ӘлеуметДенсаулықЖаңалықтар

Қауіпті дерттің қатері

Мамыр айының үшінші жексенбісі халықаралық ЖИТС құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген болатын. Осыған байланысты Астана қалалық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығында басқосу өтті.

kbb_5416

Бүгінде әлем елдерін ғасыр дерті саналатын ЖИТС дерті алаңдатып отыр. Сондай-ақ соңғы кезде елімізде аталған ауру түрімен ауыратын азаматтардың қатары артып бара жатыр. Мәселен, соңғы 20 жылда Астанада АИТВ инфекциясын жұқтырған 1293 адам анықталған. Ал дәл қазіргі таңда ЖИТС орталығында 321 адам ем-дом алып жатыр. Аталған орталықтың бас дәрігері Сәбит Абраимовтың айтуынша, оның 60 пайызы соңғы бес жылда қауіпті дертке душар болған.
– Жалпы сенсация қуып аталған дертті аса қауіпті етіп көрсете берудің қажеті шамалы сияқты. Егер науқас дер кезінде орталыққа тіркеліп, бізден ем алатын болса оның ұзақ өмір сүруіне мүмкіндік бар. Өйткені медицина АИТВ инфекциясын жұқтырған азаматты емдеуде жоғары табыстарға қол жеткізіп отыр. Мысалы, бүгінде орталықта ем алатын 8 ана денсаулығы мықты баланы өмірге әкелді. Тіпті, кейбір аналар екінші баласын аман-есен босануда. Осындай тәжірибеден кейін бізге келіп, қорықпай емделушілер пайда бола бастады – дейді ол.
Мамандар ЖИТС, негізінен, жыныстық қарым-қатынас арқылы жұғатынын айтады. Ендеше, қауіпті дертті сау адамға қасақана жұқтырған адамдарға қандай шара қарас­тырылған? Сәбит Бекмағанбетұлының айтуынша, Астанада аталған дертті қасақана жұқтырған 5 факті тіркелген.

kbb_5427
– Біздің орталықтың мамандары аталған дертті жұқтыр­ған адаммен жан жақты сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осыдан кейін науқас орталықпен «Мен өзімнің ауруымды ешкімге жұқтырмай, барынша сақтанамын» деп келісім-шартқа қол қояды. Егер науқас арадағы келісім-шартты бұзатын болса, оған заң бойынша жаза тағайындалған. Өйткені біз ЖИТС инфекциясын жұқтырған адам анықталса, оның кімдермен байланыс жасағанын тексереміз. Егер науқас жұқтырған адам бұрын біздің орталықта тіркеуде тұрған болса, оны құқық қорғау органдарына тапсырамыз. Мұндай оқиға біздің орталықта болды, бірақ ол іс сотқа дейін барған жоқ. Өйткені дертті жұқтырып алған адам құпияның жария болғанын қаламай ымыраға келіп жатады, – дейді бас дәрігер.
Ал эпидемиолог көмекшісі Сәуле Нұрғалиева ерлерге қарағанда әйелдердің АИТВ инфекциясын тез жұқтыратынын айтады. Осы тұста аталған дерттің жыныстық жолмен жұғу қаупі еркектерден қарағанда әйелдерде неге жоғары деген заңды сұрақ туындайды.
– Жыныстық қатынас кезінде әйелдердің еркектерден жұқтыру қаупі үш есе жоғары болып келеді. Сондай-ақ, бұл жұқпаны тасымалдаушылар қатарында секс-бизнеспен айналысатын және ішімдік пен есірткі қабылдайтын әйелдерді жатқызуға болады. Бұл топтағы әйелдер жыныстық серіктестерін жиі ауыстырып, өзін-өзі қорғамайды. Атап өтер болсақ, орталығымыздағы «Дос­тық» кабинетінде қаралатын секс қызметкерлерінің 80 пайызына жуығы жыныстық жолмен берілетін дертке шалдыққан. Сондықтан да жыныстық қарым-қатынас арқылы берілетін әртүрлі жұқпалардан алдын ала сақтанған жөн – дейді ол.
Иә, бүгінде кез келген адамның ЖИТС инфекциясын жұқтырып алуы мүмкін болып отыр. Түйіндеп айтқанда, нәпсіңді тыймасаң, қауіпті дертті жұқтырып аласың.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button