Мәдениет

Жұбанов жаққан жұлдыздар



Астананың сахнасында өңірлерден келген өнер ұжымдарының концерт қоюы, өнерлерін паш етуі – еліміздің тынысын, елорда тамырының соғысын танытқандай әсер етеді. Сондай тамаша кештің бірін атақты композиторлар Жұбановтарды, Димаштай дарынды әншіні, талай марқасқа талант иелерін тудырған елден, Ақтөбеден келген өнер иелерінің концерті астаналықтарға айрықша ұнады, елеулі оқиғаға айналды.

27 қарашада Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы өзінің мерейлі 80-концерттік маусымының ашылуына орай Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының  концерттік залында «Жұбанов жаққан жұлдыздар»  атты концерті  аншлагпен өтті.

Концертке Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, оның көркемдік жетекшісі және дирижеры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғылымов, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш бас дирижер, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері  Мадина Қабижанова, Қазақ камералық хор ұжымы, оның көркемдік жетекшісі және дирижеры Мербол Құспанов, хормейстерлер Лейла Кущанова, Мәди Әбішев, филармония солистері, көркемдік жетекшісі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Нұртас Омаров өнер көрсетті. Кешті Нұржан Оразов пен Назерке Алдиярова жүргізді.

Елордалықтар ер Қобыландының елінен, ұлт мәдениетінің бетке ұстар тұлғалары, ағайынды Жұбановтар мекенінен келген майталмандар, асқақ өнер иелері А.Жұбанов пен Л.Хамидидің Абай операсынан «Тойбастарын» оркестрдің қатысуымен, Қазақ камералық хорының сүйемелдеуімен, жеке дауыстағы Ибраhим Әмин мен Гаухар Саламас орындауында тыңдады.  Оркестр Б.Оралұлының «Толғауын» дарынды әнші Нұртас Омаров жеке дауыста орындаса, Ахмет Жұбановтың «Ақ Шолпаны» мен «Қарлығашы»,  «Ариясы» мен Ғазиза Жұбанованың «Жалғыз емені», халық әні «Самалтау» Астана сахнасында өзгеше өріліп, Арқа төсінде айрықша естіліп, тыңдармандарын тәнті етті. Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы», патапқты Сүгірдің термесі, Молдабайдың «Молдабайы», Құрманғазының «Серпері», Махамбеттің «Жұмыр қылышы» орындалғанда залдағы көрермен өткен ғасырлардағы бояуы қанық, тұнығы лайланбаған ерек өнердің арасына келгендей ерекше әсер алды.

Әлемдік классикадан Джоаккино Россинидің «Севильский цирюльник»  операсынан «Фигаро Каватинасы», Иоганн Штраустың «Радецкий маршы», Атай Огонбаев «Маш ботойы», Франц Легардың «Джудитта» опереттасынан шығармалар орындалып, көрерменді таңғажайып музыка сазына бөледі.

Қоңыр домбырасымен қазағымның қасиетті өнерін паш етіп, жеке күй орындаған «ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері» Жайлау Асылханов, Тұрар Әліпбаев, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Талап Хамзин, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Жалғас Болатұлы, Құрманғазы Асылханов, Анар Қабдыманаповалардың күй тартысын өнерсүйер қауым жоғары бағалап, орындарынан тік тұрып, ду қол шапалақпен қошаметтеп отырды. Қазақ камералық хорының биік өнері, хас шеберлігі залдағы көрерменнің зор ықыласын тудырғанын көзіміз көрді, құлағымызбен естідік.

Бұл сазды кеш, тамаша концерт арайлы мекен, ақ мекен – Ақтөбенің айрықша мәдени өрнегін, өнер ұжымдарының кәсибилігін, музыкасының терең құндылығын танытып, тағы бір  насихаттауға мүмкіндік берді, төл тарихымыз бен мәдениетіміздің бағалы жауhарларын биік сахнада тұрып паш етті. Концертке қатысқан қалың көпшілік, елордада тұрып жатқан ақтөбеліктердің қолдауы көңіл сүйсінтті, ел ағалары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері кеш аяқталғанша тырп етпей, айрықша ықыласпен тыңдаса, кеш соңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның атынан Ықылас гүлі әкелініп, өнер иелеріне зор құрмет көрсетілді.

Қазақ музыкасын кәсіби тұрғыда әлемге танытқан академик Ахмет Жұбанов, отандық классикалық музыканың негізін қалаушы  Ғазиза Жұбанова мен әлемдік деңгейдегі әнші, қазақтан шыққан  мегажұлдыз Димаш Құдайберген туған өлкенің өнерін елорда сахнасында тамашалап, ұлттық рухымыз биіктеп, керемет сазға бөленіп, тамаша көңіл-күймен қайтқанымыз мол олжа екені рас.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button