Мәселе

Бурабай көлдері суалып кетпесін!



Бурабай қазақ жерінің ең көрікті аймағы десек, артық айтқанымыз емес. Ал орманы мен көлі, тауы мен тасы, саф ауасы шипалы екені де белгілі. Бурабайға, әсіресе Астана тұрғындары жиі баратыны да анық.

Мен жақында осындағы «Оқжетпес» шипажайында ем-дом алып келдім. Бұл – Бурабай көлінің жағасындағы шипажай.

Ал көлдің жағасында басқа да бірнеше демалыс емдеу орындары бар. Барып ем-дом алып жүргендер, табиғатқа қызығып көріп жүргендер өте көп.

Біле білсек, осы көл – табиғаттың бізге берген сыйы. Менің бүгінгі айтпағым, осы көлге қауіп төніп тұр. Атап айтқанда, көлді жағалай жаяу жүретін жол бар /терренкур/ ұзындығы 5 шақырым шамасы, ол біткесін әрі жүретін тапталған сүрлеу бар. Оның ұзындығы тағы 10 шақырымдай. Осы жолдар көлге құятын бұлақтардың арнасының үстінен тақтай төселіп қойылған. Жылда сол бұлақтар сылдырлап, бұралып, ішінде бақа, балықтар секіріп ептеп ағып көлге құйы­лып жататын. Байқағаным, кем дегенде 35-40 бұлақ көлге құятын. Асықпай 5-6 күн аралап қарап шықтым. Бірде-бір бұлақта су жоқ, арналары кеуіп қалған, қамыс пен ағаш сынықтары, қоқысқа толған. Бұлақ көздері көлден кем дегенде 1-1,5 шақырымдай өрге қарай жатыр, өрлеп жету де оңай емес. Бір бұлақты бойлап жүріп көрдім, қиын іс екен. Шипажайдың басшыларына айтып көрдім, бас изеуден әрі аспады.

Менің ойым, қазір волонтерлер ұйымы бар. Оларды Президентіміз қолдап отыр. Облыс, аудан басшылары ұйымдастырып суық түскенше бұлақ тазалау деген ұран салып жастарды неге көтермеске? Көл былтырға қарағанда кем дегенде 1-1,5 метр төмендеп кеткен. Егер шара қолданбасақ, көлдердің суалып кету қаупі бар. Сондықтан осы жағдайға мемлекеттік тұрғыдан маңыз берілсе, жастарды жұмылдырсақ оңды болар еді.

Бейсембек ӘЛКЕНОВ, зейнеткер,

Астана қаласының тұрғыны




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button