Қала мен Сала

Жол жөндеу жүйкеге тимесін

Жыл сайын жаз кезінде қалаларда басталатын жол жөндеу жұмысы көліктерді кептеліске тығып, жүргізушілерді әбігерге салып қоятыны белгілі. Осыдан қалай құтылуға болады? Неге жылдар бойы қалыптасқан әдіс өзгермейді, жағымды жаңалықтар байқалмайды? Өзге елдер қалай, қайтіп амалдайды екен?

Іс жүзінде бәрі тапсырыс берушіге, яғни ұйымдастырушыға және орындаушыға, оның ние­тіне, кәсіби біліктілігі мен іске жанашырлығына байланысты. Өйткені жолдың сапасы қала тұрғындары мен қонақтарының қалтасына да, жүйкесіне де әсер етеді. Шығын қашанғы халықтың шыдамы мен төзімі есебінен өтелуге тиіс? Ғылым мен техника дамыған заманда жол құрылысы стандарттарын қадағалап, цифрландыру орнына қаржыны сиқырландыру етек жайғанын тексеру-тергеу орындары әшкерелеп те, жазалап та жатыр. Бірақ бұл үрдіс тыйылар емес, әлі жалғасып келеді.

Жалпы, өркениетті елдердің қала мәдениетінде жөндеу, реттеу, әрлеу, сәндеу жұмыстары адам аяғы басылғанда, көшеде көлік саны кемитін кезде, қозғалыс саябырситын түн мезгілінде тап-тұйнақтай етіп атқарылады. Олар ең әуелі көпшілікке ыңғайсыздық туғызбау мақсатын ұстанады. Сол үшін жұмысшыларға түнгі уақыт, демалыс, мереке күнгі еңбек тарифтері бойынша ақы төлейді. Жоспарланған учаскедегі жол қозғалысына мониторинг, зерттеу жүргізеді. Уақытты тиімді пайдалануға, жөндеу жұмысының сапасына мән береді.

Ал бізде, мамандардың айтуына қарағанда, керісінше, қаржыны ұқыпты жұмсаудан гөрі қатты үнемдеу, пайда көру пиғылымен қымқыру-жымқыру жағына көбірек алаңдайды. Қалай болғанда да климаттық, техникалық, басқа да қолдағы ресурстарды тиімді реттеу арқылы жолаушы мен жүргіншіге қолайсыздықты шектеуді немесе мейлінше азайтуды (мерзімін, сағатына дейін нақты көрсетіп) ойластырмаса болмайды. Өйткені онсыз да көп уақытын кептеліске зая кетіретін жолаушыға қала көшелерін жөндеу жұмыстарының жиі, кейде негізсіз жүргізілетіні әртүрлі сұрақтар туындатады.

Ал түн мезгілінде жол жөндеу­шілердің еңбекақысын екі есе, екі жарым есе төлеу, жарықпен, басқамен қамтамасыз ету сияқ­ты мәселелерді шешуді сала мен қала басшылары ғана емес, қадағалаушы органдар шұғыл қолға алуға тиіс деп ойлаймыз. Өйткені жалпы халықтың, кез келген адамның жолын бөгеуден, алтын уақытын жеуден ауыр күнә жоқ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың:

«…Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді тапсырдым» деп жазғаны да бар. Қабылданған шаралардың есебін халық та естіп, нақты нәтижесін көргісі келеді.

Дархан МЫҢБАЙ,

мемлекет және қоғам қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button