Елорда тынысы

Жылнама: оқиғалар, тұлғалар



Міне, Барыс жылы да жылыстап, тарихқа айналды. Тарихты тұлға жасайды десек, сол тұлғаны тану арқылы мол тағылым аламыз. Осы орайда 2022 жылға мерейтойы сәйкес келген қай тарихи тұлғаны лайықты деңгейде ұлықтадық, қай тұлғаның «дөңгелек» датасы еленбей қалды деген заңды сұрақ туады. Тарқатып көрелік.

БАЙТҰРСЫНҰЛЫ МЕН БАҒЛАНОВА

Барыс жылының басты мерейтойы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен халқымыздың бұлбұл әншісі, Қаз КСР және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығы болды. Бұл мерейтойлар ЮНЕСКО деңгейінде, яғни елімізде ғана емес, шетелде де аталып өтті.

Ұлтымыздың тіл білімі мен әдебиеттануының негізін қалаған тарихи тұлға мен атақты әншінің мерейтойына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беріп, тиісті тапсырмалар берді. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын лайықты деңгейде атап өту үшін Жарлыққа қол қойды. Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ұлт ұстазының музей-үйіне барып, ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты.

– Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліпбиін жасады, алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Арада қанша жыл өтсе де, оның рухани мұрасы жұртының игілігіне жарап келеді. Сол себепті жұртымыз оны «ұлт ұстазы» деп ардақтайды, – деді сонда Мемлекет басшысы.

Бір атап өтерлігі, былтырғы жазда Астанадағы «Қаламгерлер» аллеясында бір ансамбльді құрап тұрған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы ескерткіші ашылды. Қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерінің, зиялы қауымның бастамасымен болашақта елордада ұлт ұстазының жеке ескерткіші бой көтереді. Бас қаланың Мәдениет басқармасы тиісті конкурс жариялады. Бұйырса, келер жылы ұлт ұстазы тұғырға қонады.

Сондай-ақ Астанада «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты халықаралық конференция өтті. Елорданың Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Ахаң жүріп өткен жолменен…» атты экспедиция ұйымдас­тырды. Соның аясында белгілі ғалымдар, зиялы қауым, журналистер ұлт ұстазының туған жеріне барып қайтты. Ал астаналық веломарафоншы, журналист, аудармашы Ернат Мелсұлы халықаралық велошеруді Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнады. Ол ұлт ұстазы туған Торғай топырағындағы Сарытүбектен аттанып, еліміздің батыс өңірін, Грузия мемлекетін басып өтіп, велошеруді Түркияда аяқтады. 55 күнде 5555 шақырымды еңсерді.

Негізгі той Торғайда өтті. Соның аясында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып ­Дулатұлының ескерткіші ашылды. Қос арыстың музейі толық жаңғыртылды. Сарытүбекте кесенесі тұрғызылды. Қостанай қаласындағы әуежайға Байтұрсынұлының аты берілді. 12 томдық шығармалар жинағы шығарылып, таңдамалы еңбектері 4 тілде жарық көрді.

Ал ұлт ұстазының мерейтойы халықаралық деңгейде ЮНЕСКО штаб-пәтері орналасқан Парижде, ТҮРКСОЙ ұйымының атсалысуымен Түркияда, тағы бірқатар шетелде аталып өтті. Анкара қаласында Ахмет Байтұрсынұлы саябағы мен ескерткіші ашылды.

Ерекше атап өтерлігі, Ахметтің туған күні – 5 қыркүйекте елімізде Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтеді. Сондықтан ұлт ұстазын ұлықтау бір жылмен шектелмейді деп ойлаймыз. Солай болуы да керек.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы – Роза Бағланованың атында. Осы өнер ұжымы бұлбұл әншіні жыл бойы ұлықтады. Мерейтойына арналған апталық пен көрмені ұйымдастырды. Гиперреалистік мүсінін жасатты. «Astana Musical» театры «Роза Бағланова» атты мюзикл, «Хабар» телеарнасы «Бұлбұл» телехикаясын түсірді. Алматыда ескерткіші бой көтерді. Астанада Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалистер байқауы өтті. Елордадағы №2 балалар музыка мектебіне аты берілді. Атақты әнші Париж бен Мәскеу қалаларында да ұлықталды.

АЛМАТЫ МЕН АСТАНА НЕГЕ ЕЛЕМЕДІ?

