Басты ақпаратМәдениетҰлт ұпайы

Жыраулар – тірі тарих жәдігері



Даңғайыр жырау Алмас ағамыз жайлы көп дүние айтуға болады. Ол – жыршылық өнерді биік белеске көтерген ардақты азамат. Баяғы текті қариялардың болмысын сақтап қалған парасатты пайымы да бөлек.  Ұстаздық жолы да өнегелі. Бүгінгі таңда Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде еңбек етеді. Алдынан дарынды жүздеген шәкірт өрбіді.  Таяу­да жырау алпыс жасқа толды. Асқаралы жасқа келген талантты тұлғаның айтары да мол. Сондықтан, ағамызбен кең отырып, жыр­ау­лық өнер жайында әңгімелескен едік.

DSC_0979
Алмас Алматов

Дәстүрлі өнердің мұрагері болмаса, жойылады

– Аға, әңгімеміздің әл­қиссасын өзіңіз ту қадап, қоныс қылған жыраулық өнердің тарихынан бас­тасақ…?

– Сонау көз ұшында бұл­дырап, қыр астында қалған Орхон-Енисей жазба ескерт­кіштері мен Тоныкөктің мадақ жырлары және одан бергі Қорқыт атамыз зерделеген асыл мұраларды бабаларымыз бас иіп бағалаған жыраулық өнердің алғашқы тұнық бас-таулары деп айтуға болады. Мәселен, ержүрек Күлтегін мен Тоныкөктің жырларынан сол кездегі жаугершілік заманның келбеті мен болмысын көркем тіл, астарлы ой, философиялық асқан тереңдікті байқаймыз. Сондықтан, тарихымыздағы жыраулық дәстүр – ұлт болып қалыптасуымызға дейінгі түркі дәуірінің, бәлкім, оған дейінгі аралықты қамтыған адамзат ақыл-ойының ең жоғары биік өлшемінің көрінісі. Әйгілі Сыпыра жырау, одан берірек тарихи кезеңдердегі Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Қазтуған, Үмбетей және Бұқар бабамызға дейінгі өрлік пен ерлікті қатар ұстаған данагөй жыраулардың жолы сайрап жатыр. Кеңес үкіметінің қаһарына қарамастан жазушы Мұхтар Мағауин XIII-XV ғасырларда ғұмыр кешкен жыраулардың рухы биік поэзия-сын зерделеп, халыққа ұсынды.

Бүтіндей далалық мәдениеттің философиясы жыраудың ішкі жан діліндегі поэзиялық қуатымен айшықталады. Бұқар бабамыздан кейін де далалық өркениеттің үлгісі атанған даңғайыр жыраулар өмір сүрді. XIX-XX ғасырлардың өзінде Базар, Жиембай жырау, бір Маңғыстау түбегінде Абыл, Нұрым, Қашаған аталарымыз ғұмыр кешті. Олардың ізін Мұрын жырау жалғады. Мұрын жыраудың кешегі екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Қырымның қырық батырын алты ай жырлап, елдің еңсесін тіктеп, рухын оятты. Ол бізге мың жылдық мұра, жүз жылдық мәдениеттің адамзат баласына ортақ екендігін айғақтап кетті.

Бүгінгі таңда Орхон-Енисей жазба ескерткіштері мен Қорқыттан қалған жәдігерлерді адамзаттың ортақ мәдени мұрасы деп бағалаймыз. Ендеше, жыраулық өнердің бүгінгі ізбасарларын сол әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі деп бағалаған жөн. Оған себеп те көп. Әлемде әр халықтың көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан атамұрасы бар. Мәселен, кезінде Еуропада турбодорлар өмір сүрген. Олар кәдімгі жыраулар секілді өзі өлең шығарып, оны өзі айтып, насихаттаған. Өкінішке қарай, Еуропада авторлық музыка пайда болғаннан кейін дәстүрлі музыка шетке ысырылды. Авторлық музыка ұжымдық музыканы туғызды. Ол болса, біз айтып отырған механикалық музыканы әкелді. Одан техникалық музыка өрбіді. Бүгінгі компьютерлік музыка да содан тарады. Демек, олар дәстүрден кіндігін ерте үзіп алды.

