Жеңіс батырларын еске алуға арналған жүгіру жарысы өтті
![](https://astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2024/05/a6473c802217ea0f3940a84cc4e6f0ef_1280x720-780x470.jpg)
Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа ту тіккен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ғасырлық мерейтойына орай елорданың триатлон саябағында 5 және 10 шақырымға жүгіру жарысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараны ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді іздеумен және қайта жерлеумен айналысатын «Atamnyn Amanaty» РҚБ ұйымдастырды.
Оған Қарулы күштердің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның мыңға жуық әскери қызметшісі және 400-ден астам кәсіби жүгіруші мен спорт әуесқойы қатысты.
Жарысқа қатысушыларға арнап «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов сөз сөйледі.
– Даңқты жауынгерлерді еске алу үшін спорттық іс-шаралар өткізу жақсы дәстүрге айналды. Өткен жылы мұнда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің 101 жылдығына арналған жарыс өтті. Бүгінгі жүгіру аты аңызға айналған батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығына орайластырылып отыр. Бұл жарысқа қатысу – батырларды жадымызда ғасырлар бойы сақтау, олардың өнегесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, ерлігіне құрмет көрсету, – деп атап өтті ол.
Қарулы күштердің әскери қызметшілерімен бірге жүгірген актер Санұржан Сүлейменов аты аңызға айналған қазақстандық жауынгерлерді еске алу жарысында алған әсерімен бөлісті.
– «Алтыншы бекет» және «Патриоттар уақыты» фильмдерінде рөлдерді сомдай отырып, мен армияның өмірімен, оның ерекшелігімен, ұдайы дене дайындықтарымен таныспын. Осы жолы тағы да өзімді сынап көргім келді және ата-бабаларымыздың тарихымен байланысты сезінгім келді, – деді жарысқа қатысушы.
Іс-шара аясында концерт ұйымдастырылды, онда ән авторы және орындаушы Нұрлан Әлімжанов сөз сөйледі. Далалық асхана орнатылып, онда жарысқа қатысушылар сарбаз ботқасы мен ыстық шайдан дәм татты.