ӘлеуметЖаңалықтарҚұқық

«ЖОЛДА ҚАБЫЛДАУ» ӨТТІ



Кеше «Жастар» сарайы алаңында Астана қаласы Ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметі «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалымен бірлесіп, дәстүрлі «Жолда  қабылдау» респуб­ликалық шарасын өткізді.

kbb_5584

– Іс-шара биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Мақсаты – азаматтардың түрлі сала бойынша құқықтық сауат­тылығын арттыру, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру, ұсақ бұзақылықтарға қатысты қоғамда мүлдем төзбеушілік принциптерін қалыптасыру. Сол үшін қала бойынша «Қазақстан» спорт кешені, «Думан» ойын-сауық алаңына, темір жол вокзалы мен «Рубеж» бақылау қосынына және халыққа қызмет көрсету орталығы сияқты адамдар көп шоғырланатын жерлерге бірнеше муниципалды автобус қойылды. Әр автобуста «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының өкілі, жергілікті полиция қызметкері, учаскелік инспектор, заңгер, тағы да басқа мамандар жұмыс істейді. Олар өздеріне қатысты қандай да бір мәселемен келген азаматтардың сауалдарына жан-жақты жа­уап береді, – деді Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі бас­тығының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Айтыбеков.

04
Оның айтуынша, арыз-шағымдар мен ұсыныстар көбіне қала көшелеріндегі жол белгілеріне, қоғамдық көлік жүргізушілері мен полиция қызметкерлерінің дөрекіліктері мен жа­уапсыздықтарына байланысты болады екен. Мәселен, жыл басынан бері жергілікті полиция қызметіне осындай 43 арыз-шағым түсіп, оның тек төртеуі ғана дәлелін тауыпты.
«Өткен жылы осындай акцияға қала бойынша 600-ге тарта адам келген болатын. Биыл да келетін халық саны аз болмауы керек. Азаматтар көбіне құқықтық мәселелер бойынша жүгінеді. Әсіресе, жер, пәтер алу, сот үкімі, жол-көлік апаты, басшылардың әділетсіздігі, тағы да басқа заңсыздықтарға шағынатындар саны жылдан-жылға артпаса, кемімейді. Біз олардың мәселелерінің оң шешілуіне мүмкіндігінше ықпал етуге тырысамыз» дейді «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Марал Елеуқұлова.
Акция барысында әр азамат арнайы таратылған сауалнамалар толтырып, жасырын түрде қоғамдық тәртіп сақшыларының жұмысын бағалады. Өздерін мазалап жүрген көптеген сұрақтарға жауаптар алды.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ




Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button