Басты ақпаратРуханият

Кең дүниеге енген қаламгер

Ақмола-Астананың абызындай болған қаламы жүйрік жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораздың туғанына 90 жыл толып отыр. Шығармашылық ғұмырында елуден астам кітап жазып, артына мол мұра қалдырған ол поэзия, проза және публицистика жанрларында жемісті еңбек етті. 1963 жылдан бастап, жарты ғасырдан астам уақыт Ақмолада, бүгінгі астанамызда тұрып, алпысыншы жылдары осында құрылған Қазақстан Жазушылар одағының Тың өлкелік, кейіннен бес облысты қамтитын облысаралық бөлімшесін отыз жылға жуық басқарды. Осы жылдар ішінде талай тұлпарды құлын кезінен танып, әдебиет айдынында қалықтауына жол ашты. Мәнді, мағыналы ғұмыр кешіп, 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Өлең өлкесіне ал­ғашқы қадамдары өзі туып-өскен Қостанай облысындағы Отыншоқ ауылындағы жетіжылдық мектебінде оқып жүргенінде басталды. Кейіннен Гурьевтегі (Атырау) педагогикалық училище студенті, Мұнайлы жетіжылдық мектебінің мұғалімі кезінде де өлеңге таласы бар екенін танытты. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқығанда балаларға арнап жазған өлеңдері «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналында жарияланды. Университетті бітіретін жылы бір топ өлеңі «Жас жүрек» атты жас ақындардың ұжымдық жинағына енді. Артынша сол өлеңдерінің бәрі орыс тіліне аударылып, 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне орай шығарылған сериялы кітаптардың бірі «Бүгінгі күн» («Сегодняшний день») атты жинаққа кірді. Бұдан соң өлеңдері бірінен соң бірі шыққан «Балаларға базарлық», «Жыл он екі ай», «Жеңіс нұры» атты ұжымдық жинақтарға енгізілді.

Университет студенті күнінде биыл туғанына 125 жыл толған заңғар жазушы Мұхтар Әуезов­тің алдынан дәріс тыңдады. Дипломдық жұмысын да «Мұхтар Әуезовтің «Абай» романындағы көркемдік ерекшелік» тақырыбында қорғады. «Диплом жұмысына дайындалу үшін Мұқаңның өзімен сөйлесіп, ақыл-кеңес сұрауыма тура келді. Қаншалықты жүрексінсем де ретін тауып, ұлы адамның өзінен рұқсат сұрап, үйіне бардым. Өзінің ұлылығына қарамай, ол соншалықты қарапайым, кішіпейіл екен…» деп еске алған еді кейіннен Нұрғожа Нарынбайұлы классиктен ақыл-кеңес алған сәулелі сәтін.

Сол студент күнінде шығармашылығына Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды классиктер де дем берді. Университетте бірге оқыған қаламгердің жан досы, көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің жазуынша, Нұрғожа Ораз оқуды бітірген соң Алматыда қалуына мүмкіндігі бола тұрып, тың далаға, туған жеріне жолдама алды да, аттанып кетті. Арада үш-төрт жыл өткенде Алматыға бір келгенінде Тұманбай досына өлең толған қалың дәптерін көрсетті. Бұл сол уақытта шығармашылығы толыса түскен Нұрғожаға айналды.

Нұрғожа Ораздың «Сарыарқа» журналында 1991-2000 жылдары жарияланған зерттеу мақалалары мен ой-толғамдары «Талқандалған тарихат» атты кітапқа айналды. Қаламгер тарихта бұрмаланған бірқатар деректерді қалпына келтіріп, жете зерттелмеген мәселелерге жіті үңілді. Бұл еңбек жөнінде кезінде академик Кеңес Нұрпейіс: «Автор қалам тартып, өзінше соны пікірлер айтуға ұмтылыс жасаған тақырыптар ауқымы өте кең және Қазақстан тарихының көне замандардан бүгінгі күндерге дейінгі сан алуан мәселелерін қамтиды» деген пікір білдірген.