– Ал, біз дәстүрден тамыры үзілмеген жұртпыз ғой…

– Дұрыс айтасыз. Бағымызға орай ата-бабадан қалған саф алтын өнеріміз тарихи жәдігер ретінде сақталып қалды. Дәстүрлі өнер деп жүргеніміз – бүгінгі дәстүрлі ән, дәстүрлі жыр, дәстүрлі күй, дәстүрлі би өнері. Оның барлығы – баға жетпес асылымыз. Негізінен, өнер мұрагерлік ұрпақтары арқылы дәстүрлік сипатқа ие болады. Дәстүрлі өнердің мұрагері болмаса жойылады. Қазіргі ғаламдану үрдісі белең алғанда жонымызға пышақ салғандай Еуропадан енген кірме, бұралқы өнер көбейді. Бұл – ұлттың табиғатына жат қасиет. Халқымыздың тамырына жасалған қиянат. Сондықтан, біз ұрпақтың санасына абай болуымыз керек. Сырттан келген кірме өнерге тосқауыл болу үшін ұлттық мұрамызды жаңа бағытта өрістету қажет. Ол үшін балабақшадан бастап ұрпақ тәрбиесіне терең мән берген жөн.

– Ол үшін не істеуге болады?

– Айталық, елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде дәстүрлі музыкалық өнер факультеті жұмыс істейді. Осы факультеттің ішінен домбыра, қобыз және ән мен жыр кафедрасы ашылды. Дәстүрлі әншілер шамасы жеткенше халқымыздың фольклорлық, этнографиялық мұраларын кеңірек насихаттап жүр. Мәселен, сахнаға ұлттық киім киіп шыққан дәстүрлі әншінің бойынан халқымыздың этнографиялық ғажайып үлгісін көруге болады. Сондықтан, біздің оқу ордамызда әр өңірден келген дарынды жастар білім алуда.

Және осындай өнер факультеттері әр аймақтағы жоғары оқу орындарынан ашылса дейміз. Музыка мектептері мен колледждер де осы бағытты ұстанса, үш деңгейлі үздіксіз білім беру үрдісі қалыптасып, нақты іске көшер едік.

Жыраулар – жүз мың жылдық тарихтың баяндаушысы. Ол – алдындағы болашақты болжайтын сәуегей. Бір Мөңке бабамыздың айтып кеткен нақыл сөздерін әлі жатқа айтамыз.

Сондықтан, жырауларды тарихымыздың тірі жәдігері деп қараған абзал. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдары сауабы мол есті, есі бар сөзді халық еститіндей мүмкіндік жасау қажет. Мысалы, өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін жоғарғы деңгейде атап өттік. Бас қалада басталған той әр өңірде жалғасты. Осы елордадағы айтулы мерекеде дәстүрлі әншілер далада құрылған киіз үйде тұрып өнер көрсетті. Оны да хош дейміз. Алайда, Астанадан дәстүрлі музыка театры ашылса деген тілегіміз бар. Ол өнер шаңырағы жыраулардың, айтыс-кер ақындардың және әншілер мен күйшілердің ордасына айналса дейміз. Дәстүрлі би өнерін биікке көтерген Шұғыла Сапарғалиқызы бастаған хас мамандар еңбек етсе қандай жарасымды болар еді…!

Бүгінгі таңда дәстүрлі өнер иелері елордаға келгенде әр сахнаға бас сұғып, «Бө­дененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдық» деп жаңбыр мен қардың астында өлең айтып, елдеріне қайтады. Ертең «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде қазақ өнерпаздары әр павильонның алдында ән шырқамай, өз театрында өнер көрсетсе, қандай ғанибет! Мысалы, Италия мен Францияда осындай арнайы концерт залдары бар. Біз кейде Тоныкөк пен Қорқыт атамызды айтып мақтанамыз, ал шынайы дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген өнерпаздардың жағдайы анау айтарлықтай мақтанарлық емес. Біржан, Ақан, Мәдидің әндерін шырқап, төрде отыратын ұл мен қыз босағада отыр.

