Айтпайын-ақ деп едім!

Абайлайық…

Қазақта «Атың шықпаса, жер өрте» деген мәтел бар. Дәл сол сияқты соңғы кездері өзінің атағын шығарып, жұрт көзіне түсу үшін ел ішінде есімі ерекше аталатын айтулы тұлғалардың жағасына жармасып, балағынан тістеу дәстүрге айналып барады.

«Пілге үрген қанден» сияқты ұлы тұлғаларды қаралау, оларды жоққа шығару да төбе көрсетті. Ол аздай, «Құлды қойсаң еркіне, күнде тышар бөркіңе» дегендей, енді Абаймен алысып, «Абай деген адам өмірде болмаған, ол – алаштанушылардың ағартушылық жобасы», «Абайдың қара сөздерін Абай жазбаған, оны оқулықтан алып тастау керек» деп тұтас ұлттың намысына тиді. «Бұл – ұлтты масқаралау» деп оған тоқтау салған қазақ билігі тағы жоқ, «тағы не айтар екен, айта түссін» дегендей үнсіз. Тек қана абайтанушылардың ашынған дауысы о жер, бұ жерден андыздап естілгені болмаса, тұтас зиялы қауым да меңіреу күйде. Бекершілікте ел ішіндегі дауға бөрінің артына шулап, аспанға шықса аяғынан, жерге кірсе шашынан сүйреп шығаратын желі жазғыштары да түк білмегендей тымсырайып отыр. Ұлтқа пайдасы тиетін, оң энергия беретін жағымды жаңалықтан гөрі теріс пиғылдағы жағымсыз ақпараттарды жаны қалмай тарататын әлеуметтік желілер де оларды жарнамалауын тоқтатар емес.

Абайды қаралаған, оны жоққа шығарған зерттеуші, ғалымсымақтар қазақтың көшпелі өміріне де тиісіп, «сауатсыз көшпелі ортадан данышпан шығуы мүмкін бе?» деп бүкіл ұлтты қорлай сөйлейді. Шын мәнінде, көшпенді қазақтың жүйелі білім алмағаны болмаса, қазіргі қазақтан ақылды, қазіргі қазақтан опалы, қазіргі қазақтан батыл, батыр екенін түсінбей, «аспаннан аяғы салбырап түскендей» өзін білімді санауы көр надандықтан басқа ештеңе емес. Бұған ел, халық болып тосқауыл қоюымыз керек.

Абай – Алланың қазаққа берген үлкен сыйы. Батыр да, шешен де, көсем де туған қазақтан Абайдай ақылман тууы және оның қазақтың ұлы ойшылы ретінде әлемге мәшһүр болуы да ұлт тарихындағы ерекше құбылыс. Бүгінгі таңда өлеңдерін еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін жатқа айтып, ұлттың рухани темірқазығына айналып кеткен ұлы тұлғаны «өмірде болмаған» деп жоққа шығаруға тырысу ұлт тұтастығына, ұлттың идеологиялық бірлігіне сызат салудан басқа ештеңе емес. Сонымен қатар бұл жағдай тілі, танымы бойынша ұлттың екіге жарылып, ұлтсыздану процесі шырқау шегіне жеткенін тағы бір дәлелдеді. Сондықтан абайтануды әлі де күшейтіп, ұлттың рухани тұтастығы үшін абайтануды мектепке, оқу-тәрбие жұмысына тереңдете енгізу керек. Осылай үйретпесек, жалған зерттеушілерге дер кезінде тойтарыс бермесек, жаңылыс басқан жастар қатары көбейе берері хақ. Өтірікті ойдан құрап ғылыми еңбек жазып жүрген зерттеушіге билік тарапынан да ескерту жасап, Қазақстанда берілген ғылыми атақтарынан айыру жағын да қарастыру қажет сияқты. Өйткені ұлтқа қызмет ету ұлтқа құрмет етуден басталады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button