Университетте оқығанда ақындығынан бөлек тағы бір қыры ашылды. Серке Қожамқұлов, Асқар Тоқпанов сынды сахна саңлақтары жетекшілік еткен драма үйірмесіне қатыса жүріп, Ыбырай мен Шоқанның, ұлы Абайдың бейнелерін сомдады. Сол жылдары түсірілген «Қазақфильмнің» «Шабандоз қыз», «Бұл Шұғылада болған еді», «Мосфильмнің» «Алғашқы эшелон» көркем фильмдерінің көпшілік көріністеріне қатысты. «Содан қалған дағды болуы керек, кейіннен Абайдың ария­сын шырқағанда анау-мынау әншінің өзі жолда қалатын» дейді көзкөргендер.

«Жігітке жеті өнер де аз» деп жатамыз. Бұдан Нұрғожа Нарынбайұлының сөз өнерімен қатар әсем саз әлеміне де жақын болғанын аңдаймыз. «Шын мәнісінде өнердің алуан түрі адамға балалық бал дәуренінде туған жерінің, өскен ортасының әсерінен дариды. Жігіт шағында сол өнер одан әрі дамиды. Оқумен білім жинауға болар. Ал өнер адамға туа бітеді де сол туған жерінің табиғатымен бойына бекиді…» деп өзі жазғандай, Арқаның бай әншілік дәстүріне бала кезінен бойлады. Жан-жүрегіңе сіңіре келе, Ақанның, Біржанның, олардан өзге де Сарыарқаның сары белін думанға бөлеген сал-серілердің әндерін тамылжыта салатын.

Бір атап өтерлігі, Нұрғожа Нарынбайұлы әйгілі режиссер Шәкен Аймановпен жақын қарым-қатынаста болды. Кейіннен Шәкеннің інісі, белгілі әнші, актер, режиссер, педагог, профессор, ҚазКСР халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың ағасының 80 жылдығына орай «Өнер» баспасында жатып қалған ол жайлы кітапты шығаруға қаламгерден ақыл-кеңес сұрауы да тегін емес.

Нұрғожа Ораздың алғашқы кітабы 1964 жылы «Тұңғыш кітап» атауымен жарық көрді. Одан кейін «Кім табады?», «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Тың ырғақтары», «От кешкен балалық», «Өрімталдар», «Сарыарқа сырлары», «Мәңгілік махаббат», «Дәуір додасы», «Талқандалған тарихат», «Мама батыр», «Қаракүйік», «Ай-Марал», т.б. кітаптары шықты.

«Тың ырғақтары» атты таңдамалы өлеңдер мен поэмалар жинағын шығарғанда, кітаптың алғысөзін жазған ақын ағасы, Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбеков: «Нұрғожа творчествосынан ең алдымен, көретінім – оның творчестволық бағытының адастырмайтын ақындығы, сандаған тақырыптың біртұтастығы, саралылығы. Олардан бұл ақынның нені жырлап келгендігі, айналасы, ортасы, географиялық мекені, олардағы адамдар көз алдыңа келеді…» деген баға берді.

Нұрғожа Нарынбайұлының кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Жеңіс жалауы» балладасы Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен, Халық Қаһарманы атанған Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне арналды. Батыр соны оқып: «Көріп тұрғандай жазыпсың ғой. Тіпті, әскерге кетердегі қыз да жүр ішінде. Көркем жазылған екен» деп ризашылығын жеткізген.

Нұрғожа Ораз поэзиямен қатар прозаны да алып жүрді. Алпысыншы жылдары жазылған «Достар хаты» атты повесіне белгілі жазушы Сәбит Досанов сонау 1969 жылы жылы пікір білдірген.

«Айыпкер» повесі жайлы әдебиет сыншысы Бақыт Сарыбалаев: «Айыпкер» повесі бізді де, оқырманды да елең еткізгендей. Тағы бір қуаныштысы – ол туған әдебиетімізде кенже, олқы сала – детективті, шытырман оқиғалар, қилы-қилы қызықты оқиғалар хикаясы саласындағы тартымды дүние» деп жазған.

«Нұрғожа Оразовтың «Өтелген өкініш» атты әңгімесінде психологизм басым, кейіпкерлері толғаныстан босамайды. Жас автор портретті оймен де, әрекетпен де байланыстыра сипаттауға төселіп қалған». Бұл – жазушы Жәрдем Тілековтің пікірі.

