ЖаңалықтарҚоғамТаным

ЖУРНАЛИСТЕН ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕРГЕ АЙНАЛДЫ



article_photo_822-1372907727

Адам өз өмірінде ең бастысы мамандық таңдауда қателеспеуі керек деп айтып жатамыз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Мейрам Жолтайұлы Байғазин мамандық таңдауда жолы болған азамат. Журналист мамандығын меңгерген ол Қазақ радиосында жауапты қызметтер атқарды. Сондай-ақ, Мейрам Жолтайұлы Ж.Тәшенев, Е.Әуелбеков және Ө.Жәнібеков сынды қазақтың тау тұлғаларының жоқтаушысы бола білді.

Мейрам Байғазин Павлодар облысының Май ауданындағы «Жалтыр» совхозында дүниеге келген. Әкесі Жолтай өз заманында «Қызыл еңбек», «Ақжар» колхоздары мен Киров атындағы совхоздарын басқарған білікті басшы болған. Ал анасы Шәпен ол 5 жасқа толғанда тым ерте өмірден өтті. Бұл, әрине, бала Мейрамның көңіліне қаяу салғанымен, оның ерте есеюіне бірден-бір себеп болды.
– Менің өмір жолым сол кездегі ауыл балалары сияқты Қазақ елінің басынан өткен тарихи және шежірелік мәні зор өзгерістермен тығыз байланысты болды. Әрине, жолым басқалардан артық деуден аулақпын. Дегенмен, көрген білгенімді, өмірден түйген ой-тұжырымдарымды жазып қалдырмасам, кім біледі, сол өткен өмірге жасалған қиянат сияқты болмас па екен, – дейді журналист.
Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған заманда қазақ ұлтының тілі мен салт-дәстүрін сақтап тұру қиынға айналғаны ешкімге де жасырын емес. Мәселен қазақ тілінде білім беретін мектептер бірінен кейін бірі жабылып, соның салдарынан ана тілімізге қатер төнді. Айталық, 1950 жылдары Павлодар облысында қазақ мектептері бірінен кейін бірі жаппай жабыла бастады. Бұл, әрине, Мейрамның әкесі Жолтайға ұнаған жоқ. Себебі, ол қазақ мектебін жабу арқылы кеңес үкіметі жаппай орыстандыру саясатын жүргізіп жатқанын білді. Оның үстіне Тың игеруді желеу етіп қазақ даласына миллиондаған орыс ағыла бастады.
Осындай қауіп-қатерді сезген әке ұлын Алматыдағы жездесі мен апайының қолына тапсырады. Ондағы Жолтайдың ойы баласының орыстанып кетпей, қазақы тәрбие алып шығуы болса керек. Ол кезде Алматының өзінде бір ғана 12-ші қазақ мектебі болатын. Мейрам Байғазин сол мектепте оқуын жалғастырды. Егер Жолтай баласын Алматыға аттандырып, қазақ тілінде білім алуына мүмкіндік ашпаса, онда Мейрам белгілі қаламгер болып қалыптаспас еді. Қаламгер болу былай тұрсын, тіпті, ол өз ана тілін білмейтін, көп шала қазақтың бірі болып қалар ма еді, кім білсін? Алайда әке жүрегі бір қауіптің боларын сезіп, ұлының орыстанып кетуінің алдын алған секілді.
Қазақ тілінде білім беретін Алматыдағы жалғыз мектептің басшылығы оқушыларды атақты жазушылармен жиі кездестіріп, олардың тәрбиелік мәні зор әңгімелерін тыңдатып тұруды дәстүрге айналдырды. Айталық, білім ордасына Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Шара Жиенқұлова сынды және қазақтың тағы да басқа айтулы азаматтары келген болатын. Сол кездесулерден ерекше әсер алғаннан кейін болар, кім білсін, әйтеуір Мейрам қазақтың атақты жазушыларының кітаптарын оқып, мол мағлұмат алды. Бала кезінен кітап оқуға әуес болған ол бұл әдетін Кеңес армиясы қатарында жүргенде де тастамады. Көп оқығанның арқасында оның жазуға деген бейімі арта бастайды. Әскерде жүргенде қабырға газеттеріне мақала жазып, жауынгерлер өмірінен мағлұматтар беріп, бірте-бірте саяси сабақтарды жүргізуге көшті. Бұл оның сол кездегі жанына жақын мамандық таңдаудағы арманының ең алғашқы сатысы болса керек.
