Руханият

«ЖҮРСЕМ ДЕЙМІН СЕНДЕРДІҢ ҚАТАРЫҢДА…»



Өткен ғасырдың соңы. 1995 жыл. Ауылдамын. Он бірінші сыныпта оқимын. Ол кезде бүгінгідей сапырылысып жатқан канал жоқ. Санаулы ғана. Ауыл адамдары ана тілімізде хабар тарататын ұлттық арнаны көбірек қарайды. Кешкілік малды жайлап алғаннан кейін теледидарға үңілеміз. Онда жұрт сүйсініп көретін телебағдарламар аз. Әсіресе, белгілі журналист Бейбіт Құсанбектің өмірлері тағылымға толы тұлғаларға арналған «Өмір-өзен» бағдарламасын асыға күтіп жүремін. Үй ішімізбен қызығып қараймыз. Көрші Төлеу әкем теледидардан Бейбіт ағаның бейнесі шыға келгенде: «Осы бір жүзі жылы бала майда тілімен талай ғұламаларды сайратып жібереді» деп марқайып отырады. Талантты журналистің Фарабитанушы, сол шақта жасы тоқсаннан асқан көрнекті ғалым Ақжан әл-Машани атамызбен жүргізген парасатты әңгімесі есімде қалды. Кемеңгер қария көңілде түйіп жүрген көп дүниесін ақтарыла айтып, бағдарлама соңында журналиске батасын берген еді.

Ол қазақтың қасиетті тауларының бірі Тарбағатайдың баурайындағы Кіндікті деген ауылдан қанаттанған. Сондағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті тәмамдайды. Арман қуып Алматыға келеді. Жолы оңғарылып, екінің бірі түсе бермейтін әл-Фараби атындағы ­Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенті атанады. Сол жылы факультетке талантты жастар жиналған. Шетінен шешен. Кейін осы курстан елге танылған азаматтар көбірек шықты. Солардың ортасында сырбаз мінезді Бейбіт ағамыз да жалындап жүрді.
Бала күнінен жырға, әнге ғашық болып өскен ол өлең жазған. Домбырамен әуелетіп ән айтады. Сазгерлік өнері де болған. Айтыстың да көрігін қыздырған. Бейнелеп айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіргеннен кейін Қазақ теледидарына қызметке орналасады. Жастар, әдеби-драмалық хабарлар редакциясында жұмыс істейді. Қыр-сыры мол саланың сырын үйренеді. «Құрдастар», «Көкпар», «Дидар» деген сол кезде жастар құмартып көрген бағдарламаны жүргізді. Теледидардың тарландары атанған Жүрсін Ерман мен Нұртілеу Иманғалиұлынан тәлім алды. Ұстаз тұтты. Жақсылардың соңынан көп ерді. Олардан өміріне өнеге болар тағылым түйді. Соған риза болған Жүрсін ағасы талантты інісі туралы: «Теледидар бізге түкке керексіз, Көрінбесе сенің көркем дидарың!» деп өлең арнаса, Нұртілеу Иманғалиұлы: «Егер Бейбіт қазақ журналистикасына не әкелді?» дейтін болсақ, ол Бейбітті әкелді. Ол өзінің болмысын, ойын, қарапайымдылығын әкелді. Әдетте, біз тапсырманы бұлжытпай орындайтын журналисті жақсы маман деп жасандылыққа бой алдырып жатамыз. Бейбіт осы жасандылықты бұзды» деп жазыпты.
Иә, Бейбіт ағаның бейнесін теледидарсыз елестете алмайсыз. Халыққа жақын, мәні мен мазмұны жағынан бай бағдарламаларды жарыққа шығарды. Көпшілігін өзі жүргізді. Әлі де ел «Халық зердесі», «Кездесу», «Үкімет адамы», «Төрт құбыла», «Бейсенбіде бізбен бірге болыңыз» деген хабарлары есінен шығара қоймаған болар.
Оның кез келген хабарынан қазақылықты байқайсыз. Әрине, жақсы мағынасында. Шынайылықтың жылы лебі еседі. Жаңа ғасырдың басында ол жүргізген «Хабар» агенттігіндегі «Таразы», «Нысана», «Ойталас», «Дәуірнама», «Бір сәт және бүкіл ғұмыр», «Ел ағалары», «Тіл» бағдарламаларын қарағанда, тура көркем фильм көргендей әсер аласыз. Қазір осындай байыпты бағдарламалар көзден бұл-бұл ұшты. Сондай кезде Бейбіт ағаны еске аламыз. Егер ол кісі тірі болғанда, бұл бағдарламалар жалғаса берер ме еді?! Міндетті түрде жалғасады деп ойлаймыз.

4 қазан күні сағат 15-те Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Президенті бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының және ҚР Жастар одағының, сондай-ақ, Қазақстан журналистер академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері Бейбіт Құсанбектің «Өмір-өзен» атты кітабының тұсаукесері өтеді

