Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жеңіс Қасымбек: Инфрақұрылым халық санымен қатар өсіп, дамуы керек



Елордада халық санының жылдан жылға жылдам артуы сумен, жылумен қамту, әлеуметтік нысандар салу мәселелерін күрделендіре түсті. Осыған орай қаланың Бас жоспарына өзгеріс­тер енгізіліп, оны Үкімет бекітіп, мерзімін 2035 жылға дейін ұзартуда. Жаңа Бас жоспарда елордалықтар санының алдағы өсімі нақты болжанып, соған сай тиісті жұмыстар жүргізу көзделіп отыр. Осы жөнінде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Бас тақырып» хабарына берген сұхбатында айтып берді.

Су тапшылығы мәселесі толығымен шешілді

– Астанада ауыз су – өте  өзекті мәселелердің бірі, тіпті жаздың басында судан қиындық көрген халық көшеге шеруге шығып, наразылық танытып жатты. Оған бірінші себеп – халық санының 1 млн 300 мыңнан асуы болса, екінші себеп – 54 жыл бұрын салынған Астана су қоймасының қаланы сумен қамтуға күшінің жетпеуі. Оған балама ретінде жаңа көздерді табамыз, Нұра су қоймасынан су тартамыз деп едіңіздер, осы мәселе қалай шешімін табуда?

– Биыл маусым айының басында қалада су тапшылығы мәселесі болғаны рас. Сіз айт­қандай, елордада бүгінде 1 млн  340 мың адам тұрады. Алайда күнделікті миграция есебімен, яғни іргедегі өзге облыстардан келіп-кететін азаматтарды қосқанда 1 жарым млн адам күнде Астана қаласында болады. Сондықтан су мәселесі туындады. Маусым айында Астана су қоймасынан жаңа су құбырын тартып, ол жұмыс­тарды аяқтадық. Бұл қалаға қосымша 90 мың текше метр су береді. Осылайша қазіргі сәтте бұл мәселе толық жойылды. Одан бөлек, жаңа су сорғы стансасының да құрылысын бітірдік. Ол қалаға қосымша 100 мың текше метр су беруге дайын. Келесі кезектегі тағы екі жоба бойынша жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамасы бітеді. Оның біріншісі – Нұра су қоймасынан су тарту болса, екіншісі – Тельман елді мекеніндегі сорғы стансасын күрделі жөндеуден өткізу. Осы екі жобаны келесі жылы бастап, 1-1,5 жылда бітірсек, онда алдағы 5-6 жылда су тапшылығы мәселесі болмайды. Президенттің тапсырмасымен қазір Үкімет пен тиісті министрліктер үлкен жобаны бастап жатыр, ол Сәтпаев атындағы каналдан Есіл өзенінің арнасына су тарту, бұған бір жылдай жобалау жұмыстары жүргізілсе, әрі қарай құрылысқа екі жыл кетеді. Сөйтіп 2027 жылға дейін толығымен іске қосылса, онда су тапшылығы мәселесі 2035-2040 жылға дейін толығымен шешіледі.

Қосымша жылыту нысандары іске қосылады

– Астанада биыл 5 қазанда жылу беріліп, жылыту маусымы басталды. Құрылысы ұзаққа созылған №3 жылыту электр орталығы жұмысын бастады ма? Биыл халықты жылумен толықтай қамтамасыз етеміз деп айта аласыз ба?

– №3 стансадағы бірінші қазандық 4 қазанда қалаға жылу беріп, жұмысын бастады. Расында оның құрылысы 10 жылдан көп уақытқа созылған. Биыл бірінші кезеңін толығымен бітіріп отырмыз, 5 қазандық жұмыс істейтін болады, ол қазандықтар қалаға 300 килокалориядан астам жылуды береді. Жалпы бұрын  ЖЭО-1 және ЖЭО-2 станциялары қалаға 2700 килокалория жылу беретін. Қосымша биыл 3 нысан іске қосылуда, қазан айында үшеуі де жұмыс істейтін болады. Біреуі – «Тұран» газбен жылыту стансасы, екіншісі – Қарағандыға шығатын жолда салынған станса және ЖЭО-3, үшеуі қалаға 1 мыңнан астам килокалория жылу береді. Соңғы үш-төрт жылдай бізде жылудан дефицит болса, биыл қыста бірінші рет профицитпен шығып отырмыз. Келесі жылы тағы екі жоба толығымен аяқталады. Олар да 850 килокалория қосымша жылу береді, сондықтан бізде алдағы 5-6 жылға жылу беруден профицит болатыны сөзсіз.

