Мәселе

Бала тәрбиесіне бейжай қарамайық

Қазіргі кезде мектеп пен ата-ана арасында байланыс үзілді. Қоғамда барлық адамдар, соның ішінде ата-аналар өздері әлеуметтік желіге тәуел­ді болып кеткенін сезе бермейді. Үйдегі бала-шағасымен пікір алысып, сырласып отырғаннан гөрі әлеуметтік желідегі басқа адамдардың өмірін қалт жібермей, қадағалап отыратын адамдар көбейді. Ал балаға қандай үлгі беріп отырмыз? Өзіміз бір уақыт өз-өзімізге есеп беріп көрейікші.

Ұстазға қандай міндет жүктеледі?

Қоғамдық тәрбиенің жетекші рөлі жағдайында қоғам мен отбасы тәрбиесінің бірлігі аса маңызды мемлекеттік құжаттарда тұжырымдалған тәрбие жұмысының басты қағидалары жөнінде қарастырылған. Бүгінгі таңда болып жатқан өміріміздегі өзгерістерге байланысты ұстаздар мен ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігі арта түсуде. Әрбір ұстаз ата-анамен қарым-қатынас жасауда түрлі тәсілді, қазіргі жаңа технологияларды пайдалана отырып, ата-ананың қызығушылығын арттыру мақсатында жұмыс жасаса, ата-ананың мектепке, ұстазға деген көзқарасы өзгерер еді. Егеменді еліміздің болашағы білім мен тәрбиеге байланыс­ты. Ал тәрбиенің басты ұясы отбасы – мемлекеттің негізгі буыны. Қоғамдағы отбасының мақсаты – баланы дамытып қана қоймай, оны өмірге дайындап, рухани жағынан жеткізіп, тұлға ретінде қалыптастыру. Мынау жасампаз ғасырда, жаһандану дәуірінде мектеп партасында отырған баланың жан-жақты білім, тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеніші – ата-ана. Сондықтан оқуға құштар баланы мектепте ұстаздары оқытса, отбасындағы тәрбиенің көрінісін бала қоғамда, өз ортасында көрсетеді. Педагогтарға қазіргі кезде қойылып жатқан талаптың бірі – баланы бағалауға емес, өмірде функционалды сауаттылығын көрсете алатын тұлға тәрбиелеу. Яғни жаттап алып келген балаға тиісті бағасын қойып, үздік оқушы дайындағаннан гөрі білімді қабілетіне байланысты игертіп, сол білімін өмірде қолдана білсе, сол оқытудың ең тиімді жолы болмақ.

Ата-анаға қойылатын талап

* Ата-ана ерекше жағдайда ғана емес, тәрбиемен ұдайы айналысуға міндетті;

* Баланы тәрбиелеу үшін ата-ана, яғни өзіміз тәрбиелі болуымыз керек. Тәрбие беру ақыл айту емес;

* Баланы жақсы көретініңізді мейіріммен, жылы сөзбен жеткізіп отырыңыз;

* Мектептегі жағдайды жақсарту мақсатында ұсыныстар айтуға құқығыңыз бар;

* Қателігін түсіне білетін, балаларының жай-күйін үнемі назардан тыс қалдырмай, оларды тыңдау, қойған сұрағына дұрыс жауап бере білетіндей, уақыт бөліп отыратын ата-ана болу талабы бар.

«Кіреберісте, жол-жөнекей айтылған сөз бала көңілінде керекті із қалдырмайды» деген парасатты ой осыған орынды жауап болар. Бала өміріне, тағдырына, болашағына әсер ететін сәттерді үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіспіз.

Қоршаған ортадағы теріс әрекеттерден үнемі сақтандырып отырса, мұғалім мен ата-ана әрқашан сергектік, шыдамдылық танытып, жан жылуын беріп, шеберлік көрсете білсе, онда балаларымыз өзімшіл болмай, қиындықтан қашпай, міндеті мен парызын орындайтын ұрпақ болары анық.

Білімге бағыттаған дұрыс

Қазір білім алып, ғылым қуғаннан гөрі тез байып, бай болғысы келетін жастар көп. «Бала бақыты – білімде» деген қағиданың ескірмейтінін ескеруіміз қажет. Бүгінгі мақсат – әрбір бала түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін білу және олардың жан-жақты дамуына ата-ана, мектеп жағдай жасауы керек. Сондықтан сіздерге балаларыңыздың мектептен барлық мүмкіндікті пайдаланып, білім алу мен тәрбие жұмысына қатыстырып, өзін-өзі басқаратын азамат болуына атсалысу қажет.

