Басты ақпаратРуханият

Дархан дария данагөй



Қай қызметте жүрсем де, Арқа мен Сыр, Атырау мен Алтай арасындағы қазағымыздың кемел келешегі үшін өзара бауырлық қатынасын дамытуға мүмкіндігінше атсалысуды жөн көремін. Осы аптаның аяғындағы демалыс күндері сенатор ағамыз, ұлт мәдениетінің жанашыры Алтынбек Нухұлының ұсынысымен Баянауыл баурайына сапар шегіп, рухани серпілуге мүмкіндік туды. Сапар барысында ұлы тұлға – Мәшһүр Жүсіптің кесенесіне арнайы барып, бабаның аруағына Құран бағыштадық. Бұхар жыраудан бастап талай ұлы ұлт перзенттерінің атамекені саналатын өлкені көру осы кезге дейінгі арманым еді.

Баянауылдың бабалар мұрасын құрметтеудің озық үлгісін танытқан өлке екеніне бұрын сырттай ғана қанық болсам, осы сапарымда оған анық көз жеткіздім. Сол себепті, оқырманға сапарымнан ой салар жазба қалсын деген мақсатта осы жолдарды желіге түсіруді жөн көрдім.

Айта кету қажет, атақты ақын Ғафу Қайырбеков қазақтан шыққан, Пайғамбарға теңеген Мәшһүр Жүсіп кесенесі тек Құран бағыштайтын орын ғана емес, бабамыздың құнды ғылыми мұраларынан ілім-білім үйренетін орталық ретінде жұмыс істеп тұрғаны қуантады.

Құнды дейтінім, қазақтың сан ғасырлық тағылымы мен танымын танып, тарихи жадыны кеңейтетін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларының 20 томдығы көзіме оттай басылды.

Ойшыл Мәшүр Жүсіп Көпеев­тің мұрасын баспаға дайындау алқасында группалас досым, тарихи тұлғаның шөбересі Нартай Қуандықұлының өзіндік орны бар екеніне қуандым. Ол ғалым ретінде жауапты редактор жүгін көтеріпті. Мұның өзі біздің курстастың баба мұрасын жинап, араб, парсы, шағатай тіліндегі нұсқасын аударып, оларға түсініктеме беріп, кітап етіп дайындаудағы ерен еңбегін көрсетеді деп ойлаймын. Тіпті бір адамның саналы ғұмыры кететін ауқымды еңбек, маңыз­ды жұмыс.

Хош! Кітаптың құндылығы неде? Мазмұны несімен бай? Соған кезек берейік.

Меніңше, қазақ ұлтының арғы-бергі тарихының энциклопедиялық жинағы дерсіз. Әрі сол кезде жазылған бірегей ғылыми еңбек деуге болады. Олай дейтінім, тарихи тұлға өз еңбектеріндегі дәйекті деректерге сілтеме жасап, әрі түсініктеме беріп отырған.

Қазақ ұлтының Нұх пайғамбардан негіз алатын шежірелі дәйегіне, ұлт тарихындағы кесек тұлғалар және тарихи оқиғалар жайлы мол мәліметке қанығасыз. Сондай-ақ, жағрафия, медицина, дінтану, ономастика, өлкетану, тұлғатану бағытындағы тың ақпаратты біле аласыз.

Мәшһүр Жүсіп туралы өмірбаяндық дерек 13-томның 28-бетінде берілген. Онда 1858, қой жылы Қызылтауда, ережеп айында, жұмада дүниеге келгені жазылады. Бес жасында мектепке барып, парсы тілінде Шар кітапты (иман-жүйесін түсіндіретін кітап) оқыған. Алты жаста да сол Шар кітап оқыған. Сегіз жасында Баянауылда Қамардин хазіреттің алдынан оқудан өткен. Жиырма тоғыз жасында Бұхарай – Шәріп барып, «Салт ат, сабау қамшылы» жүріп, тоғыз ай тұрып қайтқан. Отыз жеті жасында Ташкент барып, Бесағашта Әбілқасым хан иман медресесінде немересі Әкімхан төренің алдында көп оқыған.