ХХ ғасыр басында «Айқап» журналын шығарып, қазақ журналистикасының қалыптасуына үлкен үлес қосқан ақын, аудармашы, ағартушы Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығы биыл елеусіз өтті. Қостанай облысы Қарабалық ауданында аталып өтті демесеңіздер, Астана мен Алматыда қазақ журналистикасы атасының бір жарым ғасыр­лық мерейтойына арналған ауыз толтырып айтарлықтай шаралар туралы естімедік.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы да жетімнің тойындай өтті десек болады. Мұхамеджан Сералин сияқты, оны да өзі туған Семейімен шектеп тастадық. Соның ішінде сол қалада бой көтерген, ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысқан Мұхтар мен оның шәкірті Қайым Мұхамедханов ескерткішін ғана ерекше атап өтуге болады. Осы орайда бір топ зиялы қауым «Астана ақшамы» газеті арқылы елордада классик қаламгердің ескерткішін тұрғызу бастамасын көтерген еді. Ол да елеусіз қалған сияқты…

Жыл басындағы Барыс жылының мерей­тойлары жайында жазған мақаламызда «Еленуі тиіс би мен батырлар» тақырыпшасын қойғанбыз. Сондағы Қаз дауысты Қазыбек бидің 355 жылдығы, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы мен оның бас батырларының бірі Ақжолтай Ағыбай батырдың, атақты ақын Дулат Бабатайұлының 220 жылдығы да еленбеді.

Роза Бағлановамен қатар екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің, Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен қыздарымыз – Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың, ақын-жазушылар Сырбай Мәуленовтің, Сафуан Шәймерденовтің, Әзілхан Нұршайықовтың, Садықбек Адамбековтің, мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың, Қаз КСР халық әртістері Байғали Досымжанов пен Шолпан Жандарбекованың, кинорежиссер Мәжит Бегалиннің ғасырлық мерейтойы да Барыс жылына дөп келді. Осы тізімдегі тарихи тұлғалардың кейбірін сол аймақтық деңгейде ғана ұлықтадық, Астана мен Алматыда санаулы ғана шаралар өтті. Кейбірінің мерейтойы елеусіз қалды.

ЕЛОРДАДАҒЫ КӨШЕЛЕР МЕН ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТАЛАР

Соның ішінде елордада Сафуан Шәймерденов пен Әзілхан Нұршайықовтың атына биыл көше берілгенін, қаладағы Мәншүк Мәметова атындағы бұрынғы көше қысқа болғандықтан, Есіл ауданындағы Е-12 жобалық көшеге батыр қызымыздың көшесі көшірілгенін атап өтуге болады. Шолпан Жандарбекованың атына да көше беріліп, драма театрларының ХХVІІІ республикалық театр фестивалі оның 100 жылдық мерейтойы аясында өтті, «Шолпан-жұлдыз» кітабы жарық көрді.

Академик Серік Қирабаевтың туғанына биыл 95 жыл толды. Былтыр ғана дүниеден өткен ғалымның ескерткіш-тақтасы Алматы мен Астанада тұрған үйлеріне орнатылды.

Биыл туғанына 90 жыл толған мемлекет қайраткері, «жезкиік» ақын Кәкімбек ­Салықовтың мерейтойы Астана мен Алматыда лайықты аталып өтті. Астанада тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылып, «Астана» концерт залында еске алу кеші өтті. Ал Алматыда көшесі ашылып, тиісті шаралармен жалғасты. «Elorda Aqparat» ЖШС ұйымдастырған «Тәуелсіздік және елорда» мүшәйрасында ақын атындағы арнайы жүлде тағайындалды.

Елордадағы Мемлекеттік академиялық филармония мен Қарағандыдағы симфониялық оркестр – көрнекті композитор, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевтің атында. Осы өнер ұжымдары композитордың 90 жылдығына арнап шаралар ұйымдастырды.

Шындықтың шырақшысына айналған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы Тараз төңірегімен шектелді. Облыс орталығында қаламымен де, өткір тілімен де, қазақ журналистикасына бір топ талантты шәкірт әкелген қаламгердің ескерткіші ашылды.

КСРО халық әртісі, КСРО және Қаз КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына биыл 90 жыл толды. Астана әкімдігі ұйымдастырған «ТеатрAll» ІІ халықаралық театр фестивалі оның мерейтойына арналды.

Жазушы, этнограф-ғалым, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына орай туған жері Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында той өтті. Бұл той қаламгер-ғалымның сұрықсыз ескерткішімен есте қалды. Артынша ескерткіш бұзылып, ауыстырылатын болды. Ал Астанада Ақселеу Сланұлы өмірінің соңғы жылдары қызмет істеген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конференция, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Дәурен-ай» концертін өткізді. Елордада Ақселеу атына бір көше берілді. 80 жылдығы осы жылға дөп келген көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дүкенбай Досжан аты да көше иеленді.

Төрімізге келген 2023 жылы да тарихи тұлғалардың мерейтойы аз емес. Айтпағымыз, оларды ұлықтауға қатысты олқылықтар қайталанбаса екен…


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button