Әлеумет

Жұмыс іздесең, жәрмеңкеге бар



Кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі «Жастар» сарайын­да өтті. Жұмыс іздеушілермен бірге барып, қандай мамандарға сұраныс жоғары екенін білдік.

Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырған жәрмеңкеде 80 компания 680 бос жұмыс орнын ұсынды. Қаржы, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет, құрылыс, сауда-саттық саласы бойынша жұмыс ұсынған компанияларды көрдік. Жұмыс іздеуші адамдардың қарасы қалың. Көзге орта жас буынына жататындар көп көрінді.

«Жыл басынан бері 12-ші бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткіздік. Мұнда жұмыс орындар ішінде қызмет көрсету саласында бос жұмыс орны басым. Жәрмеңке жұмыс беруші мен жұмыс іздеп жүрген адамға үлкен мүмкіндік береді. Қажетті жұмыс іздеп жүрген адам өзінің түйіндемесін бірнеше жұмыс берушіге ұсынса, жұмыс беруші де жәрмеңке кезінде өздеріне қажетті мамандарын тез табады. Осы айдың соңында тағы бір жәрмеңке өтеді. Ал жыл соңына дейін әлі 5 жәрмеңке өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы қазір елордада жұмыссыз­дық деңгейі 4,5 пайызды құрайды» дейді Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» мекемесінің директоры Олжас Омар.

– Жыл басынан 20 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оған түрлі саладағы 282 жұмыс беруші 3878 вакансия ұсынды. 482 адам тұрақты жұмыс тапты, – деді Сарыарқа ауданы бойынша Мансап орталығының басшысы Бағила Орымбетова.

Пушкин көшесі, 37/2 мекенжайындағы №1 автобус паркіне Е, Е1, D категориясы бар жүргізушілер керек екен. Бұл компанияның аға бақылаушысы Фания Құлманованың сөзінше, қоғамдық көлікті басқаратын адамдарға іріктеу жүруде. 5 жыл жұмыс өтілі бар жүргізушілерді жұмысқа қабылдауға дайын екен. Жалақысы да тұрақты, 400-500 мың теңгеден басталады.

Астана халықаралық әуежайы 10 бос жұмыс орнын ұсынды. «Нұрбанк» АҚ елордадағы филиалы да қаржыгер, экономист мамандығы бойынша 4 вакансия ұсынды. Мектептер мен оқу орталықтарына да педагог мамандар керек. Соның бірі – №84 мектеп-лицейі. Білім ордасының кадр жөніндегі менеджері Жадыра Шаймұраттың сөзінше, информатика, математика, химия, қазақ және орыс әдебиеті, музыка пәндері бойынша және психолог, дефектолог, бастауыш сынып мұғалімдері қажет.

Жәрмеңке барысында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламаларына кәсіптік оқыту және «Enbek.kz» порталымен жұмыс істеу жөнінде түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Қуаныш Саттардың айтуынша, қолданыстағы заң бойынша жоғары оқу орындарының түлектерінде бір жыл ішінде төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз орналасуға мүмкіндіктері бар екен.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button