Басты ақпаратМәселе

Бала қалай қазақ болады?



Жаңа оқу жылының алғашқы айын артқа тастадық. Әсіресе, алғаш рет мектеп табалдырығын аттағандар оқудың не екенін түсініп жатыр, бірінің оқуға талабы күшті болса, екінші біреулері…

Белгілі журналист Зарина Москау Facebook-тегі жеке парақшасында: «Орыс тілін аяқ киім шешкенде табалдырыққа тастап кіріңдер, үйге, төрге сүйремей. Үйде қазақша сөйлеңдер» деген әкемдей бола алмадым. Баламның тілі орысша шықты. Орыс апа бақты, шала туды, аурушаң болды, ортамыз орысша көбіне. Сонымен, қазақша білу керек, совсем Ваня боп кетпесін деп, қазақ мектепке бердік. Қиын. Қиналып жүрміз. Жеті жылда сіңіп қалған рус. яз. оңайлықпен қазақ тілге орын берер емес. Мұғалімге қиын, бізге қиын. Бала мектепке барғысы келмей жылайтын болды. Күнде үйде таңертең трагедия. Репетитор іздедік. Продленка іздедік. Біреуі алыс, екіншісі тым қымбат, үшіншісінің уақыты ыңғайсыз… Іздеу жалғасып жатыр» деп мұңын шағыпты.

Жалғыз Зарина емес, балам қазақ болсыншы дегендердің аптығы қайтып, алғашқы қиындыққа шыдамай, балаларын орыс сыныбына ауыстырып жатыр.

«Ана тілін білмей келген балаларға жылы қабақ танытып, ортаға сіңіп кету процесі орысша айтқанда, «со скрипом, еле-еле».

О – обвинение.

О – осуждение.

Осы екі «о» қоғамда басым. Неге білмейді, неге сөйлемейді деп атылу жан-жақтан.

Көкірегінен итере берсе, кім болса да кетеді. «Да», қате бізден, үйретпей, орысша сөйлеп жүре бергенбіз. Сол қатені түзейін деп әрекет етіп жүргенде, ұрса бергеннен не пайда? Мектептерге, жалпы, барлығымызға осыны түсіну керек сияқты. Біз бармыз.

Бала-шағасы орысша сөйлеп, ана тілін білмейтін, бірақ білгісі келетін ата-аналар, біз аз емеспіз. Ұрсып, зекіп, орыс мектепке ауыстыруды ойлаңыз­дар дей бергенше, өздеріңізге қосылуға көмек беріңіздер. Орыс мектепке ауысып кеткен әр қазақ бала болашақта менталитеті өзге ұлтқа тән адам болады. Трагедияны қолдан жасамайық» деп жазбасын қайырыпты.

Әлеуметтік желінің бір жақсысы, ойды ой қозғайды дейтіндей, бір мәселенің шешімін табуға тырысатынымыз бар. Сол оймен алдағы жазда баланы ауылға беріңіз деп едім: «Ауылда қарайтын адам жоқ, сенесіз бе? Бауырларым қалада көбі, олардың бала-шағасы өсіп кеткен. Мамам тірі болса, ойланбай жіберер едім. Өз туыс­тары түгел орыс тілді ғой» дей келіп, «Біз сияқтылар аз емес. Семейный достарымыз бар, орыс әйел алған көбісі, мысалы, бес пармыз, мен ғана қазақпын келіншектерден, бұл – бөлек тема, өз алдына драма десе де болады, бала-шағасын үйреткісі келеді, орта жоқ, ауылда ата-әжесі тоже орысша».

Иә, бұл мәселенің шет-жағасын біліп жүргенбіз. Тілі орысша шыққан балалармен алғашқы кезде тікелей жұмыс істеп қосымша сабақ беріп, психологтарды қосып болса да жұмыс әдісін жолға қою керектігін де айтқан едік. Баланы ана тілінен бездіріп алуға болмайды. Дұрыс, қажет болса, әдістеме жасап, оқу орындарында орыс тілді балалармен жұмыс істеу, оқыту, оны қазақы қалпына бейімдеуге арналған факультатив сабақтар қосымша енгізілуі тиіс. Құр айқаймен жанашырлық болмаса, іс бітпейді.

Ал енді екінші бір нәрсе, қаладағы орыс тілді балалардың тілін сындырып, ауылдың шаңында ойнатып, қазақы өмірді қалай көрсетеміз деген сұрақ болар.

Алты ай жазда үйге сыймайтын балаларды, егер қарауы дұрыс, тамағы жақсы болса, кез келген ата-ана ақшасын төлеп ауылға жіберуге құлықты. Мұндай жағдайда ауылдардағы мектептерді жазғы лагерге ауыс­тыруға болмай ма? Бала мезгілімен тамақтанып, мезгілімен ұйықтап, арасында ауылдың балаларымен ойнап, қозы-лақ қуалап дегендей ауылдың иісін түсінер еді. Коммерциялық негізде әрекет етсе, дайын база бар. Мектеп келіспеді делік, әр ауылда мешіттер бос тұр. Оларды да он бала болса да уақытша демалыс орнына айналдырып, неге сауапқа қалмасқа?!

Ең бастысы, қаланың баласы ауылдан ажырап қалмауы керек. Егер ата-әжесі болса жақсы, егер ол болмаса ше… Ауылды көрмей, күніне күймей, жалаң аяғымен топырағын шаңдатып жүгірмеген баладан «қазақсың ба?» деп сұрай аламыз ба?!


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button