Мәдениет

ЖҮРЕГІМДЕ ТУЛАДЫ БӨБЕК МҰҢЫМ



Қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевтің алғашқы жыр жинағы «Студент дәптері» аталады. Жинақтың атауы айтып тұрғандай, оның негізін ақынның студенттік жылдары жазылған жырлары құрайды. Редакциямыздың атына жіберілген бір топ өлеңнің авторы студент екенін білгенде, есімізге алдымен осы жайт түсті. Сосын санамызда Есенқұл Жақыпбектің есімі, оның әнге айналған «Өмір өтер зырғып ағып» деп қайырылатын өлең жолдары жаңғырды. Ақжігіт Аманкелді Есенқұлдың өлеңдерін сүйіп оқитын болуы керек, екеуінің арасында бір үндестікті байқадық. Жас ақын аға ақынға еліктеп жүруі де мүмкін. Анығы, автор жас болса да, махаббатты ғана жырламай, өмірдің мәніне үңілуге тырысады. Бізге ұнағаны да сол болды. Жас ақынға өлең өлкесіне сәт сапар тілеп, төмендегі жырларын оқырманның талғам таразысына салуды жөн көрдік.

ОЛ… ПЕРІШТЕ
Шаттықтан жайнап ол, бәлкім,
Сезімнің түрген пердесін.
Қалауын тапқан сонда кім,
Көңілінің басып пернесін.

Бұл әлем оған өзгеше,
Өзгеше жаны, жүрегі.
Талайдың жаны ол десе,
Ертегі өмір сүреді.

Жалғанда білем ол – ерек,
Бойына берген ғажапты ең.
Шын сүйсе біреу, сол керек,
Өтеді-ау күні азаппен.

Жанары оның мөп-мөлдір,
Жүрегі және кіршіксіз.
Жалғанға бәлкім сепкен нұр,
Қалғанда көктем бүршіксіз.

Дауысы оның нәп-нәзік,
Нәп-нәзік болмыс, бітімі,
Қуанар оған хат жазып,
Жан болса, жаны жұпыны.

Күлкісі оның сал-керім,
Көзінде ойнар қилы әлем.
Жетсе егер менің дәрменім
Ғаламды оған сыйлар ем.

Талайдан кетер көргенде ес,
Ал ойы қалай шерленбес.
Жарты әлем күліп тіл қатса,
Күлкісіне оның тең келмес.

Әр ердің ойы таласып,
Көңілін таппай түңілген.
Әлемнің назы жарасып,
Кірпігінде оның ілінген.

Жанынан шуақ береді,
Жылағандарды жұбатып.
Айта алмай оған өледі
Қалса егер біреу ұнатып.

Жанында жүрген жан сырын
Жадырар жаның бөліссе,
Дидарын көрген көп пенде
Дейді екен оны «Періште»

***
КЕРМАРАЛ
Жанарыңнан домалап
Ләйлә-мұң шық,
Беймезгілде бүрлетіп ойға бүршік.
Жәудір жанар, ай қабақ,
кербезім-ай,
Қолаң шашты, қой көзді,
найза кірпік.

Көп қарадым жүзіңе тоймағасын,
Секем алып, сезікті ой бағасың.
Бір жыр жаздым сендік наз
жүрегіме,
Сүйріктей боп қадалып
қоймағасын.

Жанарымнан көрерсің жүрек
күлсе,
Сүмбіл сезім кеудеме түлеп кірсе.
Жазған жырым кермарал сендей
жанның
Бақыттымын жүрегін дір еткізсе.

Ботакөздің кіршіксіз ағы қандай,
Алтын күнге ақша бұлт
шағылардай.
Сұқ қадалып беймезгіл ерте солма,
Маңдайында бір жанның бағы
болмай.

Ақиқатта күн кешкен ертегі едің,
Алшақ кетпей жүректі өрте
керім.
Сазын құйып жүрекке сал сезімнің,
Назын жиып ғаламның еркелегін.

Қылаң беріп сан ойың кірпігіңнен,
Қайғы басқан жүректі сілкі бірден.
Сенің сыңғыр күлкіңнен жаһан
жайнап,
Меңіреуге жан бітіп, түн түрілген.
***
ҒҰМЫР-ДАСТАН
Жаныма керексіз кім,
керекті кім?
Соны ойлап қапияда өрекпідім.
Жанарымды жасытып көңіл кірі,
Жүрегімде тулады бөбек мұңым.

Ғұмыр жалғыз, жол жалғыз
біз жүретін,
Ғалам әуел жаралған ізгіге шын.
Соқтықпалы соқпақта
тарамдалған,
Жүз мұңайып және де
жүз күлесің.

Жастық шағың қол бұлғар күлім
қаққан,
Жақын дос та кетеді
жымыңдасқан.
Күн кешеміз келесі күнге асығып,
Өтіп жатыр аңдаусыз
ғұмыр-дастан.

***
ӨМІР ӨТЕР
Итшілікті бола ма ғұмыр деуге
Морт сынып кетер кей жан
түңілгенде.
Өмір-күйбең, тек бақтың несі
қызық
Адам анық баспай ма сүрінгенде.

Көшеде жүр талай жан қайғы
асынып,
Көңіл кірін көзбенен жай
жасырып.
Күлім қаққан дидарын
көрсем-дағы,
Көрінеді әлемі ойға сынық.

Көшеде жүр талай жан зікір айтып,
Көңіл сынған, болаттай
күші қайтып.
Сынағына мойымай өтуші еді,
Құдайына жүрсе егер шүкір
айтып.

Көп пенденің санасын теңге
жайлап,
Алаң қылмас ешқашан өзгені
ойлап.
Адам өзі жасайды өз азабын,
Көтере алмас шоқпарды
белге байлап.

Өлім жетпес өмірде бар ма
оғылан,
Өту анық тағдырдың
тармағынан.
Бес күн жалған дүние баста
тұрмас,
Өтейікші сүрінбей хақ жолынан.

Ақжігіт АМАНКЕЛДІ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button