Руханият

Азаматтың бекзаты



Өнер саласында 40 жылға жуық уақыт қызмет етіп келе жатқан мен елімізге танымал талай тұлғамен, өнер адамымен дәмдес-тұздас, әріптес болдым. Мейлің қанша жерден зәу биікте, жетістіктің ұшпағында болсаң да адамгершілік құндылығынан биік емеспіз. Өмірді сүре білген емес, өнерді сүйе білген адам ғана адамгершіліктің қадірін ерекше бағалай біледі дер едім. Жылғадан аққан судай жылдам жылдар белесінде өз басым болмыс-бітіміне тәнті болып жүретін елтұтқа азамат бар. Ол шәкіртке жарыған ұлағатты ұстаз, өнерді сүйе білген мәдениет қайраткері Әуесбай Бақбергенұлы. Әлгінде айтқан адамгершіліктің қадірін бір кісідей білетін парасат иесі де сол десем шындықтан қиыс кетпеспін.

Кәсіби ұйымдастырушы, талапшыл ұстаз ретінде ағаның есіміне бұрыннан сырттай қанық едім. Ол кісімен нақты танысқан жерім – Нұрғиса Тілендиев  атындағы Жамбыл облыстық өнер мектеп-интернатының ашылу салтанаты қарсаңында еді. 1998 жыл болатын. Әуесбай аға сол тұстағы Жамбыл облысы әкімі Сарыбай Қалмырзаевтың іс-шараны ұйымдастыру туралы арнайы өтінішімен келгенін айтты. Тиісінше,  артылып отырған жауапкершілік жүгі де зор екенін бәрімізге бірден ұқтырды.  Әлі есімде, республикаға танымал қаншама өнер жұлдызы, белгілі тұлғалар қатысатын іс-шараның сценариі мен бағдарламасы талай түзеліп-өзгерді. Ұйымдастыруға қатысты көптеген қиындық туындаса да салтанатты рәсім жоғары деңгейде өтті. Бәрі біткен соң арқамыздан ауыр жүк түскендей дамылдап отырғанымда  Әуесбай аға қасыма келді. Тәжірибелі маманның ойын білейін деген оймен:

– Аға, қалай өтті? Қалай бағалайсыз?, – деп сұрадым.

– Сайлау бауырым, ойлағаннан да керемет. Міне, «көре-көре көсем боласың» деген осы болады», – деп әрі қанаттандырып, әрі жұбатқандай болды. Одан кейін де облыстық филармонияда, кино саласында қызмет ете жүріп,  республикалық, халықаралық деңгейдегі іс-шара, байқаудың бірталайын ағаймен бірлесе ұйымдастырып, жүргізген кезіміз көп болды. Аралас-құралас бола жүріп Әуесбай ағаның кішіпейілділігі, әрбір іске мұқият тиянақтылығы сияқты қасиетінен бөлек, кәсіби ұйымдастырушы, кім-кіммен де болсын тіл табыса білетін дипломатиялық қырын да сан мәрте байқадым.

Шын беріліп еткен еңбек, риясыз қызмет елеусіз қалмауы тиіс. Ескерусіз қалатын кездерді өкінішке қарай, білеміз-ау. Әуесбай Бақбергенұлының музыкалық білім беру саласына қосқан үлесі қала, облыс, республика ауқымында талай құрметтелді. Өнер майталманы, ұлағатты ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Шәкірт оқыту ісі жолындағы ұзақ жылғы алғаусыз адал еңбегіне орай Қазақстанның педагогикалық ғылымдар Академиясы Әуес ағамызды өз мүшелігіне қабылдады.

«Бақытыңды ұзақтан емес, ұрпағыңнан ізде» демей ме?! Әуес аға елімізге танымал ұл-қыз тәрбиелеген бақытты жан, бүгінде парасат биігінен көрінген салиқалы ақсақал. Танысқан уақытымыздан бері арада 25 жыл өтсе де, қатынасымыз әлі күнге үзілмей хабарласып, өткен-кеткен жаңалығымызды бөлісіп, аға-іні ретінде сыйласып келеміз. Ол  мен үшін үлгі тұтар асқар бел азамат. Өзгеге үлгі болу да біле білгенге бір бақыт екен. «Сары тентек» атанған ақын Қуаныш Мақсұтов айтқандай, «қанша құйсаң да толмайтын, толса да тасымайтын» азаматтың бекзаты Әуесбай аға дер ем. Ағама тілейтінім, Құдай қосқан жеңгемізбен бақытты ғұмыр кешіп, өсіріп отырған үрім-бұтақ, немерелерінің қызығын бірге көруді жазсын.

Сайлаубек  ЛЕСБАЕВ,

ҚР Мәдениет саласының үздігі»,

 Жамбыл облысына  еңбегі сіңген қайраткер  




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button