Жаңалықтар

ЖҰМЫССЫЗДЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ



d728a464eefd504d3d8f927b678

Екі қолға бір күрек іздеген жастар 9 шілде күні «Конгресс-холл» сарайына жиналды. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 150-ден аса компания қатысты.  

«Жұмыссыз жүрген ел­ор­далықтардың үштен бірі – 20 мен 29 жас аралығындағылар. Бүгін оларға зор мүмкіндік берілді. Бұл компаниялар 500-дей бос жұмыс орнын ұсынып жатыр. Шет тілі пәнінің мұғалімі, инженер, қызмет көрсету саласының маман­дық­тары үлкен сұранысқа ие» дейді «Астана жастары» комму­налдық мекемесінің бөлім басшысы Аида Санат.
«BI-group» компаниясының өкілі Назгүл Сүтемгенованың айтуынша, жұмыс сұрап баратын жастардың жартысынан көбі – сәулет-құрылыс факультетінің түлектері. «Әсіресе, Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситетін бітірушілер бізге жиі келеді. Біздің компания – ірі ин­вес­тициялық холдинг және Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығындағы танымал көшбасшы бол­ғандықтан, бұл талпыныстарын жақсы түсінеміз. Таңнан бері 2-3 сағат ішінде 100-ден аса жас өз түйіндемелерін тастап кетті» дейді компания маманы. Шынында да, басқа үстелдерге қарағанда, осы кәсіпорынның төңірегін жаға­лаушылар көп. Солардың бірі – Дастан Талғатұлы. Ол Еуразия ұлт­тық университетінің ақпараттық технологиялар факультетін биыл бітіріпті. Бұған дейін «Қазақстан темір жолы», Сыртқы істер министрлігінде өндірістік тәжірибеден өткен екен. Бүгінгі жәрмеңкеден өзі қалаған қызмет түрін табуға үмітті.
Көлік механигі, жүргізуші сияқты жұмыстар да – тапшы мамандықтар қатарында.
№4 автобус паркінен келіп отырған Гүлмира Нұрғалина осыны айтты. «Қала ішінде қатынайтын автобустар мен мектеп авто­бустарының жүр­гізушісі, электрик, тегіс­теуші, медбикелер керек қазір бізге. Біліктілікті арттыру курстарында тегін оқытамыз. Айлық жалақылары 100 мың теңгеден жоғары» дейді ол.

Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button