1907 жылы Қазан қаласында Құсайыновтар баспасынан «Хал-ахуал», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» атты кітабы шықты. 1993 жылы «Қазақ шежіресі» атты еңбегі жарық көрді. 2013 жылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының таңдамалы 20 томдығы баспа көрді

Мәшһүр Жүсіп бабамызды өз заманының вундеркинді деуге толық негіз бар. Өйткені, 5 жасында парсы тілінде хат танып, ислам негіздері жөнінде білім алып, ғылым-білім жолында өз-өзін жетілдіріп отырады. Әрі оның еңбектері арқылы телегей теңіздей білім иесі болғанын білеміз. Ақынға қара сөзден өлең оңай дегендей жыр-насихаттарын қара өлеңмен кестелеп, дастан жазғандай төгіп-төгіп тастайды. Иә, өлеңдері бір-екі жолмен бітпейді, көлемді дастандар. Бірақ өлеңіндегі күллі ырғақ буынмен үндесіп жатқандықтан оқуға оңай, әрі санаға сіңімді. Сосын қазақтың нағыз тілін тану үшін Мәшһүрді оқу керек секілді. Себебі, сол кездегі қазақтың төл сөздері, дыбыстары, үндестік заңын оқып білуге болады.

Данагөй өзінің шығармаларының 1-томы 205-бетінде:

– Сырдария облысында бес жыл жүрдім,

Үш жүзге өнер шашып, үлгі бердім, – деп ел-жерді аралап, үгіт-насихат айтқанын жазады. Қазақ руханиятының жанашыры, өзі де ғалым, сенатор Алтынбек Нухұлының сөзінше, әлі Мәшһүр Жүсіптің ел аузынан жинаған мұрасы 30 томдық кітапқа арқау болады екен дегені санаға салмақ салады. Егер данагөй біздің аймақта бес жыл тұрған болса, онда біздің елдің тұлғалары мен жыр-дастандары жайлы мол ақпарат бере алады ғой!

Мәшһүр Жүсіптің ағартушылық қызметі ерек. Оны еңбектерінен оқып, білуге болады. Мәселен, 16-томының 209-бетінде «Ғылым туралы он сұраққа жауап» атты еңбегінде:

«Хауарыждың он ғалымы хазірет Ғалыға он сұрақ қойған.

  1. (Бірінші сұрағы) – Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі, ғылым – пайғамбардың мұрасы, мал – қарынның мұрасы, – деді.

  1. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі, ғылым ұстасаң, көбейеді, мал ұстасаң, азаяды.

  1. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі, ғылым иесін күзетеді, малды иесі күзетеді.

  1. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі, ғылым иесінің досы көп болады, мал иесінің дұшпаны көп болады.

  1. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі, ғылым иесі зор дәрежелі адам атанады. Мал иесі сараң, надан атанады.

  1. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі, ғылымды ешкім ұрламайды. Малды әркім ұрлай береді.

  1. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі, ғылым иесі қияметте әркімге шапағат қылады, мал иесі қия­метте қасапта (қисапта) болады.

  1. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі, ғылым көп тұрса, өзгермейді, мал көп тұра алмайды.

  1. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі, ғылым иесінің жүрегін нұрландыра береді, мал кірлендіре береді.

  1. Иа, Ғалы, ғылым артық па, мал артық па?

– Ғылым артық. Себебі, ғылым иесінің тағат, ғибадаты көп болады, мал иесінің күнә, сұмдығы көп болады.

Сонда Хауарыждың он ғалымы айтты:

– Біз бір-ақ түрлі сұрақ қойдық. Сен әр түрлі жауап бердің. Мұның себебі не? – депті.

Сонда Ғалы айтыпты:

– Сендер бірыңғай жалғанды сұрағандарың үшін мен екі дүниеге бірдей жауап айттым. Қай ұнағанын өздері таңдап алсын! деп ойладым, – депті.

Ғалымның бұл насихаты – тұнып тұрған тағылымды ғибрат. Біздің озық елдер көшінде өз орнымызды табу үшін адами капиталды дамыту керек деген қағидамызды жан-жақты әрі салыстырмалы түрде түсіндіріп береді. Жай емес, екі дүниенің жемісі мен жеңісін ұтымды келтірген.

Бір таңғалғаным, Мәшһүр Жүсіптің тарихи жадысы адамзаттың қайнар бастауымен ұштасып жатыр. Мына дерекке қараңыз­шы, өзі өмір сүрген уақытпен санағанда, Адам ғалайссалам өткеніне 6163 жыл болғанын жазады.

