Қала мен Сала

Тұрғын алаптар дамиды



Биыл елорданың тұрғын алаптарын дамыту үшін 8,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 7,3 млрд және жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы қалалық мәслихатта баяндама жасаған Астана қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мерей Байырхан мәлімдеді.

– Бөлінген қаражатқа қаланың 6 тұрғын алабында 7 жобаны іске асыру жоспарлануда. Мысалы, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабында инженерлік желілер мен жолдарды салу бойынша бірінші және екінші кезектегі қос жоба іске асады. Жобаға сай, барлығы 20 көше салу қарастырылған. Жобаның алғашқы кезегінде 6 көше салу жоспарланып отыр. Бірінші кезектегі жұмыстардың құны 6,9 млрд теңге, – деді Мерей Байырхан.

Оның айтуынша, келесі кезектегі инженерлік желілер мен жолдарды салу жұмысына шамамен 13,6 млрд теңге жұмсалмақ.

– Бірінші кезектегі жұмыс­тарды орындау толық аяқталды. Ол – Есіл, Бұқтырма, Еділ, Жайық көшелерінің бойында инженерлік желілер, жолдар салу. Аталған көшелерді ағымдағы жылы қаланың коммуналдық меншігіне беру жоспарлануда. Екінші кезекте атқарылатын жұмыс­тар Ертіс, Дегерес, Ақарыс көшелерін қамтиды. Олар да биыл қаланың балансына берілмек, – деді басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Мерей Байырханның айтуынша, 3 және 4 кезектегі жұмыстарды бастау үшін жобалау-сметалық құжаттар республикалық бюджет комиссиясының қарауына жіберілген. Жалпы олар 2024 жылы қолға алынады деп жоспарланып отыр.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button