Бізде көптеген ата-ана бала­ның кемшілігін мектептегі мұғалімдерден көреді. Отбасында мұғалімдер туралы жақсы пікір айтылса, алдымен ата- ананың мектеп, ұстаз туралы жақсы ниеті балаға жақсы әсер етеді. Ондай балалардың оқуға, білімге, мектепке құштарлығы артады. Ұстазды, адамды сый­лауы өзгеше болады. Мектеп, ұстаз туралы басқаша пікірде көңілі толмаған ойлардың жетегінде баласының алдында ғайбат сөздер айтылар болса, ол баланың мектеп, мұғалімге көзқарасы өзгереді, оқу үлгеріміне әсер етеді. Немқұрайды қарап, үлгерімі нашарлайды. Ата-ана өз баласының ынтасын үйдегі әрекеті арқылы өзі жойып отыр­ғанын білмейді. Білім ордасына келгеннен кейін отбасында қалыптасқан тәрбие одан әрі жалғасады. Баланың сабаққа саналы қарап, озат оқушы болып өсуі мұғалім мен ата-ананың бірігіп өсірген жеміс ағашы немесе ұшқыр ұшақ жасаумен тең десем артық емес. Дұрыс өспеген жеміс ағашы дұрыс жеміс бермесе қуануға бола ма? Сонымен, әрбір ата-ана өз баласының тәрбиелі де саналы, мәдениетті, жүрген ортасында сүйкімді болу үшін алдымен тәрбиені өзінен бастағаны жөн, яғни оғаш қылығымен баласына үлгі-өнеге көрсетпеуге тырысқаны жөн. Жас кезінде баласына дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана кейін бармағын тістеп өкінетіні рас. Ағаштың бұтағы секілді қалай қисайтсаң – солай өседі. Білімді азамат әрқашан да өмірде өз орнын табады. Міндетті түрде жоғары білім алу адам болудың, ұрпақ тәрбиелеудің басты шарты емес, өзі оқып-білгенін өмірде дұрыс қолдана білсе – сауаттылық деген сол.

Ерекшелігі неде?

Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерін жете білген жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды.

Бала үшін отбасы, бір жа­ғынан, тіршілік мекені болса, екінші жағынан, тәрбие ортасы. Отбасы – бұл әдеп пен өнер кілті. Қазақтың отбасы көбінесе көпбалалы болып келеді. Осыған байланысты «Балалы үй – базар» дейді. Бала ең алдымен отбасында ата-анасын танып, жақсы көреді. Кейін айналаны сезініп, көбірек білуге тырысады. Отбасынан келген бала үшін топ ең алғашқы ұжым екенін ескере отырып, тәрбиеші балаларды жолдастыққа, достыққа, сүйіспеншілікке тәрбиелейді. Тәрбиеші топ балаларымен қандай қарым-қатынаста болса, балалар да бір-бірімен сондай қарым-қатынаста болады.

Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады.

Жаһандану заманына сай ма?

Шынында да, үйдегі бала-­шағасымен жекелей пікір алмасып, сырласып отырғаннан гөрі әлеуметтік желідегі басқа адамдардың өмірін қалт жібермей, қадағалап отыратын адамдар көбейді. Сөйлеспеген соң, сырласпаған соң бұл кемшіліктің ұрпақ тәрбиесіне кері әсері тиетінін күнделікті өмір дәлелдеп отыр. Мәселен, ата-аналар жиналысына келмеуі, ұл-қызының оқуы мен тәрбиесіне көңіл бөлмеуі – себебін ашуға тұрарлық мәселе. Ата-ана мен мектеп арасында байланыс болмайынша, саналы тәрбие, сапалы білім болуы мүмкін емес. Жазушы-педагог Ж.Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі бала айтып ұқтырғаннан гөрі көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек» дейді.

Қорыта келгенде, қазіргі таң­да балалардың тәртіпті болуы үшін ата-ана оларға уақыт бөліп, тәртібіне зор мән беру қажет. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі, адамгершілік өмір сүру салтына айналуы керек. Сол себепті қазіргі өсіп келе жатқан ұрпаққа әрбір адам үлес қосқаны маңызды.

Райгүл САЙЛАУБАЕВА,

№68 мектеп-гимназияның педагог-психологы,

Астана қаласы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button