Қала мен Сала

Еңбек – бәрін де жеңбек



Осы күні жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге бейім пысықайлар көбейіп кеткендей көрінеді. Оларда белгілі бір нәтижеге жету үшін белгілі бір уақыт көлемінде маңдай терін төгіп, берекеге қол жеткізу деген ұғым жоқ. Бұл үрдіс жастардың арасында тарап келеді. Ұлдарымыз тәлімі мен тәжірибесіне қарамай, дәл қазір бірден уыстап ақша тапқанды қалайды. Қолынан бәрі келіп тұрса бір сәрі-ау. Әйтеуір көкірегі аспанда.

Қыздарымыз одан да асқан, мол байлыққа бір сәтте кенеле қалсам дейді. Өмірлік ұстанымынан адам шошиды. Адамзат игілігінің негізі – еңбекте, тіпті біздің заманның ұраны болған «Адамды адам еткен – еңбек» деген сөз оларды иландыра ма? Бізді иландырған. Қайда барсақ та, көрнекі жерде жазылып тұратын Энгельстің сөзі өміріміздің мағынасына айналғаны да рас.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, бүгінде еңбек етудің мән-мағынасын қалай түсіндіріп, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген Абайдың даналығын қалай жеткізе аламыз?

Шынымен де, адамның өміріндегі еңбектің парқын жасынан түсіндіріп, еңбекке баулудың жолы қалай? Білетін мамандар баланың еңбекке көзқарасын өлең-жыр, ертегі, жұмбақ-жаңылтпашпен бірге қазіргі заманда мультфильмдерді де қосуға болар, соның кейіпкерлерінің әрекеті арқылы да еңбек дағдыларына бейімдеп, ынталандырудың маңызы зор дейді.

Мұны бір деңіз, ең бастысы, осындай халық ауыз әдебиеті үлгілерінің еңбек адамына деген, еңбектің адам өміріндегі жасампаздық қасиетін ашып көрсете білу маңызды. Екінші тағылым халық педагогикасы дегеннен шығады. Яғни кімнің немен айналысатынын ойыншықтар арқылы түсіндіру. Мамандық, кәсіп иелерінің құпияларымен таныстыру. Мысалы, мал өсіруге қатысты ешкі-лақ, тағы басқа жануарлардың, техникалардың бейнесін, оның өнімін еңбекті насихаттайтын тартымды ойын­ға айналдыруға әбден болады.

«Көз – қорқақ, қол – батыр» дегендей, баланың ойындағы қорқыныштың алдын алу керек. Яғни кез келген жұмысты атқару үшін талап пен жігер болса жеткілікті деген ұғымды миға қондыра білу де тәрбиенің бір түрі. Жас кезінен бастап өзінің ойыншықтарын жинаса да еңбекке араластырып, өзінің ортаның бір мүшесі екенін сезінгені дұрыс. Көбіне баласын ата-анасы қызмет етіп, киіндіріп, шешіндіріп, тағы басқа өзінің жеке басына қажетті істен қақпайлап отырамыз. Олардың, балаға тән болса да, іс-әрекетін қолдамаған соң, еңбектенудің қажеті жоғын сезініп, бала сырттап қала береді. Өсе келе қолынан түк келмейтін, ештеңеге ебі жоқ, шаруаға да қыры жоқтар пайда болады.

«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз істің көзін білетін адамға сенім беретін қасиеттер те еңбекпен, ізденіспен келеді дейді. Бұл біліктілікке, танымдылыққа бастайды. Еңбек дағдысын түсіну, оның қоғамдық мәніне жетіп, өзінің де сол еңбектің арқасында көптеген игілікке жететініне сенімі бекиді. Бұл ретте адамның өзіне сенімі де еңбек дағдысының негізінде қалыптасады. Ешкімнің жетегінде жүрмейтін, өздігінен жол тауып, кісінің қолына қарамай нанын тауып жейтіндер де еңбектен қашпайтындардың, сол еңбекпен шыңдалғандардың арасынан шығады екен.

Бұл бар жағынан да адамның жаңа қасиеттеріне бастайды. Істің көзін біліп, адамдармен тіл табысып, жұмысты жолына қоя білген адамның жолы болғыш келеді. Өйткені өзі көздеген мақсатына жету үшін еңбекқорлығының арқасында алған білімі мен тәжірибесі тынысын ашып, кез келген жағдайдан өз бетінше жол таба алады. Еңбекпен келген білімі мен біліктігін пайдалана отырып, алдындағы тапсырманы орындап қана қоймай, одан сайын жақсартып, жаңа қырын аша білуі де мақтауға тұрарлық.

Ендігі бір ғалымдар атқарып жүрген жұмысты қызықты, шын көңілмен істеп, нәтижесіне көңілі толып, қуана білсе, онда оны атқарған адамның да өмірі ұзарады депті. Демек, адам өмірінің мағыналы болуы үшін де еңбек ету керек, керісінше болған жағдайда, өзін-өзі танымай, іспен сыналмай, ғұмыры босқа өтуі де ғажап емес.

Жалпы адам баласы дүние есігін ашарда ауыр еңбектің күшімен келеді. Алғаш рет тыныс жолы ашылып, көкірек көзіне сәуле түседі. Сосын араға айлар салып жер бауырлап, еңбектеп, сосын бойын тіктеп жүріп кетуі де бала үшін орасан зор еңбекпен келеді. Әрі қарай да қаз-қаз басып өмірдің белестерін бағындыра бастайды. Еңбек ету, іздену, биікке ұмтылу – табиғи қалпымыз. Еңбек өмірімізді өзгертеді, сапасын арттырады. Қоғамның дамуы бүгінгі қалпы мыңдаған адамның еңбегімен келгенін жасырмаймыз.

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген сөз балаға берер бата ретінде жалғасын тапса, тұтас қоғам алға басары анық.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button