Тәуелсіздік жылдары дүниеге келіп, қазақ жерін отарлау саясатының ащы шындығын әшкерелеген «Қаракүйік» романы жайлы профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Романдағы негізгі оқиға – туған жер үшін күрес. Сондықтан кіндік қаны тамған жер, ұрпақ өсіріп, өмірдің алға басуына арқау болған жер, тіршілігінің тынысы саналған жер үшін тайталас қазақ қана емес, өзге халық оқырмандарын да бейжай қалдырмаса керек» деген тұжырымын айта келе, шығарма жайлы ойын: «Автор тілі жатық, бейнелі сөздерге бай. Адамдардың портретін бергенде де, мінез-құлқын даралағанда да, тіл ерекшелігінің ара жігін анықтауда да шеберлік танытады… Романның композициялық құрылысы шымыр, оқырманын бір сәтке де босатпай жинақы ұстайды. Көркем әдебиеттің ең басты міндеті оқырманын сендіріп, өмір шындығына күдіктің көлеңкесін түсірмеу ғой. Бұл тұрғыдан келгенде, Н.Ораз бұрын да талай повестердің авторы болып, жұртшылықтың ризалығына кенеліп келе жатқанын осы жолы мықтап танытты» деп түйіндейді.

Жалпы, егемен ел атанғанымыздан кейін өз-өзімізді тануға, бұған дейін жабық күйінде жатқан тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашуға жол ашылды. Бұл іске Нұрғожа Ораз да құлшына кірісті. ХХ ғасырдың басында Алаштың үніндей болған «Сарыарқа» журналын жаңғыртып, кейіннен «Жаңа Сарыарқа» атауын алған бұл басылым арқылы халқымыздың арғы-бергі тарихына қатысты өзекті мәселелерді қозғады.

«Мен осы кезде «Сарыарқа» журналының көптеген сандарын оқып үлгердім. Өте қызық басылым. Сарыарқа аймағындағы әдебиетшілеріміздің басын қосып, осы өлкедегі бұрын қалтарыста қалып келген көптеген тарихи жайттарды, оқиғаларды, өткен заманның қайраткерлерін, олардың халықтың зердесінде қалған мұраларын тірілтуде өте тиімді қызмет істеп жатыр екен…. Әдеби күштеріміз бір ғана Алматыда топталып тұруы шарт емес. Біздің жаңа астанамыз да әдебиеттің, мәдениеттің ұйытқысы болуы керек… Астана қаласы бүкіл қазақтың рухани астанасы болды десек, ол қазақтар үшін ең қасиетті ұғымға айналуға тиісті. Олай болса, осы өлкеде болып өткен, осы өлкеде болмақшы барлық оқиғалар мен құбылыстарды өзек қылатын басылым – күллі ұлтқа қызмет ететін басылым болып есептеледі» деп жазды «Сарыарқа» журналы жайында мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы.

Нұрғожа Ораздың «Сарыарқа» журналында 1991-2000 жылдары жарияланған зерттеу мақалалары мен ой-толғамдары «Талқандалған тарихат» атты кітапқа айналды. Қаламгер тарихта бұрмаланған бірқатар деректерді қалпына келтіріп, жете зерттелмеген мәселелерге жіті үңілді. Бұл еңбек жөнінде кезінде академик Кеңес Нұрпейіс: «Автор қалам тартып, өзінше соны пікірлер айтуға ұмтылыс жасаған тақырыптар ауқымы өте кең және Қазақстан тарихының көне замандардан бүгінгі күндерге дейінгі сан алуан мәселелерін қамтиды» деген пікір білдірген.

Қаламгердің өмірбаянына үңілсек, университетті бітіргеннен кейін Қостанай облысы Пресногорьков ауданындағы Жаңажол орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Мектепте вокал, драма үйірмелерін ұйымдастырып, жоғары сынып оқушыларын үйіріп әкетті. Оқушылар аудан­дық, облыстық байқауларға қатысып, бірнеше мәрте жүлде алды. Сондағы Мейрам Ажмаханов дейтін шәкірті кейін консерваторияны аяқтап, опера театрының әншісі болды.

Мектепте жүргенде Қостанай облыстық «Коммунизм жолы» газетіне қызметке шақырылған Нұрғожа Ораз одан соң Целиноград қаласындағы «Тың өлкесі» басылымына ауысты.

Бір мысал келтіре кетейік: «Мен Нұрғожа ағамызды өткен ғасырдың 1971 жылынан бері білетін едім. Целиноград облыстық радиосына қызметке келген кезім. Нұрғожа Ораз ол кезде Жазушылар одағының облыстық бөлімшесін басқарды. Жаңа жазып жүрген талапкерміз, сол кісінің ақылымен, жөн сілтеуімен алғашқы әңгімелеріміз жарық көрді. Артынша оның қолдауымен Жазушылар одағының мүшелігіне өттік» дейді бүгінгі белгілі жазушы, публицист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл.

