Елорда тынысы

Көппәтерлі үйлер жөнделеді

Астана қаласы Сарыарқа ауданындағы инфрақұрылымның басым бөлігі өткен ғасырда салынған. Мұндағы көп үйлердің іргетасы осыдан 70-80 жыл бұрын қаланған. Сондықтан аудан аумағындағы үйді жөндеу мәселелері – тұрғындарды толғандырған басты проблеманың бірі болып отыр.

– Бұл жүйелі мәселені шешу үшін қалада «Өркен қала» бағдарламасы ашылған болатын. Бағдарлама бойынша тұрғындар мемлекеттен пайызсыз қаражат алып, айына орташа есеппен 2000 теңге төлеп, ортақ мүліктеріне толықтай жөндеу жүргізе алады, – деді аудан әкімі Жүсіп Жұмағұлов.

«Өркен қала» бағдарламасына қатыса отырып, тұрғындар өздерінің тұрғын үй кешеніне күрделі жөндеуді бөліп-бөліп жүргізе алады. Бағдарлама бойынша шатырды, қасбетті, лифттерді, кіреберісті, жертөлені, су құбырын, су бұру, жылумен жабдықтау желілерін, яғни кондоминиум объектісінің жалпыға ортақ мүлкін толықтай жаңартуға болады.

Бағдарлама бойынша мемлекет тұрғын үй кешенін жөндеуге қаражат бөледі, содан кейін аталған сома мүлік иелері арасында бөлінеді. Осылайша, тұрғындар бөліп төлеуді рәсімдейді және ол пайызсыз болады.

Мердігерді тұрғындардың өздері таңдайды және жалдайды. Ал мердігердің жұмысын қабылдауға «Өркен қала» ЖШС, Тұрғын үй инспекциясы, техникалық және авторлық қадағалау, үй кеңесі, МИБ/ЖМ/ПИК төрағасы және мердігерлік ұйым қатысады.

Бағдарламаға қатысу үшін пәтер иелері жиналыс өткізеді және қайтарымды негізде күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылдайды.

Үй қасбеті, шатыр жабыны, инженерлік желілер, кіреберіс, лифттерді тиімді жөндеу жайында толығырақ ақпарат алу үшін Республика даңғылы, 32 мекенжайға келуге немесе ­24-93-53 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Бағдарламаны іске асыру бас­талғаннан бері ауданның 46 үйінде жөндеу және 20 үйде күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары 26 үйде жүргізіліп, 83 лифт ауыстырылды. Алдағы жылы 10 үйде қасбет, шатыр жөнделеді, лифтілер, инженерлік желілер ауыстырылады.

 Баян Асылбекова

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button