Басты ақпаратМәселе

Жұмысың бар ма, жас маман?



Елдегі әлеуметтік жағдайдың жай-жапсарын халықтың, әсіресе жастардың жұмыспен қамтылуымен бағамдауға болады. Алайда статистикалық мәліметтер мен мемлекеттік органдар ұсынатын деректерге қарап тон пішу шынайы жағдайды айқындай алмасы анық. Қоғамда жастардың аты аталған жерде жұмыссыздықтың қоса айтылатыны рас. Елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жас мамандар қатары баршылық. Бұған не себеп? Жастардың өздері құлықсыз ба, әлде мемлекеттік бағдарламалар қауқарсыз ба?

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, бүгінде 452,6 мың отандасымыз жұмыссыз жүр. Оның 3,6 пайызы – 15 пен 34 жас аралығындағы азаматтар. Ал оқуға да, жұмыс істеуге де құлықсыз NEET санатындағылар үлесі 7,5 пайызға жеткен. Бұл сандар елімізде жұмыссыз жастардың қатары өспесе, азаймағанын көрсетіп отыр. Ал елордадағы ахуал жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында айтқан еді.

«Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән беру қажет. Басты назарды қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға аудару маңызды. Әлеуметтік қамсыздандыру аясындағы орташа жалақы 100 мың теңгеден асады. Жұмыс орындары бар. Бірақ атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды азаматтардың 60 пайыздан астамының тұрмыс жағдайы төмен. Сондай-ақ жастарды қолдау шаралары тиімді емес. Жастармен жұмыс бұқаралық іс-шаралар өткізуден аспай жатады. Ал Астанада жастар арасында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары, республика бойынша екінші орында» деді Президент.

Бағдарламалардың берері не?

Бас қалада жастардың жалпы саны 440 мыңнан асады. Ал олардың жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құраса, NEET санатындағы жастар үлесі – 6,1 пайыз немесе 25 мың адам. Сондай-ақ Астана қаласы Статистика департаментінің дерегінше, еңбекке қабілетті жастар саны – 298 мың, оның ішінде жұмыс істейтіндер – 286 мың, жұмыссыз – 12 мың. Жастар көп шоғырланған қалалардың бірі ретінде оларды жұмыспен қамту – бас қаладағы өзекті мәселенің бірі. Осы орайда қалалық «Еңбек мобильділігі орталығының» Мансап орталығы арқылы биылғы 10 айда 6195 адам жұмыспен қамтылып, 3706-сы тұрақты жұмыс орнына орналасты. Бұл көрсеткіштің ішіне үңілетін болсақ, екі қолға бір күрек тапқандардың арасында оқыған мамандығы, алған дипломы бойынша жұмыс тапқан жастар аз. Екінші тұрғыдан алғанда, жоғары оқу орындарын бітірген жастар бос орындар жәрмеңкесіне қатысқанымен, дені қызыға бермейді. Себебі бұл жұмыс орындарының, салыстырмалы түрде айтқанда, еңбекақысы төмен. Оның үстіне жастар жан қинамайтын, компьютер алдында ғана отырып істейтін жұмысқа әуес. Ауыр жұмыс істеп, қиналғысы келмейді. Міне, осы мәселелер де жастардың кәсіптенуіне өз салқынын тигізіп тұрғаны жасырын емес.

Бас қалада жастардың жалпы саны 440 мыңнан асады. Ал олардың жұмыссыздық деңгейі 4%-ды құраса, NEET санатындағы жастар үлесі – 6,1% немесе 25 мың адам. Сондай-ақ Астана қаласы Статистика департаментінің дерегінше, еңбекке қабілетті жастар саны – 298 мың, оның ішінде жұмыс істейтіндер – 286 мың, жұмыссыз – 12 мың

«Еңбек мобильділігі орталығының» директоры Олжас Омардың айтуынша, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында бірқатар мемлекеттік жобалар өз тиімділігін көрсетіп отыр.

– Бүгінде Астанада 5000-ға жуық бос жұмыс орны бар. Мансап орталығы жұмыспен қамтуда жастарға бағытталған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» мемлекеттік бағдарламасын ұсынады. Бүгінде бұл жобалар нәтижесін көрсетіп, «Жастар практикасы» бағдарламасы шеңберінде 983 адам және «Алғашқы жұмыс орны» бойынша 301 адам жұмысқа орналасты. Аталған жобалар орталық тіркеудегі азаматтарға субсидияланатын, яғни айлық жалақысы мемлекет тарапынан төленетін жұмыс орындарын ұсынады. «Жастар практикасы» жобасы мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға көмектеседі. Оған колледжді немесе ЖОО-ны соңғы үш жылда бітірген жастар қатыса алады. Бағдарламаға қатысушы 35 жастан аспауы тиіс. Сондай-ақ шарттардың бірі – мамандық бойынша жұмыс тәжірибесінің болмауы. Еңбекақы мөлшері – 30 АЕК немесе 103 500 теңге.

Оқуын аяқтап, дипломын енді ғана қолына алған жас маман қандай да бір мекеменің есігін қақпасын «тәжірибең бар ма?», «бізге білікті мамандар керек еді!» сынды сөздерді естуге мәжбүр болады. Ал төрт жылын білім алуға арнаған түлекте жұмыс өтілі қайдан болсын?! Осы тұста біз жастарды «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысуға шақырамыз» деді О.Омар.