Сонау алпысыншы жылдары Қазақ радиосына келіп, қызметке орналасқанымда сондағы аға журналистеріміз ерекше көрінетін, берген кеңестері де ақылға қонымды болатын. Біз сияқты жас мамандар солардай болсақ деп армандайтынбыз. Қазақ радиосының майталман журналистері біз сияқты жас мамандарды кеудеден итермей, қайта ертең өздерінің орнын басатын, ел сенімі мен таңдаған мамандығына кір келтірмей, оны абыроймен алып шығады деп баулыды. Мысалы алғаш редактор болып Қазақ радиосына ауысқанымда маған қамқор болып, журналистиканың қыр-сырына баулыған басты ұстазым Мейрам Байғазин болатын. Өйткені ол нағыз журналистің қандай болу керек екенін жақсы білетін.
– Журналистика – әр адамның қолынан келе бермейтін, ерекше дарын мен төзімділікті, жігерлілік пен еңбекқорлықты талап ететін мамандық. Дегенмен мен ауыр да болса осы мамандықты таңдадым. Менің ойымша, нағыз журналист – біріншіден, шыншыл болу керек. Екіншіден, сөзге шебер, ойы ұшқыр, тақырыпты еркін таңдай алатын, төзімділік пен жігерлілікті, еңбекқорлықты көрсете білетін адам ғана нағыз журналист бола алады. Жалпы бұл – қызығы да, қиындығы да мол мамандық. Кезінде радиодан саңқылдап тұрған дикторлардың әуезді дауысын естіп, тамсана тыңдайтынмын, әрі қызығатынмын. Олардың сөйлеген мәнері, тіл байлықтарының шеберлігіне таңданатынмын, – дейді ол.
Иә, журналистика саласы көбіне-көп шыншылдықты ұнататындарға арналған. Егер қателесер болсаң, өзіңнен кейінгі ұрпақ сенің дұрыс жолда болмағаныңды түсінеді. Себебі шындық түбінде бір жеңбей қоймайды. Әрі бұл сала адамнан жан-жақтылықты талап етеді. Мейрам Байғазинның айтуынша нағыз журналист болған оқиғаны бұрмаламай, сол күйінде беруі керек.
– Әр нәрсені дұрыс түсініп, талдау қажет. Ақиқаттан айнымай шындықты көрсету журналистің басты парызы деп санаймын. Жалпы журналист жақсыны да, жаманды да таразылай білгені жөн. Ал білімсіз журналист болмашы нәрсені яғни түймедейді түйедей етіп көрсетуге әуес болып келеді. Себебі өзінің таяздығын білдірмеу үшін қоғамда жалған пікір туғызу үшін небір қитұрқы әрекетке дейін барады. Жас журналистер осындай жаман әдеттен аулақ болғандары жөн. Журналистердің мақсаты халық пен үкімет арасындағы қарым-қатынасты, сенімділікті сақтап қалу. Бүгінгі қоғамның бет-бейнесін де, кемшілік тұстарын да дөп басып, осындай жайсыз жайларды болдырмауға, дүрбелең тудырмауға дер кезінде ақыл-кеңес беретін мамандарды тауып алып, екіжақты талқыға салу арқылы түбегейлі бір тұжырым жасау керек, – дейді ол.
Мейрам Жолтайұлы – тек қана журналист емес, сонымен қатар қабырғалы қаламгер екендігін дәлелдеген азамат. Оның бір емес бірнеше тұлғаға арнап, мақалалар мен кітап жазуы тегін емес. Солардың бірі – ұлты­мыздың мақтанышы, мемлекет және қоғам қайраткері – Жұмабек Тәшеневтің ерен ерлігі туралы жазылған еңбек болса керек.
– Бүгінде елімізде кең талқыға түсіп жатқан басты мәселе – ол Жер мәселесі. Жердің бір ғана иесі бар, ол қазақ халқы. Атамекеніміздің ұлан-байтақ жерін бізге ата-бабаларымыз аманаттап кеткен. Олай болса, осы жерді сауда-саттыққа салуға қақымыз жоқ. Жалпы жер туралы мәселе көтерілсе, ең бірінші болып Жұмабек Тәшеневтің есімі мен азаматтық ерлігі бірден еске түседі. Алып державаны басқарған Никита Хрущев пен Тәшеневті тайталасқа түсірген қазаққа тән қайсар мінез, бүкіл болмысына сай ұлттық намыс, ата-баба өсиетіне беріктігі болса керек. Осындай өр мінезінің арқасында Жұмабек Тәшенев қазақ халқын жеңіске жеткізді, – дейді Мейрам Байғазин.
