Қала мен Сала

Жол-көлік оқиғасы неге көп?



Елордада балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Жол сақшылары көлік тізгіндегендерді тәртіпке шақырғанымен, нәтиже аз. Ескертуге құлақ аспағандар есіріп, жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, қас-қағым сәтте жазатайым оқиғалар тіркелуде.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері Астанада балалардың қатысуымен осындай 11 оқиға тіркелді.

Сағат 17.30 шамасында ГАЗ көлігінің жүргізушісі Қ.Аманжолов көшесімен Тәуелсіздік даңғылына қарай жүріп келе жатып, белгіленген жерде жолдан өтіп бара жатқан 14 жасар қыз баланы қағып кеткен. Оқиға салдарынан кәмелетке толмаған қыз балаға медициналық көмек көрсетілді. Жол-көлік оқиғасының фактісі бойынша анықтау жүргізіліп жатыр.

Астана қаласының полиция департаменті «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде жүргізушілердің жолдағы тәртібін арттырумен бірге кәмелетке толмағандарды жолдардағы қауіпсіздікті сақтау­дың негізгі ережелері туралы хабардар етіп, жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуді жалғастыруда. Осыған байланысты, аталмыш іс-шара шеңберінде көше қиылыстарынан өту ережелерін бұзғаны үшін 977 жүргізуші, жаяу жүргіншілерге артықшылық бермегені үшін 170 адам, арнайы ұстап тұратын құрылғысыз балаларды тасымалдаған 366 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жол ережесін бұзған 1143 жаяу жүргінші анықталды.

Жалпы, «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жедел алдын алу іс-шарасы кезеңінде 700-ден астам оқыту сабағы мен 100-ге жуық семинар, сондай-ақ аула аумақтары мен балалар алаңдарын жайлас­тыру мәселелерін талқылай отырып, жұртшылықтың қатысуымен 40-қа жуық жиын ұйымдастырылды.

Іс-шара шеңберінде жалпы білім беретін және мектепке дейінгі оқу орындарының жақын маңындағы көше-жол желісіне тексеру жүргізілді. Аталған жұмыстың қорытындысы бойынша орын алған кемшіліктерді жоюға 126 ұйғарым берілді.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button