Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жүзден жүйрік журналистер



Кеше Музыкалық жас көрермен театрын­да Астана қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылып, елорданың 25 жылдық мерейтойы­на арналған республикалық БАҚ өкілдері байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, қала басшылығы, қалалық мәслихат депутаттары, қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері, байқаудың конкурс­тық комиссиясын құраған белгілі журналистер, медиасарапшылар қатысты.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен жиналған қауымды елорданың 25 жылдық мерейтойымен құттықтай келе, БАҚ-тың бас қаланың тыныс-тіршілігіндегі алатын үлкен орнына тоқталды.

– Тарихқа көз жүгіртсек, дәл 25 жыл бұрын Ақмола қаласында бар-жоғы 20-ға жуық бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеген екен. Қазір елордамызда 640-тан астам БАҚ халыққа қызмет көрсетуде. Соның ішінде 30-дан астам телеарна болса, 490-нан астам баспа басылымы, 137 интернет басылымы тіркелген. Бүкіл еліміздің жаршысы елордамызда шоғырланып, мемлекеттік қызмет, елордамыздың тыныс-тіршілігі, Үкіметтегі жаңалықтар қамтылады. Өзіміздің қызметімізде осы салаға көңіл аудару – басты міндеттеріміздің бірі. Осыған дәлел Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің бір сөзінде бұқаралық ақпарат құралдары елімізде мемлекет тарапынан ерекше назар аударатын сала екенін, өз ісінің майталмандары, журналистер әрдайым қолдауға ие болатынын атап өткен, – деді Есет Байкен.

Қала басшысының орынбасары байқаудың мақсаты жайында айта келе: «елордамыз туралы ерекше мақалалар шықсын, елордамыздың тыныс-тіршілігі, даму үрдісі, тарихы, қызықты тарихи сәттер жарық көрсін деп ойладық. Бұл байқау бір жарым ай бұрын жарияланды. Күткенімізден артық нәтижеге қол жеткізіп отырмыз, 100-ден астам өтінім келіп түсті. Бір жұмыстың бір жұмыстан артықшылығы көп, кемі жоқ. Үздіктерді таңдау қиынға түсіп, қазылар алқасының құрамында журналистика саласының майталмандары болды. Менің ойымша, әділ шешім шығарылды. Таяуда ғана өткен «Тұмар» байқауының нәтижелерін есептей келе, біздің байқаумен сабақтастырып, ортақ нәтижеге қол жеткіздік. Бұл байқау елордамыздың аясынан асып, өңірлердің журналистері де қатысып, топ жарды. Осы мерейтойлық байқау жалғасын тауып, дәстүрге айналады деген ойымыз бар» деді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов журналистиканың өткені мен бүгіні туралы айта келе, қазіргі БАҚ артықшылығын сөз етті.

– Журналистиканың әр дәуірге, әр заманға байланысты өсіп-өркендеу кезеңдері болып, ежелден өзіне тән өткірлікпен, шынайылықпен, сапа мен қоғам мәселесіне белсенді араласып келе жатқан ең бір өзекті сала. Бүгінгі журналистика, баспасөз, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы мен өрісіндегі басты құндылығымызды айтсам, мемлекеттік, ұлттық тәуелсіздігіміздің арқасында, рухани еркіндігіміздің арқасында өрісіміз кең, өреміз биік, бет-жүзіміз ашық жаңа ұрпақпен бірге жаңа Қазақстанның өсуіне куә болып, соның бел ортасында келе жатырмыз, – деді Қуаныш Сұлтанов.

Жүзден жүйрік шыққан журналис­терді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, белгілі ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Эльдар Толғанбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, белгілі радио және тележурналист Қымбат Досжан марапаттады.

Жалпы аталмыш байқауға жеті аталым бойынша барлығы 100-ден астам үміткер материалдарын ұсынды. Топ жарған журналистердің арасында «Elorda Aqparat» ЖШС-іне қарасты «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеті редакцияларының  және Elorda.info сайтының қызметкерлері болды.

Атап айтқанда «Үздік журналист-сарапшы» аталымында бірінші орынды Гүлшат Сералы («Астана ақшамы» газеті) иеленді. «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Максим Удод осы аталымда үшінші орынды алды, ал екінші орын «Егемен Қазақстан» газетінің штаттан тыс тілшісі – Арнұр Асқарға бұйырды.

«Үздік фоторепортаж» аталымында «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейіт үшінші орын жүлдесін Ерлан Омаровпен («Егемен Қазақстан» газеті) бөлісті. Бұл аталымда бірінші орын Шүкір Шахайдың, екінші орын Владислав Водневтің қанжығасына байланды.

«Әлеуметтік желідегі Астананың 25 жылдығы туралы үздік материал» арнайы аталымында Elorda.info сайтындағы әріптесіміз Салтанат Жақыпова үшінші орынды иеленді. Екінші орынды Ренат Тәшкенбаев алса, бірінші орынды белгілі журналист Қайнар Олжай жеңіп алды.

Басқа аталымдардағы жүлделер төмендегідей бөлінді:

«Үздік шолушы» – 1-орын – Назира Балташева («Голос народа» ақпараттық агенттігі), 2-орын – Әбубәкір Смайылов («Жас қазақ» порталы), 3-орын – Әйгерім Мұсатаева («Liter.kz» сайты);

«Үздік радиорепортаж» – 1-орын – Дулат Абибуллаев («Қазақ радиосы»), 2-орын – Раушан Сыбанжанова («Халық радиосы»), 3-орын – Азамат Тілепов («Қазақ радиосы»);

«Үздік телесюжет» – 1-орын – Марк Брюшко («Жібек жолы» телеарнасы), 2-орын – Ғабит Бөкенбай («Qazaqstan» телеарнасы), 3-орын – Динара Әбдірова («24 kz» телеарнасы);

«Үздік мобилограф» – 1-орын – Ұлан Әбішев («Қазконтент» АҚ), 2-орын – Әйгерім Ержанова («Евразия» бірінші арнасы), 3-орын – Абай Уахит («Аманат» партиясы);

Бірінші орынға – 1 000 000 теңге, екінші орынға – 500 мың теңге, үшінші орынға – 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Марапаттау шарасы музыкалық нөмерлермен көркемделіп, Музыкалық жас көрермен театрының әртістері, Зарина Омарова, Досымжан Таңатаров, Айдар Жұмабай, Алтынбек Әбілда мен Әйгерім Аманжолова өнер көрсетті.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button