Басты ақпаратҚала мен Сала

Жылыту маусымына жүйелі дайындық



Бас қаланың іргесі кеңейіп, тұрғындары көбейген сайын жылу, газ және ауыз сумен қамтамасыз ету өзекті түйінге айналды. Әсіресе 6 ай ақырған қыс болатын Арқа төсіндегі Астанада көне жылу стансаларын жаңғыртып салып, жаңа жылыту орындарын іске қосудың маңызы зор.  Биыл бас қаладағы барлық 4 қазандықты (газ) кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр. Осы жұмыстарды қадағалау мақсатында Премьер-министр Әлихан Смайылов қала әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге Астанадағы жылу стансаларының құрылыс барысымен танысты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Астанадағы «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары (ГЖС) мен 3-ЖЭО құрылысының барысымен танысты.

Қазір 3-ЖЭО-да жұмыс 90 пайыз орындалған. Биыл барлық 4 қазандықты (газ) ­кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр. Бұл елордадағы жылу қуатын қосымша 440 Гкал/сағ арттыруға мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов бұл жобаның қала халқы үшін әлеуметтік маңызын және оны іске қосу мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

«Алдағы жылыту маусымында қазандықтардың бәрін пайдалануға беріп, қаланы қосымша жылумен қамтамасыз ету өте маңызды. Қала әкімдігі нысанды уақытылы іске қосу бойынша барлық қажетті шараны қабылдауы тиіс» деді ол.

Содан кейін Премьер-министр елорданы шамамен 350 Гкал/сағ көлемінде қосымша жылумен қамтамасыз ететін «Тұран» газ жылу стансасына барды. Одан әрі үкіметтік делегация жалпы қуаты 350 Гкал/сағ болатын және сол жағалау аймағын қамтуы тиіс «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасының құрылысын тексерді. Құрылыс жоспар бойынша жүріп жатыр. Жалпы жаңа ГЖС-ның артықшылығы – табиғи газды үнемді тұтынуға мүмкіндік беретін шағын қазандықтар. Табиғи газдан басқа, олар дизельмен жұмыс істеуге арналған.

– Қазір бізде екі газ қазандығы бар, жаңа жылу электр орталығы іске қосылып жатыр. Бұл алдағы жылыту маусымында қаланы шамамен 1100 Гкал/сағ жылумен қамтамасыз етеді, демек, біз жылуды артығымен беруге жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ елорданы болашақта жылумен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін келесі жылы қосымша газ қазандықтарын енгізу жоспарланып отыр, – деді Әлихан Смайылов.

– Қаланың тіршілігі тоқтаусыз жүру үшін бірқатар маңыз­ды нысан саламыз. Қалада жылыту маусымы шамамен 7 айға созылады. Газ жылу стансалары мен 3-ЖЭО-ны алдағы жылыту маусымында кезең-кезеңімен пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Мәселен, газ жылу стансалары мен 3-ЖЭО осы жылыту маусымында 1100 Гкал/сағ жылу береді, бұл бізге профицитке шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл үшінші газ жылу стансасының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button