Елорда тынысы

Жыл бойы оқушылар үзілмейді



Қосымша білім беру ұйымы қатарындағы елордалық әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы – ерекше жоба. 2011 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай балалар мен жасөспірімдерді дамыту үшін арнайы салынған. Мұнда қазіргі заманның ақпараттануы мен технологиялылығы республика мәдени мұрасының жалғасуымен ұштасады.

Оқушылар сарайында білім беру қызметі 2012 жылдың сәуірінен бастап қосымша білім берудің негізгі бағыттары бойынша жүзеге асып келеді. Қазіргі уақытта сарайда 13494 бала қосымша білім алатын 98 үйірме, секция және шығармашылық бірлестік жұмыс істейді. Олар – техникалық шығармашылық-радиоэлектроника, робототехника, 3D-модельдеу, лингвистика – шет тілдерін үйрену, актерлік шеберлік, шешендік өнер және әртүрлі спорт түрлері, тағы да басқа үйірмелер бар. Сондай-ақ зертханалар, оқу кабинеттері, планетарий, обсерватория, 300 орындық көпфункционалды концерт залы, 400 орындық театр залы, 264 орындық форумдар, диспуттар, балалар театры, жеңіл атлетика, баскетбол залдары, күрес және тенниспен айналысуға арналған залдар бар. Жыл сайын жаңа үйірмелер ашылып, жаңа жобалар, шығармашылық байқаулар, спорт жарыстары жоспарланады. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Рухани жаңғыру» орталығы ашылып, жұмыс істейді. Сарайға ұлы ғалым әл-Фарабидің есімін беруге байланысты «Фараби орталығы» оқу-тәрбие орталығы ретінде ашылды. Сарайда ғылымды дамытуға көп көңіл бөлінеді. Химия, математика, физика кабинеттері толық жабдықталған. Материалдық-техникалық базасы нығаюда. Оқу-тәрбие жұмысы үшін барлық қажетті жұмыстар атқарылады.

Сарай, шын мәнінде, елорданың шығармашылық, ғылыми, рухани, мәдени және спорттық өмір орталығы. Онда күн сайын балалар мен жасөспірімдер тәжірибелі жетекшілер мен кәсіби мұғалімдер көмегімен жаңа білім игеріп, дамиды. Оқушылар сарайында 341 қыз­меткер жұмыс істейді. Оның ішінде қосымша білім беретін 207 педагог жұмыс істейді. Олардың арасында ҚР білім беру саласының құрметті қызметкерлері, Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль иегерлері, педагог-зерттеушілер, ғалымдар, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлері бар.

Оқушылар сарайының жас спортшылары жыл сайын әлем, Еуропа, Қазақстан чемпионаттарында бақ сынайды және тұғыр­ға жиі көтеріледі, халықаралық, республикалық конкурстарға қатысып, гран-при иегері, лау­реат, дип­ломант атанып жүр.

Орталықта интерактивті парк секілді ірі жобалар іске асты. «Жазғы демалыс академиясы»
жобасы, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Аяла» әлеуметтік жобасы, аналарды қолдауға арналған «Бақыттың 8 кілті» оқыту жобасы, «Білім шыңы» ғылыми жобасы және тағы да басқа жұмыстар іске асты.

Оқушылар сарайы – Астана қаласы бойынша «Ұшқыр ой алаңы» дебат қозғалысының координациялық орталығы. «Жасай бер, тәуелсіз Қазақстан!» атты Тәуелсіздік күніне арналған дзюдодан халықаралық жарыс, дарынды балаларға арналған ғылыми жобалар бойынша рес­публикалық байқау дәстүрлі түрде өтіп жүр.

2021 жылы «Sana» креативті білім беру орталығы ашылып, қала мектептерімен тығыз байланыста бірқатар жұмыс атқарылуда. Платформалар 7 жастан 17 жасқа дейінгі балалар үшін шығармашылық және зияткерлік мүмкіндіктерді дамыту мақсатында жұмыс істейді.

Қосымша білім беру үйірмелері ашылғалы бері көптеген жетістікке жетті: «Тұмар» би ансамбліне «халық би ансамблі» атағы берілді, «Бал биі» ансамблі әлем және Еуропа чемпионы атанды. «Үлкен теннис» секция­сының тәрбиеленушілері Қазақстанның бірінші және екінші ракеткасы атағын жеңіп алды. «Нұршашу», «Гәкку», «Керім-ай» хореография ұжымдары және жас вокалистер балалар шығармашылығының халық­аралық және республикалық конкурстарының жеңімпазы атанды. Ал Оқушылар сарайы «Республиканың үздік қосымша білім беру ұйымы» атанды және тағы да басқа секциялардан жүлделі орындар иеленді.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button