– Биыл Президентке Астананың бас жоспарын таныс­тырғанда ол жылумен қамтамасыз етуді толық шешпей жатып әкімдік тұрғын үй салуға көп көңіл бөліп отыр деп айтқан еді. Әлеуметтік нысандар салынуы керек орындарға тұрғын үйлер салынып жатқанын айтты. Осы мәселемен күрес қалай жүріп жатыр?

– Қаладағы құрылыс саласы халықты көптеген тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. 100 мыңнан астам адам сол құрылыстарда жұмыс істейді. Ірі инвестиция­ны да әкелетін – осы сала. 50 пайыздан астам инвестиция құрылыс саласында. Сондықтан құрылыс әрі қарай да жалғасын табады. Биылғы жоспарымыз бойынша 3-3,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, оған қажетті жылу, су, басқа да мәселелер бойынша тапшылық жоқ. Әлеуметтік нысандарға келсек, биыл 50 жаңа құрылысқа рұқсат бердік, оның үштен екісі – әлеу­меттік нысандар.

Қаладағы құрылыс саласы халықты көптеген тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. 100 мыңнан астам адам сол құрылыстарда жұмыс істейді. Ірі инвестиция­ны да әкелетін – осы сала. 50 пайыздан астам инвестиция құрылыс саласында

Жайлы қаланың бір талабы – аулаларды абаттандыру

– Тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру, көгалдандыру және үйлердегі өрт қауіпсіздігі мәселелері бар. Осы орайда құрылыс компанияларына қойылар жаңа талаптар бола ма? 

– Биыл жаңа талаптар енгіздік, мысалы, компаниялар тұрғын үйді салып, пайдалануға берер алдында әкімшілікте дендр жобамен жұмыс істеу керек. Біз оны тексереміз, сол дендр жоба бойынша олар бізге аулада қанша ағаш егетінін, қандай абаттандыру жұмыстарын жүргізетінін айтады. Ал жаңа талапқа келсек, бұдан былай ол компаниялар аулалардың жағдайын үш жылдың ішінде қарап, күтіп ұстау керек. Үш жылдан кейін ғана үй ауласы қала әкімдігі қарамағына өтеді. Оған дейін өздері жауап береді, мұндай міндет бұрын-соңды болған жоқ.

– Заңға қайшы құрылыс жүргізген компаниялар жұмысы тоқтады. Дегенмен Астанада пәтерлеріне кіре алмай жүрген 4 мыңға жуық үлескер бар. Олардың мәселесі қалай шешілуде?

– 3-4 жыл бұрын олардың саны 16 мың адам болған. Биыл жыл басында 4 мың болды, біздің жоспарымыз бойынша желтоқсан айының ортасына дейін 95 пайызының пәтерлер кілттерін қолдарына береміз. Қалған проблемалық 2-3 үй бар. Олардың құрылысын келесі жылдың бірінші тоқсанында толығымен бітірген соң үлес­керлер пәтер кілтін алады.

– Астанада жаңбыр жауып, қар ерісе болды жылда қайталанып отыратын мәселе бар, ол – қала көшелерін су басуы. Жалпы бұл мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қала мен халық саны өскен сайын инженерлік-инфра­құ­рылым және әлеуметтік инфра­құрылым дамуы қаланың өсуіне ілесе алмай келеді. Бұл мәселе сол себепті туындауда. 5 жыл бұрын қала бойынша сондай 200 телім бар еді, қазір олар 30-ға азайды. Бірақ қала өсіп жаңа телімдер қосылуда. Әрбір осындай телім бойынша нақты жұмыстар жүргізіп келеміз. Біздің жоспарымыз – биыл және келесі жылы бұл мәселені толығымен шешу. Кәріз желілері салынып жатыр, қаражат бар, нақты осы телімдер бойынша жұмыстар келесі жылы толық бітеді.

Қоғамдық көлік көбейеді

– Қазір елордада 430 мың көлік бар. Жұмысқа баратын таңғы уақытта, кешке қайтарда қаладағы көліктер кептелісте қалады. Көпірлер салынып жатқанын білеміз, осы көпірлердің салынуы бұл мәселені түбегейлі шеше ме? Басқа қандай жолдары бар?

– 430 мың автокөлік ол қалада тіркелгені, ал таңертең қосымша Қосшы, Талапкерден, Қояндыдан, жалпы Ақмола, Қарағанды облыстарынан да басқа көліктер келіп-кетіп жатады. Тек қана көпірлер ғана емес, жалпы көшелер мен жолдарды салу үлкен мәселенің алдын алады. Бір ай ішінде Тәуелсіздік көшесіндегі Есіл өзенінен өтетін көпірді іске қосамыз. Ол да үлкен көмегін береді. Келесі жылы тағы да бір көпірдің құрылысын бастаймыз. Жалпы Бас жоспар бойынша алдағы 5 жыл ішінде тағы көпір салу көзделуде.

