Жаңалықтар

ЖЕҢІСПЕН БАСТАДЫ



Өткен сенбіде футболдан Қазақстан чемпионаты басталды. Ұлттық біріншіліктің алғашқы турында алты ойын өтті.

Ел чемпионы «Астана» бірінші ойында қарағандылық «Шахтер» командасымен кездесті. Осы күні «Астана Арена» стадионына жиналған 5 мың жанкүйердің үміті ақталды деуге болады. Олар шын мәнінде өте тартысты ойынға көз жеткізді.

Ойынды екі жақ та сабырлы бастаған сияқты еді. Бірден тұра ұмтылып ша­буылға шыға қоймады. Дегенмен, қа­рағандылықтардың «Астана» қақпа­сына қарай ұйымдастырған бірінші ұмтылысы нәтижелі болып кетті. Айып алаңының орта тұсында доп күтіп тұрған Корнелиус Уббинк ширақтық танытты. Әріптесінен жеткен әдемі пасты тез игерген шабуылшы әп-сәтте ала допты алаң иелерінің қақпасына тулатып түсірді. Осылайша «Шахтер» есеп ашып, кеншілер қаласынан келген жүздеген жанкүйерді қуанышқа бөлеп тастады.

Ойынның сегізінші минутында осындай жағдай болатынын күтпеген «Астана» футболшылары енді өзгеріп сала берді. Дүркін-дүркін шабуылды бастады. Команда капитаны Таңат Нөсербаев бірінші таймның ортасында қонақтардың екі бірдей қорғаушысын алдап өтіп, Неманья Максимовичке әдемі пас шығарып берген еді. Алайда, сербиялық легионердің баспен соққан добын «Шахтер» қақпашысы Ткачук қағып алды. Алаң иелерінің шабуылын жалғастыра түсті. Твумасиден доп алған Нөсербаев тағы да алға ұмтылып, доп­ты айып алаңына жеткізді. Бұл жерде Джорже Деспотович допты қабылдап алғанымен, соққысы қақпадан сәл қисық кетті.

Қанша шабуылдағанымен астаналықтар ойынның бірінші кезеңінде қонақтар қақпасының құлпын аша алмады. Сөйтіп, үзіліске дейінгі есеп 0:1 болып, «Шахтердің» пайдасында қалды.

Екінші тайм басталысымен Станимир Стойлов шәкірттері бірден алға ұмтылды. Сол қанаттан алға шыққан Дмитрий Шомко ала допты қонақтардың айып алаңына қарай шиырлата ұрды. Бұл пасты әдемі қабылдап алған Максимович бірден қақпаға қарай асырды. Осы сәтте бәрінен биік секірген Деспотович баспен ұрып, гол соқты. Осылайша екінші таймның басында есеп теңесті.

Арада көп уақыт өтпей-ақ, сол Дес­потович есепті еселеуге шақ қалды. Оның соққысын қонақтар қақпашысы әрең дегенде бұрыштамаға асырып үлгерді. Қалайда алғашқы ойында жеңіске жетуді ойлаған астаналықтар шабуылды тоқтатпады. Сондай шабуылдың бірінде Таңат Нөсербаев мергендігімен танылды. Ол «Шахтер» қорғаушысының қателігін ұтымды пайдалана білді. Осыдан кейін Твумасидің де, Деспотовичтің те есепті еселеуге мүмкіндігі болды. Алайда, ойын соңына дейін осы есеп өзгермей қалды. Айтпақшы, осы ойынның барысында «Астана» командасында айтарлықтай рекорд тіркелді. Матч соңында ойынға қосылған Мәди Жақыпбаев клуб құра­мында ойынға кіріскен ең жас ойыншы болды. Ол ойынға қосылғанда туғанына 15 жас 11 ай 21 күн толған еді.

Сонымен «Астана» жаңа маусымның бірінші ойынында 2:1 есебімен жеңіске жетті. Келесі ойынды «Астана» Шымкент қаласында өткізеді. «Ордабасы» – «Астана» матчы 20 наурызда өтеді.

Премьер-лиганың басқа ойындарында мынандай нәтижелер тіркелді: «Жетісу» (Талдықорған) – «Атырау» 1:1, «Тараз» – «Қайрат» (Алматы) 2:1, «Ордабасы» (Шымкент) – «Ақтөбе» 3:1, «Тобыл» (Қостанай) – «Ақжайық» (Орал) 1:0, «Ертіс» (Павлодар) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 1:0.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button