ЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігі

ЗИЯНДЫ ЖІПТІҢ ЗАРДАБЫ



Қармақ салу үшін балықшыларға арнайы жолдама қажет. Оның өзінде де синтетикалық моножіптен жасалған (лесковые сети ред.) ауларды пайдалануға болмайды. Сол сияқты саудагерлерге де дәл осындай ауларды сатуға қатаң тыйым салынған.

Өйткені бір-ақ рет қолданылуға жарамды арзан бағаға сатылатын синтетикалық моножіп ауларын балықшылар суға лақтырып кетеді екен. Жалпы, көп жылдық есеп бойынша өзен, көлдерде осы ау түрлерінің саны көбейіп бара жатқанын айтады мамандар. Судың ішінде шірімейтіндіктен, синтетикалық моножіптен жасалатын аудың су жануарларына зияны өте көп. Мәселен, бойына балық пен басқа да су жануарлары оратылып қалатын аталмыш ау судың да құрамын ластайды. Сондықтан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі балық аулау құралдарын, оның ішінде синтетикалық моножіптен жасалған ауларды Қазақстан аумағында еркін сату орындарын анықтап, олардың жолын кесу шараларын қолға алуды мемлекеттік құзырлы органдар мен әкімдіктерге жүктеген. Мұндағы басты мақсат – синтетикалық моножіптен жасалатын ауларды қолданыс­тан алып тас­тау. Осы тұрғыда Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының тапсырмасы бойынша Астана қаласы әкімдігі «Жаснұр» өндірістік шаруашылық кәсіпорны табиғатты қорғау бөлімінің мамандары ихтиолог Гүлназ Абжанова мен балық өсіруші Есет Әлім қаладағы бірқатар сауда орталықтарына арнайы рейд жасап, тексеріс жүргізген. Рейд барысында тыйым салынған ауларды сататын орындар анықталып, сатушыларға ескерту жасалған. Мысалы, Орталық базардағы төрт орын, Көк базардағы үш орын және Ұлжан базарындағы үш орын мен «Нептун» интернет-дүкенінде бұл тауарлар еркін саудада. Аталмыш сауда орындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қатаң ескерту жасалған. Егер алдағы уақытта ескертуден нәтиже шықпаса, тыйым салынған балық ресурстары мен басқа да су жануарларын аулау құралдарын саудалағаны үшін заң алдында жауап беретінін айтады мамандар.
– Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» № 544 Заңының 32-бабы бойынша синтетикалық моножіптен жасалған ауларды пайдалануға қатаң тыйым салынады. Егер заң бұзушылық анықталса, саудагер жауапқа тартылады. Біз заңға қайшы тауарды сататын орындарға бір рет ескерту жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Әрине, оларды жауапқа тарту, айыппұл салу біздің құзырымызда емес. Дегенмен енді ескертуден қорытынды шығармайтын болса, олардың ісімен құзырлы заң органдары мен тиісті мекемелер айналысатын болады, – дейді Гүлназ Абжанова.
Құзырлы мекемелердің тап­сырмасы бойынша қорық­шылық қызметі Қоянды, Ас­таналық (Вячеславск) су қой­маларын жыл сайын жүздеген метр синтетикалық моножіптен жасалған браконьерлік аулардан тазартады екен. Астана қаласы әкімдігінің «Жаснұр» өндірістік шаруашылық кәсіпорны табиғатты қорғау бөлімі мамандарының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы аталмыш су қоймаларынан 1,5 шақырымдық ұзындықтағы синтетикалық моножіптен жасалған браконьерлік аулар жиналып, өртелген.

Нұрдәулет КәкІшев




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button