Басты ақпаратҚоғам

Қоғам дертін қалай емдейміз?



Қоғамдағы ең күйіп тұрған мәселенің бірі – суицид адамның өзіне-өзі қол жұмсауының азаймай отырғандығы. Әсіресе, суицидтің балаларға қарай ауыз салуы ең қорқынышты көрініс, соның ішінде мектеп жасындағы балалардың бұған шарпылуы «жалғыздық» деген рухани дерттің бірден-бір емі «өлу» деп шешетін сана ауытқуы деп психолог мамандар қорытындылап отыр. 

Астана қаласының Полиция департаменті және оның аумақтық бөлінісінде 2022 жылдың 12 айы ішінде – 166, 2023 жылдың қаңтар айында 12 суицид фактілері тіркелген. Суицид әрекет жасаудың басты себептерінің бірі – жақындары мен туыстары тарапынан түсінбеушілік, сүйіспеншілік пен қолдаудың болмауы. Сондай-ақ туыстарымен жанжал (ұрыс, сөзге келіспеушілік), дұрыс тәрбие бермеу мен технология мен әлеуметтік желілердің әсері, дәрі-дәрмек қолданудың мөлшерін білмегендік (ауырсынуды басатын дәрілерді мөлшерден тыс қолдану, тағы басқалары).

Мысалы, мектепте, біртоға  момын балаларды бұзық мінезді балалар үнемі басынуы, осындай біртоға балалардың әртүрлі шаралардан шетқақпай қалып қорлануы, сабағының  нашарлау көрсеткіште болуынан әркез төменшік жүруі, өз үйінде де ата-анасының да мейірім назарынан тыс қалуы, сөйте тұра осындай біртоға балалар «еліктегіш», «көргіш», «естігіш» секілді сергек балаларға қарағанда «сезгіш» болуы әлгіндей айналасынан келіп жатқан жайсыз әрекеттерден жандүниесіне түскен ауыртпалықтарды ұзақ көтеруге шамасы жетпей, жас көңілі мына сұрқай өмірден әбден түңіледі екен.

Түңілудің соңы тұйыққа тірелу, алды тас қараңғы ілгері басар жолы қалмаған, арты  әлгіндей қатыгез… міне, мойнына бір жіп салса болды, онсыз да бүкіл болмысы өлім торына келіп өзі түсіп тұр!

Сондықтан да білім мекемелерінде оқушылардың, жасөспірімдердің қатысуымен ата-аналар және педагогтармен алдын алу іс-шараларын өткізу өте маңызды. Сондай жиынның бірі Астана қаласында әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өткізілді. «Кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу жұмыстарында ведомствоаралық өзара іс-қимыл» дөңгелек үстелінде талқыланды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 наурыздағы № 156 қаулысымен бекітілген 2020-2023 жылдарға арналған балалар құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасын орындау шеңберінде Астана қаласының Білім басқармасы елорданың мектептері мен колледждерінде бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлық қоғамдағы өткір мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл жұмыстың тиімділігін барлық құзыретті құрылымдардың нәтижелі ведомствоаралық өзара іс-қимылы арқылы ғана арттыруға болады.

Дөңгелек үстел жұмысына Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Олжас Омар, қалалық Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі А.Бимендина, VIII сайланған мәслихат депутаттары – М.Ажикенова мен Б.Қасымбергебаев, мектеп психологтары, педагогтар қатысты.

