Басты ақпаратМәселе

Жатақхана жыры шешімін таба ма?

Жыл сайын жаңа оқу жылы басталысымен, жылдағы дәстүр бойынша, студенттерді уайымға салатын кез – жатақхана мәселесі туады. Студенттер үйінен орын жетіспеушілік статистикасы ауа райындай мың құбылып тұратынына көзіміз де үйреніп қалды. Биыл бұл мәселе тіптен ушыға түсті. Демография­лық өсім мен грант санының көбеюінен жатақхана тапшылығы артып келеді.

Жоғары оқу орындарының басым бөлігі – мегаполистерде. Сәйкесінше, арман қуып, білім аламын деген студенттер ірі қалаларға ағылып келеді. Белді университеттердің жатақханаларына орналасамын деген білім алушыларға орын жетпей, қазірде туған-туыстың пәтеріне сұранып, танысы жоқтары дала кезіп жүруі – жауыр болған тақырып.

Жылда жатақхана мәселесі тамыз-қыркүйек айында, оқу жылына тақалған кезде өрши түседі. Оны білетін пәтерді жалға берушілер студенттерді бизнес көзіне айналдырып, пәтер ақысын аспандататыны бар. Студенттер үйіне кіруін кіргенімен, іштегі жай-күй, жатақханалардың тұруға жарамдылығын тексеретін арнайы комиссия да жоқ.

Орындалмаған жоспар – салынбаған жатақхана

Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев 2020 жылдың мамырында алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың орынды жатақхана салынуы тиіс екенін айт­қан еді. Үкімет те биыл 75 мың орын студенттерге берілетінін атады. Ал ресми ақпарат бойынша, биыл тек 1 470 орынға арналған 6 жатақхана ғана салынған екен. Сонда жоспардағы 75 мың орын қайда қалды? Берілген уәде іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана беріліп тұр.

Республиканың 104 жоғары оқу орнында барлығы 309 жатақхана бар. Онда 101522 студент тұрады. Оның ішінде 15324 орны бар 100 жатақхана жалға алынған екен. Негізінен, студенттерді елдегі 120 оқу орнының 28-і ғана жатын орынмен қамтамасыз етіп отыр. Ұлттық, мемлекеттік санатқа жататын жоғары оқу орындарынан бөлек, жекеменшік университеттердің басым бөлігінде жатақхана тіптен қарастырылмаған. Осы тұрғыдан алғанда, жатағы жоқ, жағдайы жасалмаған университеттерді жабу мәселесін қарастыру керек сияқты.

Салынатын жатақханалар сапалы бола ма деген күдік тағы бар. Себебі қазірде көпшілік студенттердің жатын орны, бөлмесі, ас үйі ескі. Жыл өткен сайын жаңармайды да. Соның өзінде көгерген бөлмелерге студенттер таласып жатыр…

89 мың студент жатақханаға мұқтаж

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәселені шешу жолы ретінде жоғары оқу орындарының басшыларына студенттерді қонақ үйлер мен жалға берілетін, бос тұрған хостелдерге жеңілдетілген бағамен орналастыруды ұсынды.

Министр, негізінен, тапшылық Алматы мен Астана шаһарларынан байқалатынын айтты. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – 15122 төсек-орын, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде – 5000 төсек-орын, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде – 4500, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде – 4000, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде 3000 төсек-орынға деген қажеттілік бар» деді министр өз сөзінде.

Республиканың 104 жоғары оқу орнында барлығы 309 жатақхана бар. Онда 101522 студент тұрады. Оның ішінде 15324 орны бар 100 жатақхана жалға алынған екен. Негізінен, студенттерді елдегі барлығы 120 оқу орнының 28-і ғана жатын орынмен қамтамасыз етіп отыр. Ұлттық, мемлекеттік санатқа жататын жоғары оқу орындарынан бөлек жекеменшік университеттердің басым бөлігінде жатақхана тіптен қарастырылмаған. Демек, жатағы жоқ, жағдайы жасалмаған университеттерді жабу мәселесін қарас­тыру керек

Сондай-ақ Саясат ­Нұрбектің айтуынша студенттерге пәтер жалдауға арнайы субсидия беріледі. Бюджеттен 160-170 мың теңге қаржы шығару жоспары бар. Білім алушыларға ай сайын 50-60 мың теңге қолға беріледі. Айта кету керек, 7,5 мың студент көмекке мұқтаж. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан, ауылдық жерлерден және толық емес отбасылардан шыққан балалар бар.

Қонақүйлерге орналасқан кей университеттердің студенттері «жаңа» жатақхананың бір бөлмесінде 10 адам тұруына наразы. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Арман Есжол университет ұсынған қонақ үйде келушілер саны көп болған соң, жайлы жағдай жасалынбай отырғанын білдірді.

