Денсаулық

ЖИТС-тен өлім-жітім қалай азайды?



Бұрын дауасы қиын ауру – ЖИТС-тен, яғни жүре пайда болатын иммун тапшылығы синдромы дертінен емделу мүмкіндігі бүгінде ғылым мен медицина жетістігінің арқасында арта түсті. Мамыр­дың әр үшінші жексенбісінде әлем осы аурудан қайтыс болғандарды еске алады. Мамандардың айтуынша, елордада соңғы 10 жылда ЖИТС-тен өлім-жітім екі есе азайды. Мұның бәрі диагноз қойылғаннан кейін бірден қолжетімді антиретровирус терапиясын өткізудің арқасында мүмкін болған.

Аурудың алдын алу, жалпы тарихы туралы жақында арнайы брифингте қалалық АИТВ-инфекциясының, яғни Адамдағы иммун тапшылығы вирусының алдын алу орталығының директоры Қанат Асқаров айтып берді. Оның айтуынша, статистикаға сәйкес, Астанада бұл ауруды жұқтырған 3 мыңдай адам тіркелген, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 142 адамды құраған, жұқтырғандардың 64 пайызы 20-39 жас аралығындағы жастар болған, көбіне, яғни 90 пайыз­дан астам жағдайда ауру жыныстық жолмен жұққан.

– Елордалық дәрігерлер АИТВ-инфекциясының алдын алу тәсілдерін өзгерте бастады. Скринингке, диагностикаға және емдеуге ерекше назар аударылатын жаңа стратегиялар (95-95-95) анықталды. Іс жүзінде бұл «Табу, сынау, емдеу және сақтау» тұжырымдамасын жүзеге асыруды білдіреді. Мәселен, емханаларда клиникалық көрсеткіштер бойынша АИТВ-ға тестілеу белсенді жүргізілуде. Нәтижесінде 80 пайыздан астамы ерте кезеңде анықталады. Халықтың негізгі топтары үшін ҮЕҰ базасында экспресс-тестілеу енгізілді. Индекстік тестілеу бағдарламасы жүзеге асуда. Жыл басынан бері барлығы 100 мыңнан астам адам АИТВ-ға тексерілді. Алдымызға қойған жаңа мақсат – жаңа технологияларды, дәрілік нарықта жаңа препараттарды және неғұрлым жеңілдетілген емдеу схемаларын енгізу, – деді өз сөзінде орталық басшысы.

Бұл күн алғаш рет 1983 жылы аталып өтті. Сол кезде медицинаға белгісіз аурудан бірнеше мың адам қайтыс болды, ал ұйымдастырушылар ЖИТС-ке назар аударып, науқастарға қолдау көрсеткісі келді. Бүгінгі таңда әлем бойынша 42 миллионнан астам адам вирусты жұқтырып, 25 миллионнан астам адам қайтыс болды. Бұл аурумен өмір сүретін адамдардың көпшілігі – 30 жасқа дейінгі жастар. ЮНЭЙДС-тің биылғы ұраны: «Махаббат пен ынтымақтастық арқылы бірге есте сақтаймыз, бірге жеңеміз!». Ұран эпидемия өмірін қиғандарды ұмытпауға, ақпараттық-профилактикалық бағдарламалар мен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруға, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар аурудан гөрі көп екенін және оларды стигма мен кемсітуге болмайтынын түсінуге шақырады.

АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні аталған инфекцияның таралу мәселелеріне қоғамның назарын аударуды маңызды деп санайды. Халықаралық еске алу күні – дерттің одан әрі таралуына қарсы тұруға дайын екенін көрсетудің тағы бір мүмкіндігі, сонымен қатар бұл ешкімнің аурудан сақтандырылмағанын еске салады. Оның үстіне, бұл – нақты тәуекелді көрсету және оны қалай болдырмауға болатынын түсіндіру мүмкіндігі. Осыған байланысты еске алу күнінің басты мақсаты – аурудан қайтыс болған адамдарды еске алу ғана емес, инфекцияның алдын алудың маңызы туралы халықты тағы да хабардар ету, инфекциямен өмір сүретін адамдардың құқығын сақтау, стигма, кемсітушілікпен күресу мәселесіне жұртшылық назарын аудару.

Медицина мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда заманауи медицина жетістігінің арқасында АИТВ-инфекциясы бақылауға болатын созылмалы ауруға айналды. Атап айтқанда, антиретровирус терапиясы инфекцияның асқынуын бәсеңдетеді және онымен ауыратын адамдарға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді. Елімізде инфекция анықталған барлық науқас терапияны тегін алады. Еске алу күнінде оның таралу мәселесіне қарапайым азаматтардың көзқарасын өзгертуге шақыру көзделеді. Мәліметтерді толық және кеңінен беру, тарату мақсатында АИТВ-орталығы елорда тұрғындары үшін ақпарат-ағарту жұмысын, инфекцияның бар-жоғын тексере отырып, түрлі іс-шара өткізеді. Халықаралық күнге байланысты Ішкі саясат, Білім, Дене шынықтыру және спорт басқармаларымен, Астана қаласының басқа да ұйымдарымен бірлесіп, жастар арасында инфекцияның алдын алу бойынша акция өткізді.

Астана қаласы бойынша 1997 жылдан бастап АИТВ-инфекциясының 3226 жағдайы тіркелді, оның ішінде 60 пайыз жағдай 20-39 жас арасындағы адамдарда тіркелген. Жүргізіліп жатқан жүйелі алдын алу шараларының нәтижесінде елімізде АИТВ-инфекциясының таралуы бойынша жағдай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша шоғырланған кезеңде сақталуда. Бір жыл ішінде тестілеу көлемі 7,5 пайызға артты. Жүкті әйелдерді есепке қою кезінде тестілеумен қамту 99,1 пайызды құраса, жүкті әйелдердің жыныстық серіктесін тестілеумен қамту 95 пайыздан артық болды.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button