– Мүмкін ұлттық санамыз әлсіреген болар?

– Ол да ғажап емес. Біз өзгелер киелі санайтын ұлттық өнерімізді босағадан сығалап отырмыз. Оған қалдық асты сыйға тартамыз. Бұрынғылар «Қалдық асты құнығып жесең ұшынасың» деген. Сөйтіп жүріп, өнерді де, өнерпазды да ұшындырып жоқ қыламыз. Осындай қиянатқа бармау үшін елорданың ортасында дәстүрлі музыкалық театр бой көтеру қажет. Егер, ол төрт құбыласы түгел мәдениет ордасына айналса, қаншама дарынды жастар жиналып, сонда еңбек етер еді. Мәселен, біздің шәкірттеріміз жеті жыл оқып, ең төменгі айлықпен филармонияға орналасады. Сондықтан, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген өнерпаздардың әлеуметтік әлеуетін жақсартатын кез келді. Оны да ескерген жөн.

Өз заманында елім деп, жарғақ құлағы жастыққа тимеген талай арқалы азаматтар қазақ өнерін биік шыңға көтере білді. Бір ғана Темірбек Жүргеновтің өзі қыруар жұмыс атқарды. Өнерпаздардың қолдаушысы болды. Солардан қалған із өшті деп ойламаймын. Өнер адамдары өз кәсібіне адал. Қандай қиын жағдай болса да өнерден алыстамайды.

Сыр елі – жыр елі

– Сыр өңірі – жыршылық өнердің туы тігілген жер. Әрі­ге бармай-ақ, кешегі Тұр­ма­ғамбет атамыз бен Көшеней секілді жыршылардың дәс­түрі үзілген жоқ. Бір Қар­мақ­шының өзінен талай дүл­дүлдер шықты…

– Біздің туған жерімізде Қорқыт әулиенің сүйегі жатыр. Бабамыздың есімін бала жасымыздан жаттап өстік. Сырдың бойында жыраулық өнердің данагөй өкілдері өмір сүрді.

Олардың дені есімді білгенде көздері тірі болатын. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары Нәби Мыңжасаров, Сыдық Қаражанов деген жырауларды көріп, тыңдап өстім. Одан бөлек, Өмірзақ, Сабыт Жүсіпов, кейінірек дүниеден озған Зайыр Рахатов деген ағаларымыз болды. Рүстембек жыраудың баласы Көшенейді бозбала кезімнен білемін. Көшеней – небәрі жиырма жеті жыл ғұмыр кешсе де артына өшпес мұра қалдырған тұлға. Оның інісі Бидос Рүстембеков бүгінде Қармақшыдағы Кө­шеней атындағы жыраулар мектебінің ұстазы.
Сыр бойында кешегі соғыс уақытында дауылпаз жыршы Нартай Бекежановтың өнер бригадасы жұмыс істеген. Ел аралап, концерт қойған. Оның құрамында Балқашбай Жүсіпов, Әбілда Жүргенбаев, Шамшат Төлепова, Манап Көкенов секілді дарынды тұл­ғалар болған. Бір ғана Қар­мақ­шының табанында Мұзараф жырау, Зайыр жырау, Жаппар Тұңғышбаев секілді талантты тұлғалар ғұмыр кешті. Осылардың барлығынан тәлім алдым. Өнерлерін бала ке­зімнен көкейіме түйіп өстім.

Қорқыт Ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік уни­верситеті жанынан тоқ­са­ныншы жылдары «дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасын ашып, табан аудармай жиырма бір жыл еңбек еттім. Жүздеген шәкірт тәрбиеленді. Бүгінде алдымнан өткен шәкірттерім – филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Байбасынова, доцент Шолпан Бейімбетова, доцент Руслан Ахметов, Ха­лықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Серік Жақсығұлов секілді талантты жыршыларды білмейтін қазақ кемде-кем. Қалай болғанда да, жыраулық өнерді дамыту керек. Оны жетілдірудің жобалары көп. Оған Үкімет те қолдау көрсетсе дейміз.

