармашылық одақ құрдық. Астананың көшіп келген күні – 1997 жылдың 10 желтоқсанында бұл әнді Жастар сарайында Ақжол Мейірбеков пен Баян Есентаева алғаш рет орындады. Кейіннен сол кезде Білім және мәдениет министрлігінің Мәдениет департаменті директоры болған Дүйсен Қасейінов маған телефон шалды. Ол уа­қытта мен де Есіл жағасына жаңадан орда тіккен елорданың Мәдениет басқармасының басшысы едім. Сол кісі «На-На» тобы қазақтың бір жақсы әнін іздеп жатқанын айтып, сондай әннің қоржынымда бар-жоғын сұрады. Ресейлік топқа «Астана жырын» жібердім. Олар әнді ұнатып, Мәскеуде өңдегеннен кейін Астанаға алып келді. Аста­на­ның тұсаукесері күні – 1998 жылдың 10 маусымында Есілдің жағасында шырқады. Содан осы әнмен және Бейбіт Оралұлының «Боз жорғасымен» бүкіл Қазақ­станды аралап шықты. Шетелдерде де қазақ әндерін айтты» дейді елорда шежі­ре­­­сін­­де ерек орын ала­тын бұл ту­ын­­­­­ды­­­ның жа­­­­зы­лу тарихы жөнінде композитор Тілеу­ғали Қыш­қашбаев.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ, «Астана ақшамы»




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button