Жаңалықтар

ЗҰЛЫМДЫҚ



1437307598_pepel

Қылмыскерге үкім оқылған кезде Қатира әжейдің көз алды қарауытып, жанында отырған баласының иығына құлай кетті. Қол-аяғы дірілдеп, өз-өзіне келе алар емес. Бар айтқаны: «Мұндай жауызға өлім жазасы ғана лайық. Ал, ол болса өмір бойы түрмеде отырмақ. Еш жазығы жоқ менің үш бірдей құлыным мен келінімнің обалы кімге сонда? Оларды тірідей отқа өртеген хайуанның өмір сүруге қандай қақы бар?» деуге ғана шамасы келді. Сөзінің соңын айта алмай, талықсып кетті.

Ауданаралық мамандандырылған сот аймақта бұрын-соңды болмаған асқан зұлымдықпен жасалған қылмыстық істі қарап, өз кесімін айтқан еді. Үкімге жәбірленуші жақтың туған-туысқандары келіспей, наразылық білдірді. Тіпті, тергеу ісінде тәжірибесі мол, талайды көрген мемлекеттік айыптаушы да қайғыдан қан жұтқан ақ шашты ананың зарына шыдап тұра алмады. Тұла бойы шымырлап, екі көзінен еріксіз шыққан жас­ты білдіртпей тер орамалымен сүртіп алды. Жарты ғасырлық ғұмырында мұндай жазықсыз жандардың өмірін жауыздықпен қиған оқиғаны бірінші рет кездестіріп отырғандықтан ба, байыз тауып отыра алмай үзілісті күтпестен орнынан тұрып кетті.
Қазақта жезде мен балдыз, нағашы мен жиен, жеңге мен қайны қалжыңдаса береді. Тіпті, көбінің жарасымды әзілдері ойын-күлкіге арқау болып, көпшіліктің көңілін көтеріп жататын шақтары да аз емес. Дегенмен, бұл оқиғада жеңге мен қайнының арасындағы әзіл-қалжың орны толмас өкінішке алып келген.
Астана маңындағы «Тегісжол» ауылында Нұралы шопанды білмейтін адам кем де кем. Кешегі тоқсаныншы жылдардың аласапыранында алдындағы бір отар қойы мен он шақты бас ірі-қарасын шашау шығармай өсіріп-өндіріп, шаруашылығын дөңгелетіп отырған жігіт ағасы бір басына жетер атақ-абыройдан да кенде емес.
Істің тетігін тапқанынан көп кешікпей ауылдан төрт-бес шақырым қырдың басынан өзіне үй де салып алды. Міне, сол малдың өрісіне қолайлы жерде үлкен баласы екеуі шаруаларын жайлап, ел қатарлы тіршілік кешіп жатқан-тын. Қойшының көктемгі қой қоздайтын кезде ағайын-туысқа көбірек арқа сүйейтін әдеті. Бұл – екі қолға бір күрек таппай, бос сенделіп жүрген ауылдағы жақын-жуық осындай науқан кезінде берілетін нәпақадан үлес алып қалса деген ізгі ниет. Сол ниетпен алыстан қосылатын жамағайын болып келетін Шыныбекті жұмысқа алды. Орда бұзар отыз жасқа келіп қалған жігіт шопанның отбасымен бірден тіл табысып кетті. Өзі елгезектік танытып, үй шаруасына да араласып жүрді. Әсіресе, үй иесінің үлкен баласы Елтайды ағалап, іші-бауырына кіретін. Елтайдың әйелі Нұрғайшамен де қайнысы ретінде әзілі жарасып жүрді.
Өзінен бес-алты жас кіші жақын қайнысын әулеттің пысық келіні де жатсынған жоқ. Бірде әзілдеп: «Осы сен неге үйленбей жүрсің? Жасың болса отызға таяп қалды. Ертең уақыт өте келе «шал» деп қыздар қарамай қояды ғой дегені. Қайнысы да осыны күтіп жүргендей «Жеңеше, ұнататын қызым бар. Бірақ, оған көңілімді білдіруге батылым жетпейді. Қаншама рет оқталдым. Алайда, қасына жақындап, көзіне көзім түссе болды, тілім байланып қалғандай сөйлей алмай қаламын» деп мойындады.
– Ол кім?
– Жамал.
– Біздің Жамал ма?
– Иә, Нұрат көкемнің қызы – Жамал.
Нұрғайша ойланып қалды. Күйеуінің нағашы апасының қызы Жамал да бұларға қолғабыс беруге осы үйге келген-тін. Жасы жиырмадан енді асқан сұңғақ бойлы өрімдей бойжеткен.
«Шыныбектің сенде көңілі бар екен» деген сөзді Нұрғайшаның аузынан естігенде Жамал қатты ашуланды. «Жайына қарап жүрсін. Үстінен үнемі темекі сасып жүретін адам менің теңім емес» деп қысқа қайырды.
Міне, осы сөзді жеткізгеннен кейін Нұрғайша мен Шыныбектің арасы ашыла түскенге ұқсайды.
«Адам көңілі бір атым насыбайдан қалады» дегендей, қыздың сөзін жеңгесінің жеткізуі оғаштау болды ма, бұл оқиғадан соң жігіттің көңіл-күйі түсіп, ешкіммен сөйлеспей, саяқ жүретінді шығарды.