– Осы жыраулық өнерді қазақтың әр аймағында қалай дамыта аламыз?

– Мәселен, Қарағандыда ақын Айтбай Жұмағұловтың бастамасымен үш мәрте Бұқар жырау атындағы байқау өткіздік. Кейбіреулер «Қарағандыда жырау жоқ» дейді. Неге жырау болмасын, Бұқар бабамыздың бейіті Арқада жатыр. Оның атында ауданы мен еңселі ескерткіш бар. Аталған байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған облыстық мәдениет басқармасы қолдау көрсетті. Біз байқауды үш топқа бөлдік. Бірінші топ бойынша, мектеп жасындағы балаларға атамыздың шығармаларын жатқа айтқыздық. Екінші топта жырау бабамыз секілді өсиет, терме жазатын жеткіншіктер арасында мүшәйра өтті. Үшінші топта ақын шығармалары домбырамен орындалды. Сөйтіп, бір күнде талантты қырық бала ақындардың облыстық ұйымына тіркеуге алынды. Бүгінгі күнде айтыскер ақын Дидар Қамиев Бұхар жырау атындағы жыр мектебінің жетекшісі болып қызмет атқарады.

Сондықтан, біз жоқ дегеннен гөрі оны бар қылудың әдістерін меңгеруіміз қажет. Алдағы таңда Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің жанынан «Дәстүрлі жыр және айтыс» кафедрасын ашсақ дейміз. Сол үшін оқуға екі жылдан бері айтыскерлік қабілеті бар жастарды қабылдап отырмыз. 2014 жылы төрт бала айтыс мамандығына қабылданды. Өткен жылы екі жас грантқа ілікті. «Дәстүрлі ән» кафе­драсының меңгерушісі, профессор Қайрат Байбосынов ағамызбен кеңесе отырып, болашақта жоғарыда айтып өткен жаңа кафедраның бөлек енші алуына мүдделілік танытып отырмыз. Айтыскерлер де жыршылық өнерді қоса оқиды. Олар да басқа мамандық иелері секілді өз саласын жіті зерттейтін болады.

– Сіз әйгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың алдын көріп, тағылым алыпсыз?

– Әуелбек ағамыз біз оқыған бүгінгі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарды. Айтулы түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қимылы ширақ, қағылез кісі еді. Оның әдебиет тарихы жайында оқыған дәрістерін студенттер сүйіп тыңдайтын. Терең білімдар адам болатын. Ол кісі жоғары оқу орнында жұмыс істеген уақытта біз студент болдық. Әдеби бірлестіктердің түрлі мәдени шараларына қатысып, ғалымның талай дәмді әңгімелерін тыңдадым. Одан кейін біздің елде Асқар Тоқмағамбетов деген отты тілді ақын ғұмыр кешті. Екеуі қатарлас, құрдас адамдар. Осы екі тұлға Сыр елінің сөзін ұстаған, ескі тарихқа жетік қадірменді қариясы болды. Ешкім алдарынан кесіп өткен жоқ. Екі ақсақалдан көп тағылым түйдім. Олардың ой орамы, көзқарасы маған өлшем болды. Әуелбек аға­мыздың әдебиет тарихын жіті зерттеген он томдық мұрасын баласы белгілі ғалым Тынысбек Қоңыратбаев жинақтап, жоғарыда аталған университеттің ректоры Қылышбай Бисеновтің қолдауымен жарыққа шы­ғарды. Көрнекті ғалымның хал­қы­мыздың ғажайып құндылықтарын зерделеген көл-көсір дүниелері ұлттық өнерімізге деген көзқара­сымызды өзгертіп, жаңа ба­ғыттарға жол аша білді.