Нұрғожа Ораз кезінде «Тың өлкесі» газеті арқылы қазіргі арқалы ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлына сәт сапар тілеп, сол кездегі жас ақынның томағасын сыпырды. Бертінде белгілі ақын Айбатыр Сейтақты Қостанайдан Астанаға алдырып, «Сарыарқа» журналына қызметке алды.

Нұрғожа Нарынбайұлы Ақмолада төл өнеріміз – айтысты жаңғыртқан адамдардың бірі. 1981 жылы, ұзақ жылғы үзілістен соң оның мұрындық болуымен осында ақындар айтысы өтті. Бұл халқымыздың өшкені жанып, өлгені қайта тірілгендей оқиға еді. Осылайша 1982, 1985, 1989, 1990 жылдары да айтыс ұйымдастырды. Ал 1991 жылы Бөгенбай батырдың 300 жылдығына арналған облыстық және республикалық айтыстардың ұйымдастырушысы-қазылар алқасының төрағасы болды. 1994 жылы Ақмолада Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығына арналған айтыстың өтуіне де зор еңбек сіңірді.

1997 жылы елорда Алатаудан Арқаға көшіп келерде кеңес кезінде қойылып, маңызы жойылған көше атауларын ретке келтіру қолға алынды. Нұрғожа Ораз сол кезде  қаланың ономастика комиссиясының мүшесі еді. Комиссия бірден 33 көшенің атауын өзгертті. Ал Революция көшесін Сәкен Сейфуллиннің атына өзгерту, вокзал маңында Біржан салға көше беру – тікелей Нұрғожа Нарынбайұлының ұсынысы.

Арқа төсіне астана орнағанын алғаш естігенде Керекудің «Мойылды» шипажайында демалып жатса да, қой сойып, барша жұртты жинауы ұлтын жан-тәнімен сүйетін, еліне, жеріне шын тілектес азаматтың ісі деп білеміз. Ал Астананың кілтін қасындағы ақсақалдармен бірге Елбасыға тапсыруы Тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылды.

Қаламгердің өмірден озғанына алты жылдан асып барады. Биылғы мерейтойлық жылында кешегі Целиноград-Ақмоланың, бүгінгі Астананың рухани тұрғыдан өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтың есімін елдің есінде мәңгіге қалдыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Бірнеше жыл бұрын Ұлттық академиялық кітапханада бұрышы ашылды. Бұдан басқа да істер қолға алынса да, әзірге іске аспай тұр.

– Тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнату туралы қалалық мәслихатқа, көшеге атын беру жайында Астана әкімдігіне хаттар жіберілді. Бұл мәселелер тиісті комиссиялардың отырыс­тарында қаралуы керек екен. Әзірге бізге сүйінші жаңалық жеткен жоқ, – дейді қаламгердің 58 жыл отасқан жары Айман Қожахметқызы.

Көңілге демеу болатыны, биылғы мерейтойына орай «Ғибратты ғұмыр» атты естеліктер жинағы мен «Весна души моей» атты орыс тіліне аударылған өлеңдері жинақталған қос кітап жарық көрді. 20 қазан – қаламгердің туған күні Ұлттық академиялық кітапханада бұл кітаптардың тұсаукесерін өткізу жоспарланған.

Нұрғожа Ораздың соңында қалған көп жазбаларынан: «Өз ішіме өзім үңілсем, бір кең дүниеге енгендей әсерде боламын. Оның шырқау биік аспаны бар, мұхит тереңдігіндей түбі толған ғажайып маржандар тәрізді баға жетпес байлығы бар. Әрине, ең қиыны – шырқау биікке көтерілгенде табысқа бас айналмаса екен. Ал тереңдегі асылдарды рет-ретімен ала білу, сол алғаныңды халық қызығарлық көркемдікпен көмкеріп бере білу сияқты жауапкершілігі мол міндет тұрады. Творчес­тво адамына ең қиыны да сол» деген жолдарды ұшыраттық. Нұрғожа Нарынбайұлы – шығармашылықтағы жауапкершілікті терең сезінген, ой түбінде жатқан маржан сөздерді халқына сүзіп берген қаламгер.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button