– Пәтер жалдау үшін көп ақша қажет. Университетпен келісімшарт орнаған қонақ үйде орын қалмады. Бір бөлмеде 8 адам тұрамыз. Мұндай жағдайда сабақ оқуымызға қиындық туып отыр, – деді студент. Бүгінгі таңда Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан жатақхана бойынша жедел штаб құрылған. Сонымен қатар 1450 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді.

Орын жетпегендер пәтер де таппай жүр

 Студенттер үйінен орын бірінші кезекте әлеуметтік статусы бар білім алушылар мен 1-курс студенттеріне беріледі. Көпбалалы отбасынан шыққан, мүгедектігі бар, толық емес отбасынан шыққан балаларға орын табылады. Сондай-ақ студенттік өмірде белсенді, қоғамдық жұмыстарға атсалысатындарға да есік ашық. Ал жатақханадан қол үзген білім алушылар амалсыз пәтер жалдайды.

Түрлі сайт пен хабар­ландыруларды ашып қарасаңыз, пәтерлердің бағасынан адам шошиды. Мәселен, әрбір үшінші тұрғыны – студенттерден құралған Алматы қаласында бір бөлмелі пәтерді бір күнге жалдап тұруға кем дегенде 15 мың теңге қажет. Пәтер үшін айына 450 мың теңге шығарудың өзі студент үшін үлкен салмақ. Оның үстіне оқудың ақысын төлеп жүрген, грантта оқымайтындар қаншама?!.

Елордада екі бөлмелі пәтер бағасы 180-200 мыңнан басталады. Пәтерді табуын тапқанымен, жалға беруші қожайындар пәтер ақысының жартысын депозит ретінде сұрайды. Бұдан бөлек, студенттер керек-жарағы мен тамағына ақша шығарады. Осылайша жер-жерді жағалап жүрген студенттің қалтасында айына кемі 200 мың теңге болуы керек-ақ.

Жасыратыны жоқ, Ресейден келушілердің ағылып келуі бұл проблеманы ушықтыра түсті. Мигранттарға пәтер ақысын екі-үш есе бағамен беріп, пайда тауып, бизнес көзіне айналдырған пәтер иелері жетіп артылады. Арзан бағада жалдап келген студент балалар пәтерді босатуын сұрап, тіпті қуып шыққанын әлеуметтік желілерде ашына жазды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті Маржан Бекенова оқу орындарындағы алдағы емтихан тапсыру мерзімі жақындап қалса да, әлі тұратын орын іздеп жүргенін айтады.

– Өз елімізде тұрып, әлемдегі саяси ахуалдың құрбандарына біз айналып отырмыз. Шетелдіктердің 3 есе қымбат бағамен төлеуі үшін біз енді тапқан пәтерлерімізден шығуға мәжбүрміз. Өз басым жарты ай пәтер іздедім. Бағалары «ұшып» кеткен. Таптым-ау дегенде, кіргеніме 10 күн де өткен жоқ, пәтерді босатуды сұрап жатыр, – деді студент Маржан.

Жайлы орны бардың үлгерімі жақсы

Барар жері, тұрар мекені бар адамның көңілі қашан да жай. Жатын орын іздеген студенттердің көпшілігі сергелдеңге салған мәселесімен жүргенде, оқуын ұмытып жатады. Ал арман қуып, қалаға келуінің негізі себебі білім алу емес пе?!

«Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық студенттер қозғалысының атқарушы директоры Азат Теңгебаев­тың ойынша, жатақхана мәселесі білім алушының оқу үлгеріміне де әсер етеді.

– Биыл оқуға түскен білім алушылардың санының көптігі жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр. Олардың көбісіне жатақхана берілген. 2018 жылы 75 мың орындық жатақхана салыну мәселесі қозғалған еді, алайда төрт жылда тек 30 мыңға жуығы ғана салынды. Ал негізінде биыл бұл жоспар аяқталуы керек еді. Еліміздегі барлық ЖОО орындарында жатақхана жетіспейді. Содан студенттер пәтерге шығу үшін қосымша жұмыс істеп, оқудан басқа дүниеге ойларын бөлу керек болады. Яғни, олардың сапалы білім алуы қиындайды, – деді ол.

Бұдан басқа, пәтер ақысын төлеймін деп сабақты кейінге қойған студенттер ата-аналарына салмақ салмайын деген оймен жұмыс іздестіреді. Осыдан шығып жұмыссыздық мәселесіне тірелетіндер бар. Бұл енді бөлек тақырып.

 

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button