Текті өнер кез-келген адамға қонбайды

– Сіз осы қасиетті өнердің арқасында біраз шет елдің дәмін таттыңыз…

– Бұл сұрақ маған өте жиі қойылады. 1985 жылы алғаш рет Еуропаға жолым түсті. Менімен бірге «Мерке әуендері» атты фольклорлық ансамбльдің мүшелері болды. Франция, Италия, Швейцария секілді елдерде өнер көрсеттік. Халық өте жоғарғы деңгейде қабылдады. Жергілікті тұрғындар бізге жиі сұрақ қояды: «Сіздер Кеңес одағының құрамында тұрып, осыншама өнерді қалай сақтап қалдыңыздар» деп. Біз оларға ата-бабадан жалғасып келе жатқан ғажайып мұра екенін баяндап бердік.

Бүгінгі таңда әлемнің танымал театрлары қазақ жырауларының өнеріне мән бере бастады. Дарынды дүлдүл жыршылар кәрі құрлықтың көрермендерін таңқалдыруда. Жыраулық өнер түрік халықтарының ортақ мұрасы саналғанымен, ар жағында әлем халықтарының музыкалық мәдениетінің арнасына барып қосылады. Қазіргі күнде Амандық Көмеков, Елікбай Исаев, Эльмира Жаңабергенова, Ұлжан Байбосынова, Айгүл Елшібаева, Руслан Ахметов, Серік Жақсығұлов, Ақерке Өтепбергенова және Шолпан Бейімбетова бастаған талантты жыршыларға әлем сахнасын шалқайта ашып, олардың өнерлеріне тәнті болып жүр.

– Жыраулық өнер қонған тұлғаны халқымыз киелі адам деп санайды. Осының қандай тылсым күші бар?

– Әрине, текті өнер кез келген адамға қонбайды. Оның киесі де, иесі де болады. Бірде Көшеней жырау анасына: «Түсімде бір қарабура келіп, иығымнан тістеп алды, үйге қашып кірдім» деп айтқан екен. Анасы Ұлжан: «Ақсарбас, ақсарбас, атаң Жиенбайдың әруағы саған қонған екен» деп мал сойғызып, дұға ба­ғыштапты. Ал дәл осы секілді Жамбылдың қызыл жолбарысы, Кемпірбайдың көк ала үйрегі, Жиенбайдың қарабурасы болған. Мысалы, жүз мыңдаған жырды жаттап, оны көкірекке тоқу оңай дүние емес. Сондықтан, жыраулық қасиетті жеңіл өнер деп түсі­нуге мүлде болмайды. Оның ар жағында үлкен кеңістік бар.

Жыраулық өнердің де қыр-сыры жетерлік. Ұзақ дастанды әп-сәтте жаттап алу үшін мықты зерде қажет. Ғалымдар оны біріншіден, іс-тәжірибелік ес деп айтады. Оқып отырып жаттау, немесе біреуден естіп отырып жаттау, соңғысы, бір айтқанда қағып алып жаттап алу бар. Ол аталған естің жоғарғы деңгейін көрсетеді. Екінші, мифологиялық ес бар. Түсінде аян беріп, не болмаса біреуден бата алып, сол маған қонды деп айтып жатады. Оны киелі ес деп айтамыз. Мүмкін, әруақты өнер дегеніміз сол болар… Соның барлығы тылсым күшпен өрнектеліп отырған.

– Алпыстың асқарына көтерілдіңіз. Өмірде өкінетін тұстарыңыз бар ма?

– Әрине, жұмыр басты пенде болған соң бармақ тістеген кездерді де басымнан өткерген шығармын. Бірақ, қатты қапаланған өкінішім бар деп айта алмаймын.. Біткен іс пен аяқталмаған шаруаны саралағанда көп жұмысты әлі еңсере алмай келе жатқанымды аңғарамын. Ептеп соған алаңдаймын. Қазақтың әр аймағында жыраулық мектеп қанат жайып, бабадан қалған саф өнеріміз өркендесе екен деймін.

Әңгімелескен: Азамат ЕСЕНЖОЛ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

2 пікірлер

Пікір үстеу

Back to top button