Жалақыны азсынады

«Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнына бейімдеуді қамтамасыз етеді. Оған жұмыс іздеп жүрген ЖОО түлектері, жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастар қатыса алады. Бағдарлама ұзақтығы – 18 ай. Субсидия мөлшері ­– 30 АЕК немесе 103 500 теңге. Одан бөлек, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға, зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерді ауыстыруға арналады.

Орталық директорының сөзінше, жастардың басым бөлігі жалақысы көп төленетін жұмыстарды іздейді. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың басты себебінің бірі – осы.

«Қазіргі жастар жұмыстың нәтижесін ұзақ уақыт күткісі келмейді. Тезірек байып кетуді, тезірек табысты болуды ойлайды. Олар кемі жалақысы 300 мың теңгеден асатын жұмысқа орналасқысы келеді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке тұрып, кеңседе отыруды армандайды. Ал мемлекеттік бағдарлама арқылы қаншама бос жұмыс орны ұсынылғанымен, оны әрі қарай игеріп, алып кетуге жастардың қабілеті жете бермейді. Сондықтан біз жастармен кездесулер барысында болсын қандай жұмыс бар, соған бару керек деген үгіт-насихат жүргіземіз. Ақысы аз төленетін жұмыс болса да, жастар үшін бұл – кәсіби жолда алғашқы қадам. Олар өздерінің білімі мен біліктілігін көрсету арқылы бұдан да жоғары қызметтерге орналасу мүмкіндігіне ие болатыны сөзсіз» деді спикер.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыс іздеген жас мамандардың жалақысы мардымсыз екені де рас. Инфляция салдарынан қымбатшылық етек алған уақытта төмен жалақыға жұмыс істеуге құлықты жастар табыла қоймайтыны да анық. Жастардың аз жалақы бүгінде ешнәрсеге жетпейді деуі де осыдан. Сондықтан бұл бағдарламалар ұсынатын қызметтен бас тартқан жас маманды да кінәлай алмаймыз. Осылайша, олардың көпшілігі бағдарлама бойынша қызмет етуден бас тартып, өздігінше жұмыс іздеуге тырысып, кәсіпкерлікке бет бұруға ниетті болады.

Жұмыс іздеп, шетел асады

Осы аралықта тағы бір мәселе туындайды. Қазір несиесін жабудың, кәсіп табудың, қаладан үйлі болудың амалын іздеп жүрген жастар енді нәпақасын шетелден іздеуді бастады. Бірі Кореяда қара жұмысқа жегілсе, бірі Еуропаның даласында я фермаларында көкөніс теріп, ақша тауып жүр. Күнкөріс қамы үшін отанынан жырақта қырыққабат теріп, қарға қууға, құлпынай жинап, саңырауқұлақ тасуға мәжбүр. Әлемде экономикалық ахуал құбылған тұста жан саны азайып, еңбек капиталы жетіспейтін Еуропа елдеріне бұл – таптырмас олжа. Өзге елдің жалақысына қызығып, шетел асқандардың қатарында Мәди Қуандық бар.

– Кореяда құрылысшы болып жүргеніме 2 жылдан асты. 6 сағаттық жұмысым үшін күніне 70 мың теңге аламын. Қазақстанда жұмыс табылды, бірақ айлығы аз. Дәмханаларда кассир болып тұрғаным үшін айына 42 мың алатын еді. Мұнда бір айда тапқанымды Қазақстанда 3-4 айда табамын. Бұл жұмысымда үш уақыт тамақ береді. Жататын жеріміз тегін. Осы жұмыс арқылы несиемді жауып, үйлі болдым. Менің таныс­тарым да осында жұмыс істеп жүр. Шыны керек, Қазақстанда еңбек ресурсы бағаланбайды. Былайша айтқанда, жұмыс күшінен айырылып жатырмыз, – дейді ол.

Еңбек миграциясы – мемлекеттің инвестициялық ахуалына, халық­аралық аренадағы рейтингіне кері әсерін тигізетін дүние. Мемлекеттен жұмыс күші неғұрлым көбірек сыртқа ағылса немесе білікті кадрлар басқа мемлекетке барып жұмыс істесе, ол мемлекеттің ішкі жұмыс күштерін қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ дегенді білдіреді.

«Жалақының төмен болуы жастарды күн көру үшін еңбек етуге мәжбүрлейді. Сапалы білім алуға әлеуеті де, қаражаты да жеткілікті жастар жағы шетелге кетіп білім алуға асықса, ондай мүмкіндіктері жоқ жастар ол жаққа жұмыс істеп, көбірек қаражат тауып келуге асығады. Өз елін құрметтейтін, ұнаған еңбек түрімен айналысатын, еңбек етуді мақсат ететін саналы ұрпақты қалыптастыру қажет. Сондықтан жастарға сапалы білім алуға жағдай жасау, жұмыссыздық деңгейін төмендету, қала және ауыл жастары үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру, жалақыны көтеру мәселелері туындайды. Қазіргі нарық қоғамы жағдайында жастардың еңбек құндылықтарын дұрыс қалыптастыру, оларды адал еңбек етуге, шығармашылыққа, кәсібилікке ынталандыру, моральды-­этикалық талаптарды басшылыққа алуға бағыттап отыру қажет» дейді әлеуметтанушы Алмагүл Мусина.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button