Сөйтіп жүргенде шопан шаңырағында жеңге мен қайнының арасындағы қырғиқабақтықты бұрынғыдан да үдете түсетіндей күтпеген оқиға болды.
Шыныбек «бір шаруам бар еді» деп сұранып кеткен күні Нұрғайшаның анасының көзіндей көріп, көзінің қарашығындай сақтап жүретін қымбат жүзіктері мен алтын бұйымдары жоғалады.
Күдік бірден аудан орталығына кеткен «ғашық жігітке» түскен.
«Басқа кім алуы мүмкін? Бұл тек соның ісі» деп көз жасын бұлапты келін үй-ішіне.
«Ұсталмаған – ұры емес». Қанша тұспалдап айтып, алыстан орағатып жеткізгенмен, жігіт «естерің дұрыс па?» деп алмағанын айтып, азар да безер болады. Алайда, көңілде дық қалып қояды.
Осы оқиғадан кейін ол бұл үйде көп тұрақтай алмаған. Алайда, кетерінде оған жеңгесі: «Адасқанның айыбы жоқ. Егер, анамның көзіндей көретін гауҺар жүзікті «тауып алып жатсаң», әкеліп тастауды ұмытпассың» деген көрінеді.
Міне, осы сөз оның жүрегіне қанжардай қадалды. Ол аз десеңіз, арада бір ай өткенде бір тойда тағы бір жеңгесі жалпақ жұрттың көзінше «қайным, сен қызға сөзің өтпегесін, жеңгесінің құнды дүниелерін қолды қылатын көрінесің ғой» дегені. Осы сөзді естігенде оның ашудан көз алды тұманданып, жанары ешнәрсе көрмей қалды. Тек кеудесіндегі қыжыл мен ащы өксікті басайын деп үстел үстінде тұрған шиша толы арақты бірінен соң бірін сіміре беріпті.
Сосын той аяқталмастан көне мотоцикліне от алдырып, шопан ауылын бетке алғанын өзі де білмейді.
«Қырсыққанда қымыран ииді». Дәл сол күні аға шопан баласы екеуі орталыққа кетіп, шаруалары бітпегендіктен, сонда қонып қалған болатын.
Көнетоз көлігін барылдатып, жын ұрғандай жетіп келгенде үйде Нұрғайша тек үш бүлдіршінімен бірге қалың ұйқы құшағында жатқан-тын.
Қатты тарсылдан шошып оянды. Есік, терезені біреу қоймай ұрып, алып барады. Балалардың ұйықтап жатқанын біледі, атасы мен күйеуі бұлай істемес еді. Бұл кім де болса жат адам. Үрейленіп, біраз уақыт жатқанымен, қоймағасын амалсыз есікке келді.
«Оңбаған, ит-қаншық, аш есікті сенімен сөйлесетін шаруам бар». Дауысынан таныды сол Шыныбек.
– Ертең кел бүгін саған есік ашпаймын, – деді бұл.
– Жоқ, ашасың. Ел-жұртқа масқаралап, абыройымды айрандай төккенің үшін мен сенің қаныңды ішемін.
Нұрғайша оның мас екенін сезіп, қорқыныштан тұла бойы дірілдеді. Осы кезде тоғыз жасар үлкен баласы оянып қасына келіп еді. Соны құшақтап, кереуетке үнсіз отыра кетті.
Арада бес-он минут өткенде есік қайта тарсылдады. Бұл жолы ол қаһарына әбден мініп алған. «Соңғы рет айтамын. Егер, сыртқа шықпасаң, мен үйді өртеймін».
Сәлден кейін шынында да қарауытқан адам бейнесі есік, терезелерге бір нәрсе шаша бастады. Бөлменің ішін бензин иісі алып кетті.
Нұрғайша баласына «сен барып төсегіңе ұйықтай бер, құлыным, қозғалма. Мен ана кісімен сөйлесіп келейін» деп есікке беттеді.
Көзі қанталап тұрған қорқауды келіншек сабырға шақырғысы келіп еді. Болмады, аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығып» өрекпіп тұрған қанішер бар пәрменімен тұра ұмтылды.
Келіншек үйді айналып қашқысы келіп еді, үлгермеді. Басына ауыр соққы тиіп, екпетінен құлады.
Ол есінен танып жатқан жанды одан сайын төмпештеп, денесін үйге сүйреп кіргізді де, есікті сыртынан тіреп, үйге бірнеше жерден от қоя бастады.
Сөйтіп, қызыл жалын қоюланған кезде асықпай көне мотоцикліне отырды да жайына кете барды.
Тергеу барысында анықталғандай, анасын соққыға жығып жатқанда тоғыз жасар Ермек есіктен сығалап еңіреп тұрған. Егер жауыз есікті сыртынан тіремегенде оның бауырларын сыртқа алып шығып, аман алып қалатын мүмкіндігі бар екен. Өйткені, үш сәби де есіктің алдына келіп жан тәсілім еткен.
Мұндай зұлымдықтан кейін қылмыскердің әке-шешесі мен ағайын-туыстары көз көріп, құлақ естімес жаққа көшіп кетіпті.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button