«Хауа Ананы Адам атаның 20 жасында сол қабырғасынан жаратты. Адамға Хауаны Жебірейіл қосып, некахлап. Неке содан қалды. Атамыз Адам мың жыл жасапты. Қарпат тауына қойыл­ды. Жеті жылдан соң анамыз Хауа опат болды, Житдаға қойыл­ды. Ыдырыс нәби 400 жыл тұрды, қазір ұжмақта. Ыдырыс ұлы – Мұтшалық, оның ұлы – Ламақ, оның ұлы – Нұх пайғамбар. Нұхтан: Хам, Сам, Жаппас еді. Топан судан аман қалғаны Нұхтың бір баласы – Жаппас, мұның балалары: Түркі, Хазар, Аруш, Шамдат, Иран, Тайран еді. Түркіден – Түтік, мұнан – Бақухан, мұнан Кішікхан, мұнан – Кінісхан, мұнан – Алшын хан… Қарахан, мұнан – Өзіхан. Өзіхан заманында кітап, не пайғамбар жоқ екен. Іштей туа Әлхам болып, «Алла!» деп туды. Өзіханның алты баласынан 24 немересі болды. Содан бері кім өтіп, кім қалғаны белгісіз. …Қазақтан туған: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Ақарыстан – Ұлы жүзді, Жанарыстан – Орта жүзді, Бекарыстан – Кіші жүзді тарқатады» (16-том, 317-320-бет). Әрі қазақ руларының шежіресін тарқатады.

Бұдан бөлек, ұлы дала елінде салтанат құрған хан-сұлтандар, батырлар, би-шешендер туралы және олардың қатысуымен болған аңыз-әңгімелер жөнінде оқуға болады. Жер-су, өзен-көлдер, тау-төбелердің ландшафтысы, мезгілдер мен көктем-жаз айы­ның күз-қыс айларына әсері турасында да мағлұмат мол. Әрине, Мәшһүр Жүсіптен әркім өзіне қажетін алады. Сондай деректер адам анатомиясы жөнінде. Оқып қызығасыз, таңғаласыз.

14-томның 172-173-бетінде мынандай қызықты деректер кездеседі: «Ауыздан ішіліп, тамақтан жұтылған ас салған бойымен құрсаққа барады. Құрсақта да машиналар бар қайнатып, қорытып, тортасын шек бойында жіберіп, төмен жақтан жүрек азлық нәрсе қылып шығарып, қаймағын сүзіп алып қалады. Мұның тазалап алып,  қалғанын бауыр өзіне қарай тартып алып, бояу жасаған да қан түсіне айналдырады. Мұның бұлғанышты қаралтымын талақ өзіне қарай тартып алып, қара құрым жасайды, сарғылтымын өт өзіне қарай тартып алып, зерде жасайды, ақшылын өкпе өзіне қарай тартып алып, қақырық жасайды.

Енді қанда судан басқа нәрсе қалған жоқ, ол суды бүйрек өзіне қарай тартып алып, жарамсыз сідік қылып қуыққа жібереді. Қанның арамы кетті де, бауыр­да адалы, тазасы қалады. Бұл таза қанды бауыр әр мүшеге үлестіріп етке ет, майға май, сүйекке сүйек қосады. Тамыр тамырларға тарап кеткендердің дәнін маңызды іске жарайтұғынын тамырларда болған машиналар қорытып сүзіп алып, еркекте асыл қазына екі жұмалық, олар өзіне қарай тартып алып, бала болатұғын суды жасайды, әйелдің екі емшегі өзіне қарай тартып алып, бала болатұғын суды, оған қорек болатұғын сүтті жасайды.

Бір денеде екі жан болмақшы емес, бір-ақ жан. Миға барғаны ақыл атанды, бауырға барғаны қан аталды, жүректің өзінде тұрып қалғаны көңіл аталды. Ақыл, сезім, қайрат, жігер көңілдің жұмысы…

Бірі еркек, бірі ұрғашы сүйіскендігінен екі су бірігіп, қырық күн жас төлдің ұйып қалған сорпасындай болып тұрды. Қырық күннен кейін қан түсіне айналып, қан болып қырық күн тұрды. Қырық күннен кейін былқылдаған кесек ет болып, қырық күн тұрды. Жүз жиырма күннен соң сүйек, сіңір, тамыр, ет, май бірте-бірте біліне бастады. Төрт айдың жүзі түгел болғанда, мүше пішін тәмам болып жанды болуға айнала бастады.