– Дәл қазіргі таңда қала халқы үшін өзекті болып тұрған мәселелердің бірі – қоғамдық көліктердің кешігіп келуі, тіпті кейбір тұрғындар автобустарды 1 сағат күткеніне шағымданды. Жаңа көліктер алынып жатқаны айтылды, бірақ одан бөлек, 1500 жүргізуші жетіспейді екен. Бұл мәселе қалай шешіледі?

– Қалада қазір барлық бағытта қатынайтын автобустар саны 1 мыңға жуық. Негізі елордаға 1400-1500 автобус қажет. Сондықтан алдағы 2 жылда осы мәселені толық шешу бойынша жоспар әзірлеп қойдық. Биыл жоспар бойынша қалаға 400-дей жаңа автобустар әкелінеді. Бүгінге дейін оның жартысы жеткізілді. Қалған 150 автобус осы айдың және жылдың соңына дейін алынады. Қаладағы автобустардың 80 пайызы жаңа. Олар 2017 жылдан бері сатып алынған. Ескі автобустарды облыстарға беріп отырмыз. Қазір автобус жүргізушісі болып жүрген, лицензиясы және басқа да құжаттары бар азаматтардың жалақысы – 450-500 мың теңге. Алайда осындай жалақы берілсе де кадр тапшылығы туындауда. Жаңадан келген автобустарға жүргізушілер табылды, сондықтан қазір мың жарым жүргізуші керек деген мәселе жоқ. Қоғамдық көлік жүргізу оңай жұмыс емес, әсіресе қыста қиын. Бірақ мәселе шешіліп келеді. Биыл 8 ай ішінде кадр жетіспеушілігі деңгейі 2 есе төмендеді.

– Біраз жыл жыр болған ЛРТ құрылысы қайта жанданып, жұмыс қызу жүріп жатқанын көріп отырмыз. Ендігі жоспар бойынша бұл құрылыс қашан аяқталып, қолданысқа беріледі? Бөлінген қаражат қанша?

– ЛРТ жобасы 2 жыл ішінде толығымен аяқталады. Оның бойында 10 станса болады. Бірінші кезеңде 5 пойыз әуе­жайдан шығып, Қабанбай көшесімен Сығанақты бойлай «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейін барады. Қаржы жағынан қосымша тағы 400 млн теңгедей бөлініп отыр. Қытай компаниясы бастап салған, солар әрі қарай құрылысын жалғастыруда.  

Әлеуметтік мекемелер – басты назарда

– Қалада әлеуметтік нысандар жетіспейтіні де жиі көтерілетін мәселе. Атап айтқанда, 3 ауысымды мектептердің болуы, ауруханалар жетіспеуі деген қиындықтар қалай реттелуде?

– Қазір қалада ресми статис­тика бойынша 3 ауысымда оқитын 8 мектеп бар. Биыл мектеп бітірген түлектер саны 9-10 мың бала болса, бірінші сыныпқа барғандар саны 20-30 мың, бұл дегеніміз – жыл сайын 12-13 мектеп салу керек деген сөз. Биыл мемлекеттік бюджет есебімен салынған 11 мектепті іске қосып отырмыз. Қосымша 3-4 жекеменшік мектеп ашылады. «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 24 мектеп құрылысы биыл басталды, келесі жылы әкімдік қосымша жергілікті бюджетпен 8 мектеп құрылысын бастайын деп отыр. Одан бөлек, 17 жекеменшік мектеп ашылса, сонымен 2,5 жылдың ішінде барлығы 50-ден астам жаңа мектеп салынады. Ол 100 мыңнан астам оқу орнын қамтиды. Осылайша бұл мәселе шешімін тауып жатыр. Келесі мәселе – ол мұғалімдер мәселесі. Жылына кем дегенде 1 мыңдай  педагог маман керек, Үкімет бұл мәселемен айналысуда. Жалпы көмек бар. Тағы бір үлкен мәселе – балабақша жетіспеушілігі, 2017 жылдан бастап әкімдік бюджетімен мемлекеттік балабақшалар салынбаған, жыл сайын жекеменшік балабақшалар салынуда. Енді келесі жылдан бастап қала бюджеті есебінен осындай 60 балабақша салу көзделуде. Қазір балабақша кезегінде тұрған 50 мыңнан астам балалардың мәселесі осылай шешіледі.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button