Шыны керек, Жұмабек Тәшеневтің еліне, халқына жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған жылдары Жұмабек Тәшенев қазақтың қасиетті жерін Ресейге бергізбей, Н.Хрущевке қарсы шықты. Егер сол жылдары Жұмабек Тәшенев бас көтермегенде Ақмола, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары Ресейдің құрамына өтіп кетер еді. Ол еліміздің жерін ғана емес, 3,7 миллион халқын Ресейге бергізбей, туған жерінде қалуға мүмкіндік жасады. Бұл аз десеңіз, Маңғышлақты – Түркменстанға, Оңтүстік Қазақстан облысының екі ауданын Өзбекстанға бергізбей, аман сақтап қалды.
Мейрам Жолтайұлы Ж.Тәшеневтен бөлек ұлт мақтанышына айналған Е.Әуелбеков және Ө.Жәнібеков сынды мемлекет қайраткерлері туралы жан жақты жазды. Өйткені ол осындай тау тұлғаларымыздың мұралары мен өсиеттері біздің қоғамымызға өте-мөте қажет екенін білді. Сондықтан да ол Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығының аясында «Жұмабек Тәшенев» деген атпен кітап шығарды. Ондағы тарихи құнды мақалалар мен естеліктер жастардың ұлттық рухта тәрбиеленуіне себеп болады. Мысалы аталған кітапқа кезінде Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Еркеғали Рахмадиев мынадай жоғары баға берген.
«Мейрам Байғазин Жұмекең аруағын тірілтіп қана қоймай, Тәшенев сынды Мемлекет қайраткерінің қазіргі біздің қоғамымызға да керек екенін көрсетті. Жұмекеңнің өзі айтқандай: «Туған ел, туған жерім үшін өмірімді қиюға бармын. Мен елімнің жерін – таққа айырбастамаймын» деген ұлтжанды азаматтың бейнесін аспанға көтермек болған оның мына бастамасы үлгі-өнеге боларлық іс болды».
Мейрам Байғазин – журналист ретінде шындықты айтумен қатар, болған жайдың дұрыс-бұрысын тез аңғаратын, әрбір істің мән-жайын талдап, сауатты қорытынды жасайтын қаламгер. Көтерген мәселесінің шешімін тауып, тығырықтан шығар жолды іздестіріп, өзі қазбалаған мәселені бүге-шүгесіне дейін жеткізген майталман журналист. Сондықтан да болса керек оның шығармашылық еңбегі ескерусіз қалмады. Нақтырақ айтсам, ол Кеңестер Одағы телевизиясы мен радиосының үздігі, «Еңбектегі ерлігі үшін» және Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына арналған мерекелік медальдерімен марапатталды. Сондай-ақ КСРО журналистер Одағының лауреаты, КСРО көмір өнеркәсібі Министрлігі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің экс-басшысы қазіргі Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың грамотасын алған. Бұдан бөлек тарих ғылымының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев көрнекті Қазақстан журналистеріне арнаған алғашқы Энциклопедиясына Мейрам Байғазиннің есімін енгізді. Бұл Мейрам Жолтайұлының көп жылғы журналистика саласындағы еңбегіне берілген әділ баға болатын.
Қазіргі таңда Мейрам Байғазин Астана қалалық ардагерлер кеңесінің белді де белсенді мүшесі болып отыр. Ол түрлі басқосулар мен конференцияларда сөз алып, қандай да бір қоғамдық маңызы бар мәселелерге байланысты өз пікірін білдіріп, тың ұсыныстар жасап жатады. Біз Мейрам Байғазинді 75 жасқа толуымен құттықтай отырып, ағамызға шығармашылық табыс, отбасына бақыт, сарқылмайтын байлық тілейміз.

Ғалия Балтабай, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button