Мәдениет

ЖЕТІСУДЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ ЖИНАЛДЫ



Апта басында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Астана қаласында Алматы облысының мәдени күндері ашылды. «Қазақстан» Орталық концерт залында «Жетісу – жұмақ мекенім» атты концерттік бағдарламамен шымылдығын түрген жетісулықтардың мәдениет мерекесі 15 шілдеге дейін жалғасады.

Жетісу өңірінен елордаға әртіс­тер, суретшілер, спортшылар, қолөнер шеберлерін қосқанда 400-ге жуық адам келді. Концерт алдында ұйымдастырылған көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аралап шықты. Сол жерден Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры, әке жолын қуған тектінің тұяғы Дәулет Шоқпаровты кездестіріп, аз-кем әңгімеге тарттық.

«Астанаға алты шәкіртімді ертіп алып келдім. Жалпы алғанда «Шығыс базары» этноауылында 22 көлөнерші жайғас­тық. Этноауылда қолдан шыққан бұйымдарымызды көрмеге қойып, шеберлік сабақтарын өткізіп жатырмыз. Алматы облысының барлығы дерлік беткеұстар шеберлері Астанаға жиналды» дейді Дәулет Дәркембайұлы.

Сондай шеберлердің бірі – Алматы облыстық дизайнерлер одағының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері, сәулетші, этнодизайнер Құрманғазы Қадыровтың айтуынша, өзінің қолынан шыққан бұйымдары ұлттық салт-дәстүрден тамыр тартып, философия­лық мәнімен ерекшеленеді. Бұйымдардың атаулары да «Құда мың жылдық», «Босағаң берік болсын», «Ұлы дала рухы» болып жалғасып кете береді.

«Өз жұмыс­тарымды мәдени мұраның бір тармағы деп есептеймін. Мәселен, қазіргі ұрпақ қазақтың жөн-жоралғыларын, ырым-тиымдарын көп біле бермейді. Ал мен бір ғана бұйыммен оның мәніне бойлатуға тырысамын. Сыйлы қонағымыз­ға біз қойдың басынан бөлек жамбасты тартамыз. «Құда мың жылдық» атты туындым арқылы соны бейнеледім. Бұл бұйымда құлдыраңдап шауып бара жатқан құлынның, қобыздың фрагменттері де кездеседі. «Әйел еркектің қабырғасынан жаратылды» деп жатамыз, қабырғаның да элементін қостым» дейді қолөнер шебері.

Ал концерттік бағдарламаны Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы және «Алатау әуендері» өнер ұжымы бастап берді. Әрі қарай М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, «Сазген», «Адырна», «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері, «Талдықорған әуендері» ансамблі құлақтың құрышын қандыратын күйлерді бебеулетті. «Бахар» би ансамблі «Лезгинка» биімен көрермендерді бір қыздырып алды. «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі «ЭКСПО» биін тарту етті.

Әншілерге кезек келгенде ҚР еңбек сіңірген әртістері Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Ұлжан Айнақұлова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлнұр Оразымбетова, Саят Медеуов пен «Шапағат» тобы, т.б. тамылжыта ән салды. Ақын Жангелді Немеребаев пен сазгер Серік Сыздықов Астанада өтіп жатқан әлемдік айтулы шараға арнаған «ЭКСПО – мереке» атты әннің тұсауын Асылбек Тойлыбаев пен Мәншүк Тұрсынғазина кесті.

Алғашқы күні сол сияқты Алматы облысының мәдени күндері шеңберінде Астанада тағы бірнеше шара өтті. Б.Римова атындағы облыстық драма театры «Жастар» театры сахнасында У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» және Д.­Исабековтің «Құстар фестивалі» спектакльдерін қойды. ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінде М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің «Туған өлке – тұнған тарих» атты көрмесі мен Көркемсурет галереясының «Жетісу суретшілері» атты қылқалам шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Оған келгендер қазақ батырлары қару-жарақтарының үлгілерімен: айбалталармен, қылыштармен, шоқпарлармен, Жамбыл ақын өмірінің әр кезеңдерінен сыр шертетін жырлармен танысты.

Өлке тарихы көрнекті ғалым-сая­хатшы Шоқан Уәлихановтың өмірімен тығыз байланысты екені белгілі. Ғалымның өмірі мен қызметіне қатысты жәдігерлер Кербұлақ ауданындағы Ш.Уәлиханов музейінің қорынан алынған.

Сонымен қатар 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті зерттеуге елеулі үлес қосқан Түркістан-Сібір теміржолының бас инженері, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби инженер-теміржолшы Мұхаметжан Тынышпаев туралы материалдар да қойылды.
Кеше Б.Римова атындағы облыс­тық драма театры С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» спектаклін қойды. Бүгін осы өнер ұжымы сахналаған М.Иманғазиновтың «Ілияс» қойылымын тамашалай аласыздар.

Ал концерттік бағдарламаға келсек, 13 шілде күні «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі «Жастар» сарайында «Талды арулар» атты бағдарламасын және ертең этноауылда Сүйінбай атындағы облыстық филармония­ сы және «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблі «Ауылың сенің іргелі» концертін ұсынады.

Демалыс күндері «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешеніндегі «Қазанат» атшабарында Алматы облысының спортшылары қазақ күресінен, аударыспақтан, теңге ілуден, жамбы атудан, асық атудан, бүркіт салудан, тоғызқұмалақтан ойындар көрсетіп, шеберлік сабақтарын өткізеді және сол орында қазақ иттерінің көрмесі өтеді.

Ал Алматы облысының мәдени күндері 15 шілде күні амфитеатрда «Жерұйық – жасыл бауларым» атты бағдарламамен жабылады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button