– Мемлекет басшысы жақында осы бағыттағы жұмыстарды сынға алды. Онда құзыретті органдардың жастар арасында суицидтік ахуалды жақсарту жұмыстары көңіл көншітерліктей емес екенін айтты. Менің қызметім – үкіметтен ақы алмайтын таза қоғамдық жұмыс, штатта мамандарымыз да жоқ, тәжірибелі педагог ретінде қолымнан келгенінше мектептерде, колледждерді жасөспірімдерге психологиялық қандай көмек бере аламыз деген мәселемен бас қатырып жүргенімізге біраз болды. Ата-аналарға мыңдаған сауалнама жолдап, жауабын алғасын оны талдап, талқылай келе мынаған көз жеткіздік, суицидке әсер ететін жағдай, біріншіден – әлеуметтік желідегі әлімжеттік, буллинг, сосын отбасындағы ұрыс-керіс, кикілжің, өкінішке қарай, баланың өмірден баз кешуіне апарып соғады. Мектептерде балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша да біраз іс-шараларды өткізіп жүрміз. Сонда байқағанымыз – тағы да мамандар жетіспеушілігі немесе азғантай жалақыға жұмыс істеп жүрген полиция қызметкерін немесе психолог мамандарын өз елінің патриоты демеске лажың жоқ. Не істемек керек? Маман жетіспесе, мектептердегі класс жетекшілеріне қиын жағдайға тап болғанда әрі дәрігер, әрі полиция, керек болса, психолог маман ретінде жедел әрекет етуге тура келетінін, солардың ғана қолынан шұғыл көмек боларын айтқымыз келеді. Жұдырықтай жұмылғанда ғана бар байлығымыз, бақытымыз – балаларға, болашағымызға қызмет ете алатын боламыз. Жаңа Қазақстан болуымыз үшін барынша жүкті жұмыла көтергеніміз абзал, – деді А.Бимендина.

Дөңгелек үстел спикерлері Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы, майор Н.Дощанова, Астана қаласы полиция департаментінен ­А.Жиенбаева, ұйымдастыру-әдіс­темелік жұмыс қызметінің басшысы, ­­№ 3 қалалық емхананың алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінің меңгерушісі Н.Протченко, «Жас толқын» ұйымынан өкілдер, психолог-­суицидолог М.Смецкой, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталық» психологиялық сүйемелдеу бөлімінің басшысы К.Капанова кез келген індеттің емі болатыны секілді суицидтің де алдын алуға болатындығын атап өтті. Суицидолог маман М.Смецкой  маман кадрлардың жетіспеушілігінен, қоғам зәру болып отырған мамандардың жалақысы мардымсыз екендігін алға тартып, халық қалаулыларына, құзыретті орган өкілдеріне бұл мәселе шешілмейінше, балалар, жасөсіпірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстарында ілгерілеушілік болмайтындығын ашына айтты. «Бұрын психолог-суицидолог маман ретінде маған күйзеліске түскен, жағдайын айтып айына 3-4 бала келсе, қазір олардың саны 26-дан асады. Балалар психологы өте аз, тікелей суицидтің алдын алумен айналысатын маманның лайықты біліктілігі жоқ, шетелде оқуға, тәжірибе алмасуға денсаулық сақтау органдарынан ұсыныс та жоқ, ықылас та жоқ, шетелге тәжірибе алмасуға маман емес, бұл проблемадан ауылы алыс кадрлар кетіп жүр, ал балалармен жұмыс істейтін мектеп психологтарының деңгейі шектеулі олар әрі кетсе, скрининг пен тренинг жасаудан артылмайды. Ал қиын жағдайға тап болған жастарға, балаларға біліктілігін арттырған, осы мақсатта миллиондап қаржы жұмсаған білімді кадрлар керек. Олардың жалақысын көрсең, мардымсыз, бұл саладан кетіп жатқандар да аз емес. Бұл мәселені үкімет кешенді түрде шешпейінше, маман кадрлармен қамтамасыз етіп, жалақысын көтермейінше, бұл істе әлдеқандай бір ілгерілеушілік бола қояды деп айта алмаймын» деді Михаил Смецкой.

Дөңгелек үстелге қатысушылар кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу жұмысында ведомство­аралық өзара іс-қимыл жасау, ҚР Үкіметінің жол картасы пункттерін орындау шеңберінде бірлескен, әрі қарай шешімдер қабылдау мүмкіндіктерін талқылады. Қайтсек те, суицидтік көңіл-күйдің алдын алу іс-шараларына бейжай қарамауымыз қажет. Осы тақырып ғаламтор жайлаған жаhандану заманындағы ең өзекті мәселенің бірі ретінде қала береді.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – еліміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. Дөңгелек үстелге қатысқандардың кәмелетке толмағандар арасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың, суицидтік іс-әрекеттердің алдын алу бойынша айтқан ұсыныстары ой саларлық. Балалардың игілігі үшін мұндай маңызды іс-шаралар, жұмыстар жыл бойы жалғаса беретін болады.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button