Адамның денесінде төрт түрлі тамыр бар: қызыл тамыр, қара тамыр, ақ тамыр, өңі, түсі жоқ сезім тамыр. Қызыл тамыр – таза қызыл қанның жолы. Қара тамыр – бұзылған қанның жолы. Ақ тамыр мидан басталып жолын тұта қол-аяқтарға шейін аралайды. Жүрек миға бұйрық түсіріп, ми өзге денеге бұйрық түсіріп,  ақ тамыр хабар қатынастырып тұратұғын жол…».

13-томның 3-бетінде «Адам тәні туралы» тарқатып, «адамның тәні: ет, сүйек, қан кебелерден кебегіне жиналмақ көрінсе де, оның тәнінде: темір, көмір, тұз, фосфор, май бар дүр. Орташа ғана бір кісінің тәнінде – қара тақта, яки үш жүз алпыс қарандаш жасарлық көмір бар еді. Қағаға жетерлік қадақ жасарлық темір бар, екі жүз мың шырпы жасарлық фосфор бар, 600 дана шам қоярлық жиырма қасық тұз бар» дейді. Осы томның 16-бетінде: «Жерде өзендер болса, денеңде үш жүз алпыс қан тамыры бар. Жерде ащы, тұщы бұлақтар болған болса, денеңде: құлақта – құлық ащы, көзде – жас тұзлы, мұрында – сіңбірліклер батпақ. Ауызда тілдің түбінен шығатұғын су тәтті. Құлақта – құлық ащы болғаны: «Ұйықтап жатқанда, қыбырлаған, жыбырлаған бір нәрсе құлаққа кірмекші болса, ащылығынан жиреніп, қайтып шығып кетсін!» дегені. Көздің суы тұзды болғаны – көздің айналасы май. Тұз – майдың қатығы. Мұрын суы жарамсыз шіркін болғаны – жақсы иістің ләззатын білсін! – деп. Тіл суының тәтті болғаны – әр жеген тамақты сүйкімді, ләззатлы қылу үшін…» дейді.

Міне, Мәшһүр Жүсіптің тереңдігі осында. Қазақ даласында әлі медицина дамымаған заманда адамның ішкі жан-дүниесі мен оның қызметін білген.

Тереңдік пе, тереңдік. Данагөйлік пе, данагөйлік. Білімдарлық па, білімдарлық. Бұдан басқа не айта аламыз?

Мәшһүрдің даналығы, даралығы оның әулиелігінде, адамдарды танып, білуінде. 13-томның 24-бетінде: «Өз көзім көргенде, өз тұсында Шорман баласы Мұсадан жорға озған жоқ. Осы күнгі жастарда Қаныш Сәтбаев – адамның жорғасы. Тірі болса, тірі жүрсе, бақты, талайлы болатұғын жігіт» деп, Қаныш Сәтбаевтың келешегінен үлкен үміт күтеді.

Расында, Бұқар жырау, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп басқан топырақтан түлеген Қаныш Имантайұлы қазақтың атын әлемге әйгіледі, қазақ ғылымының дамуына, қазақ ғалымдарының шоғыры қалыптасуына, елдің еңсе тіктеуіне зор үлес қосты. Сәтбаевтың қазақ елінің экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуына сіңірген ұшан-теңіз еңбегін іргелі ізденістерімен жаңғыртып жүрген, ұлы тұлғаның Астана төрінде еңселі ескерткішін қоюға айрықша атсалысқан Алтынбек Нухұлының Баянауылдың әр тасы мен сынық сүйем жерінің тарихына дейін қалдырмай жете білетін қасиеті де құрметтеуге әбден лайық. Туған жерін ерекше сүйетін нағыз ұлан осындай болса керек.

Сөз соңында қысқа баяндауымыздың басына қайта келер болсақ, жалпы, ойшыл, этнограф, тарихшы, философ, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп еңбектеріндегі аңыз-әпсаналар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар мен жұмбақтардың мән-мағынасын зерделеу арқылы зерде мен пайым-парасатты кеңейтіп, білім толыстыра түсесіз.

Бұл – Мәшһүрді талмай, ерінбей оқи беру, оқи беру керек деген сөз.

Ал, Мәшһүр Жүсіптей терең, тағылымды тұлғаны насихаттап жүрген барша ғалымға алғыс айтамын! Өйткені оны тану арқылы қазақты, қазақтың тарихын тануға болады.

Руслан РҮСТЕМОВ,

Парламент Сенатының депутаты




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button