Қыс­тың қақаған күндері қардың астынан бүлкілдеп ағып жатқан мөлдір бұлақтар болушы еді ғой… Қанша ішсеңіз де, құмарыңыз қанбайтын. Бейбіт ағаның да бағдарламалары сондай болды.
* * *
«Өмір-өзен» хабары – талантты журналистің тамаша жобаларының бірегейі. Ол 1995-1998 жылдар аралығында жүзеге асты. Жүзге жуық хабар түсірген. Бағдарламаның тақырыбы да керемет. Расында, өмір деген сарқырап ағып жатқан өзен секілді. Әркім кезегі келгенде жаңқадай жағаға шығып қалады. Хабар жарыққа шыққан уақыттың өзі күрделі шақ еді. Талай арпалыс пен зобалаңды өткізген жиырмасыншы ғасыр­дың соңғы ширегі. Әйтеуір, бабалар аңсаған азат мемлекетпіз. Өз билігіміз – өзімізде. Халықтың соған көңілі тоқ. Жұрт қиындықтықтың қамытын мойынға ілсе де, ертеңге деген үміті зор. Әрі сол кезде ұлттың құты саналған зиялыларға сенім артты. «Солар не айтады?» дегендей газет пен теледидарға елеңдеді. Сондай қысылтаяң мезгілде жол тартқан бағдарлама көпшіліктің көкейіндегісін тап баса білді. «Жаңа ғасырды тәуелсіз мемлекет ретінде қалай ашамыз? Ұлттық болмысымыз­ды қалай сақтаймыз? Қандай жолмен жүреміз?» деген сан сауалға жауап алды. Бейбіт ағамыз да бағдарламаға ауызы дуалы, ел ұйып тыңдайтын тұлғаларды шығарды. Жасы тоқсаннан асқан Ақжан атамыз ұрпаққа өнеге болар ұлағатты әңгіме өрбітті. Жазушы Төлен Әбдік ұлттық сана жайында ой толғады. Қадыр Мырза Әлі, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Ақселеу Сейдімбек, Мұрат Қалматаев, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріпова, Мұхтар Бақтыгереев… Енді айта берсе, ғасырда бір туар тұлғалардың ел мен жер, өнер мен тіл, тарих пен таным жөніндегі толғаныс­тары мен өзекті мәселелері жүрегіңізді жұлқып, қалғыған санаңызды түртеді. Сондағы айтылған пікірлердің әлі күнге дейін маңызы жойылмаған. Дәл бүгін айтқандай әсер қалдырады. Сол тұлғалардың көбі арамызда жоқ. Бірақ бейнелері Бейбіт ағамыздың хабарында сақталып қалды. Біз мұны қайдан біліп отырмыз? Әрине, оның шет жағасын ауылда көрдік. Биыл ағамыздың жары Ғазиза Исахан мен ұлы Бейбарыс Бейбітұлының құрастыруымен сол бағдарламадағы сұхбаттары топтастырылып, «Өмір-өзен» деген кітабы жарық көрді. Жаңа жинақ туралы Ғазиза апайдан сыр тарттық.
– Бейбіттің өзі көзі тірісінде «Өмір-өзен» хабарын кітап етіп шығарамын деп, 4-5 бағдарламаның мәтінін қағазға түсіріп, кейбіреуінің көшірмесін алып, жинақтап жүрген. Қазір соны өзі шығарғанда қалай болар еді деп ойлаймын. Кейіпкерлер жайлы керемет әңгімелер айтар еді. Амал не, тағдырдың жазуы басқаша болды. Біз кітапқа отыздан астам ғана хабардың нұсқасын кіргіздік. Негізі, жүз шақты хабар түсірілген. Қолымызда бары сол болды. Басқаларын табу үшін телевизия басшысына хат жаздым. Басқа нұсқалары табылып жатса, толықтырамыз. Айта кетейін, жинақтың сыртында Бейбіттің есімі тұрғанымен, шындығында, онымен сұхбаттасқан тұлғалардың бәрін осы кітапқа үлес қосты деп санаймын. Автор әңгіме өрбіткен белгілі адамдардың есімі мен таланты хабардың сәнін кіргізіп, халықтың қызығушылығын оятты. Сондай-ақ, Бейбіт жүргізген «Тіл» бағдарламасын да кітап етіп шығарсам деймін. Оның он шақты хабары кезінде «Дала мен қала» газетінде басылған. Сол форматта жарық көрсе… Енді оны уақыт көрсетеді, – деді журналистің жұбайы.
Жақсы адамның артында жақсы сөз қалады. Елге белгілі азаматтың есімі ұмытылмасын деп Ғазиза апай жарғақ құлағы жастық тимей, біраз шаруалардың басын қайырған. Ағамыз өмірден өткеннен кейін оның «Өлең-өзім» атты жыр жинағы мен «Ғұмыр дария», «Ел ағалары», «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» атты кітаптарын құрастырып, жарыққа шығарды. Туған жерінде бір көшеге немесе мектепке атын беру туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне хат та жазған. Бірақ олардан әзірше жауап жоқ. 2008 жылдан бері жақын достары мен курс­тас­тары белгілі тележурналист Бейбіт Құсанбек атындағы жас тележурналистердің республикалық байқауын ұйымдастырды. Биылғы байқауда әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенттері дарынды тұлғаның шығармаларынан эссе жазды. Бүгінде оның өмір жолын артында қалған үш ұлы жалғап, әке шаңырағын биік ­көтеріп келеді.
* * *
Биыл Бейбіт аға көзі тірі болса, 55 жасқа толады екен. Халқына бергенінен берері көп азамат небәрі 45 жасында өмірден мезгілсіз өте барды. Ол бір өлеңінде:
Күн батып, арайлы таң
атарында,
Күзетіп дүниенің бақ, арын да.
Жаны сұлу, кіл жайсаң,
жақсы адамдар,
Жүрсем деймін сендердің қатарыңда, – деп жазыпты. Ақын жүрегі сезімтал. Кейде болашақты дәл болжайды. Асыл ағаның көзі жоқ болса да, рухымен біздің қатарымызда жүргені анық.

Азамат Есенжол




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button