Қоғам

Жұртты біріктіретін құжат керек



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел бірлігін нығайту, қоғамды, халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыру, Қазақстанның болашағына тікелей әсер ететін мәселелер мен міндеттерді кеңінен талқылау мақсатында Ұлттық құрылтайды құруға бастамашы болды. Киелі Түркістан шаһарында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Президент «Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ» деді. Осы орайда кейбір ойларыммен бөліскім келеді. 

Қазір қазақстандық қоғамды дүрліктірген оқиғалар халық арасында көп әрі қызу талқыланады. Мысалы, елге белгілі әулеттен шыққан танымал адамның әйе­лін өлтіруі резонанс тудырды. Бұл іске қатысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірлерін оқып-ақ қазіргі қоғамның бет-бейнесін, осы уақытқа дейін жасырын ұсталған мәселелерді бар бояуымен көруге болады. Мұның түбін қазбаласақ, арғы жағында талай мәселе жатыр.

Кеңес дәуірінде бірінің үстінен екіншісінің «домалақ арыз» жазуы, қуғын-сүргін миллиондаған адамдардың өмірі мен тағдырын тас-талқан етті. Сол заман тәрбиесін көрген аға буын мен Тәуелсіз Қазақстанда қалыптасқан жас азаматтардың да көзқарастарында қарама-қайшылық пайда болды, бір сөзбен айтқанда, қос буын арасында күрделі қарым-қатынас орын алды. Қазақ әдебиетінің классигі саналатын жазушының өмірден өткен тұлғалар мен замандастарын аяусыз сынаған таяудағы сұхбаты немесе «Оян, қазақ!» көркем фильмі ешкімді бейжай қалдырмады. Бұл тұлғаларға, тарихқа деген көпшіліктің қызығушылығын аңғартады. Алайда әр буынның бұған көзқарасы әртүрлі.

Қазір Қазақстан тарихындағы кейбір өзекті мәселелерді саралау бойынша мемлекеттік органдар жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстың маңызы ерекше екенін атап өту керек. Бірақ бұл іс техникалық немесе косметикалық бағытта өрбіп жатқан жоқ па деген күдік те бар. Менің пікірімше, бұл тарапта кейбір мәселеге жіті көңіл бөлінбеген. Меніңше, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі, Жаңаөзен қаласындағы және Қаңтар оқиғалары, Кеңес өкіметі кезеңіндегі саяси қуғын-сүргін арасында жүйелі байланыс бар. Бұл оқиғаларға қазақстандық қоғам тарапынан екі түрлі көзқарас қалыптасты. Қазақстанды бұрын басқарған жекелеген тұлғалар ісіне, қыз­метіне мемлекеттік органдар тарапынан дұрыс баға берілмей келеді деп айтылып жүр. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде сансыз табиғи байлыққа ие Қазақстан халқының әл-ауқаты неге көтерілмеді? Бұл мәселе әлі де өзекті күйінде қалып тұр. Осыған байланысты қазақстандық қоғамның белгілі бір бөлігінің сол кезеңде жұмыс істеген және қазіргі уақытта жұмысын жалғастырып жатқан кейбір немесе барлық шенеуніктерді люстрациялау туралы талабын еске түсіру орынды.

Қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлері бастапқыда неге «күту» позиция­сын ұстанды? Әрине, оларға тікелей басшылары «тыныш отыр» деген тапсырма берген деп айтылып жатыр. Оның екінші айтары да бар. Меніңше, бұл 1986 жылғы желтоқсандағы және Жаңаөзендегі оқиғалардағы сияқты қайтадан жазықты болып қаламыз деп үрейленуден орын алған сияқты. Желтоқсан кезінде кейбір шенеуніктер құқық қорғау және сот органдары қызметкерлерінің өзін тергегендей қылды. Кей кітаптарда тәртіп сақшыларының аты-жөндері көрсетіліп, негізсіз қараланды. Бұл тиісті оқиғалардың нақты мән-жайын, ақ-қарасын білместіктен орын алды. Осындай жағдай айқын әділетсіздікке және Қазақстанның құқық қорғау және сот органдарының беделін түсіруге әкелді. Өкінішке қарай, қазір сол оқиғаларға объективті түрде баға беруге және сол кезеңдегі құқық қорғау және сот органдарының қызметкерлерін ақтап алуға ешкім тырыспайды. Қазіргі тәртіп сақшылары ертең өздері қуғын-сүргінге ұшырамайтынына кім кепілдік бере алады? Себебі тарих қайталануға бейім.

Көпшілік жылы қабылдаған «Оян, қазақ!» фильмінде кейбір пікірлерге сенсек, бірін-бірі ата жау санауы тиіс Аманкелді Имановтың ұлы мен Міржақып Дулатов қызының кездесу сәті бейнеленген. Осыдан үлкен тәлім, сабақ алуға болады. Болашақта белгілі бір тұлғаны немесе белгілі бір адамды, әулетті негізсіз кінәламау, орынсыз қараламау үшін ұлттық татуласу актісін қабылдау қажет деп есептеймін. Болған оқиғаны кешіру, оған қатысушыларды татуластыру үшін қазақстандықтарды біртұтас халыққа біріктіретін құжат қабылдау керек, болашақ үшін бірігу қажет. Бұл – менің азамат, заңгер ретіндегі жеке ойым. Әлем халқы дамудың әртүрлі кезеңдерінде осындай сатыдан өтті. Бұл тарапта Германияның антифашистік қозғалысын, Испанияның азаматтық соғысын, Францияның Виши Үкіметін, Аргентина, басқа да елдердің тарихын еске түсіру жеткілікті. Бұл мемлекеттер қайғылы тарихи оқиғалардан сабақ алып, өз халқын біртұтас­тыру, біріктіру үшін шаралар қабылдады. Біз де Қазақстан халқын біріктіру үшін осындай шараларды қабылдауымыз керек. Біз осы құжатпен құқықтық негіз құрып, тұрғылықты жеріміз бен тегімізге қарамастан, ұлтымызды біріктіру туралы ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманын жүзеге асыра аламыз.

Нұрғали Мамытов,

заң ғылымының PhD докторы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button